Айыл

25 Тамыз 2014, 10:29

Айыл – ер-тоқым, ершік, ашамай, ыңыршақ тәрізді әбзелдер малдың қыр арқасынан ауып кетпес үшін бауырын орай тартатын, жалпақтығы екі-үш елідей таспа пішінді әбзел.

Айыл – ер-тоқым, ершік, ашамай, ыңыршақ тәрізді әбзелдер малдың қыр арқасынан ауып кетпес үшін бауырын орай тартатын, жалпақтығы екі-үш елідей таспа пішінді әбзел.

Айыл. Суретін салған Ж.Шәйкен 

Ат ерінің айылы ердің қапталының қамшылар (теріс) жағына тағылады да, екінші аттанар жақ қапталындағы жырымға өткізіледі. Жасалған затының тегіне немесе істеу әдісіне қарай: қайыс айыл, құр айыл, өрме айыл, таспа айыл деп бөлінеді. Айыл көбінесе қайыс таспадан жалпақтап тілініп, қабатталып жасалады. Егер қайыс таспадан тілініп өріліп жасалса өрме Айыл, жіптен жасалса құр айыл атайды. Арасына қайыс салып ызбалап жасалған ызбалы айыл деген түрі де болады. Әлбетте, айылдың кең тараған өлшемі ұз. 155-165 см-дей, ені 6-8 см-дей болады. Айылдың бір ұшы айылбасқа бекітіледі де, екінші ұшы ердің қапталына бекітіледі. Айылды қызметі мен орналасуына қарай бөледі. Аттың төсінен көлденең орап тартылса, төс айыл, ал, шабын орай тартылса, шап айыл деген түрге бөледі. Айыл екі бөліктен: қысқа келген таспадан өрілген жырым мен аттың құрсағын қаптай орауға жететін айылбас киілген айыл деген екі бөліктен тұрады және ол екеуі ердің екі қапталына бекітіледі. Шап айыл төс айылға қарағанда ұзындау болады. Әлбетте, жайшылықта атқа осы екі айыл ғана тартылады.

Жырымды айылдың айылбас ұласқан жеріне қайыс таспадан тұйықтап екі қабаттап алақан деп аталатын бөлігін салып, ортасын тіліп айылбастың тілін шығарады. Оны қайыс таспамен қабаттап тігіп бекітеді.

Жырым тартпа алақанының бір басына бекітіледі, немесе екі басына да тоға бекітіліп, бір жақ тоғаға қайыс бау тағылады. Ат төсі мен шабын орап тұратын бөлігі айыл алақанының бір басына айылбас бекітіледі, екінші басына жырым киіледі. Ат денесін қажамау үшін алақан жұмсақ қайыстан немесе оған қабатталып жұмсақ материал ызылып салынады. Тартқанда бұралып қалмауын байқау керек.

«Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, Ағайынның қадірін жақыны білмес, жат білер» дейтін пареманың (мақалдың) мәні көп ретте болмыстағы ауыртпалықтарды меңзегенмен, онтологиялық тұрғыдан дұрыс салынбаған айылдың атқа өте ауыр тиетіндігінен бастау алады. Өмілдірік пен құйысқанның қызметімен қатар, қазақ өрге, қайқаңға қарай (тауға) шыққан кезде аттың төс айылын қаттылау етіп тартса, еңіске түсерде, керісінше, шап айылын тартыңқырайды. Осылай берік тартса ат шаршамайды, әрі аттың арқасы «кетпейді». Ал, ойлы, қиялы жерлер мен жорық пен жұмыс аттарына осы екеуінің ортасына қосымша үшінші айыл – тартпа айыл тартылады. Ол бөлінбеген біртұтас, ердің қапталына бекітілмейді. Айылдың екі ұшында да тоға / доғабас салынған түрі. Тартпа айылда жырымы болмайды, әлбетте, ат көрпешенің үстін бастыра тартылады. Тартпа айылдың тоғасына үзбеленіп қайыстан немесе былғарыдан ызылған көрпе бастырық бекітіледі. Ол ат көрпенің үстін басып тұратындықтан осылай аталады.

Түйеге міну, жүк артуға салынған ауыт, жозы, ашамайдың бекіту, қомдауға қолданылатын әбзелді де айыл атайды. Түйе әбзелі АЙЫЛ артқасына бекітілген құралды төсінен, қарына тұсынан орай тартып, екінші жағынан байлап тартып тастайтын төс айыл, шап айыл деген екі бөліктен тұрады және оны көбіне бостау иірілген түйе, қой жүнін араластырып иірілген 3-4 қатар етіп ызылған (уық, кереге таңғышқа ұқсас) жалпақ бау тәрізді етіп дайындайды.

Әдеб.: Мұқанов С. Халық мұрасы. Тарихи-этнографиялық шолу. Таңдамалы шығармалар. ХV том. Алматы: Жазушы, 1979; Арғынбаев Х. Қазақ халқының қолөнері. Алматы: Өнер, 1987; Бабалықұлы Ж. Ер- тоқым // Ер қанаты. Алматы: Қайнар, 1987; Жақыпов Ә. Түйе өсірушінің түсіндірме сөздігі. Алматы: Қайнар, 1989; Нығымет М. Қазақтың ұлттық қолөнері. Өлгий, 1989; Нұрғалиұлы Н., Еженбекұлы Е. Ат әбзелдері. Ер // Ата салтыңды аялайыл Құраст. Н.Ақбаев. Алматы: Ана тілі, 1998; Шоқпарұлы Д., Дәркембайұлы Д. Қазақ қолөнері. Алматы: Алматыкітап, 2007.

 

 «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: