25 Тамыз 2014, 10:45
Айыл-тұрман – түрлі материалдан жасалған, ердің ағаш қаңқасына бекітілген қайыстан жасалған құрамдас бөліктері. Қазақта А.-т.-ға, айтып тұрғандай айыл түрлері және қанжыға, бүлдірге, үзеңгі бау (таралғы) жатады. Дәстүрлі ортада кең таралған дәстүрлі түрі қайыстан жасалған өрмелі А.-т.; тері, берік мата, кендір материалдан ызып жасалған ызбалы А.-т., жиектен тоқылған құр А.-т., жұқа қайысқа беріктеу мата материалды қабаттап араластырып ызылған қайыс-ызбалы А.-т.; қымбатқа түсетін былғары А.-т. деген түрге де жіктелінеді. Ал, қазіргі кезде жұмыста жиірек қолданылып жүрген А.-т.- ның жасалуы жолы мен негізгі материалына қарай шартты түрде өрмелі, түймелі және ызбалы А.-т. деп бөледі. Түймелі А.-т. тілінген таспадан жалаң қабат, кейде қос қабаттап та жасалады. Өрмелі, түймелі түрлерінде А.-т. барлық детальдары, атап айтсақ, қанжыға, айыл, бүлдірге, үзеңгібау (тартпа) барлығы қайыстан жасалады.
Ал басқа түрлерінде қанжыға мен үзеңгібау міндетті түрде қайыстан жасалғанымен, айыл мен шылбырдың жіп, жүн материалдан жасалуына байланысты құр А.-т., ызбалы А.-т. деп аталу қалыптасқан.
А.-т-ның жасалуы жолдары мен материалына және сапасына қарай төмендегідей түрлерге бөлінеді:
а) Былғары А.-т. – арнайы тапсырыс бойынша табиғи былғары мен жұмсақ иленген қайысты қабаттап тігіп, әсемдік үшін күміс шытыра немесе күміс құйма қағылып жасалған аса қымбат түрі. Ертеде ондай тұрманшыларды дәулетті адамдар ауылына шақырып әкеліп, айлап-апталап жатып жасатқан және шеберге қомақты ақы төлеген. Үсті табиғи былғары, асты жұмсақ иленген қайыс. А.-т.-ның әрбір бөлшегі үлгіге сай, керегінше тіліп дайындалған соң былғары мен қайысты екі қабаттап ширатылған тарамыспен қайып тігеді. Бұл көбіне сән-салтанатқа, мырзалыққа тән болғандықтан, оған кейде күміс құймалар, күміс шытырлар қағылады. Оның айылбас, үзбе, таралғы, үзеңгі темірлері де күмістеледі.
ә) Өрмелі А.-т.-ды дәстүрлі ортада көп адамдар иленген теріден дайындап алады. Бұл өруге арнап иленген теріні үш таспадан бастап 12 таспаға шейін тіліп өреді. Кейде онан да көп таспалардың қарбысуымен өрілетін сияқты. Өрімшілердің шеберлігімен астылы, үстілі, оң, теріс болып шығатын өрімдерге көз, тесік, ойық, қыр, жал, шыбық, сызық, өзек, сай шығарылып өріледі. Өрілген бұйымдар әртүрлі аталады. Өру бабында иленген, мүлтіксіз тілініп, сыдырылған таспаларды өргенде, кейбір бөлігіне таспадан шашақ, шоқ, салпыншақ, айылбас тілі өтетін жерлеріне көз қалдырып өріледі.
б) Түймелі А.-т. Бұл иленген соғымдық терілер талқыға салынып жұмсартып, сай таспа тіледі де, жалаң қабат, немесе қос қабат етіп түйеді. Түюшілердің айтуына қарағанда, түюдің тәсілі үш түрге бөлінеді: бірі – қайысты өзіне-өзін байлап түю әдісі. Бұл өз ішінен байлаудың, шалудың, ілудің әдісіне қарай бес-алты түрге жіктеледі. Екінші – қайысты өзіне-өзін өткермелеу. Ол да бірнеше жікке бөлінеді. Үшінші – әдіс, қоспаларды басқа таспаның көмегімен шалып өткермелеу. Басқа қайыс, басқа таспаның көмегімен түюдің түрі тіпті көп. Қайысты өзіне-өзі түйгенде, өзіне-өзін өткермелегенде, сәндік, әдемілік үшін қажетті жерлеріне шашақ, салпыншақ қалдырып отыратын түрлері де болады. Түйген тұрманға айылбас аз жұмсалады, үзбе мүлде салынбайды. Түйілген тұрман – көркем, әрі қолдануға қолайлы, әрі берік. Ол ертеде қазақтар арасында нарқы арзан, көпшілік қолды әбзелге саналған.
в) Құр А.-т. – түйе шудасы, қойдың күзем жүні, жылқының күзелген жал-құйырығын, ешкі қылы тәрізді материалдардан есіліп, берік етіп иірілген тіндерді қатарластырып қойып алып, бір-біріне жуан шуда жіппен көктеп тігіп, жалпақтығы 2-3 елі құр деп аталатын таспа түрінде жасалады. Әуелі, жүнді түтіп, шүйкелеп, қыл араластырып есіп алады да, шидей етіп оңға-солға ширатылған жіптерді тартып ұстап (арқан тарту сияқты) қосып ширатады. Тартылған кезде жіптердің жүгінбеуі, бірдей ершімделуі керек. Кейде жүн талшықтарының табиғи өңін пайдалана отырып, ерсілі-қарсылы құстаңдайлап жасайды, ақ пен қарадан кіріктірген ала құр ғұрыптық бұйым ретінде малды түрлі пәле-жаладан, жыланнан, итқұстан, ұрыдан сақтайды деп сенген. Әсіресе, малға улы жылан мен бүйі дарытпайды деп ырымдайды.
г) Ызбалы А.-т. кейінгі кездері шаруашылық-мәдени өмірдің қалыпты ырғағы бұзылып, қожыраған тұста пайда болған, арзанқол түрге саналады. Онымен үй арасындағы ұсақ шаруашылық пен бала-шағалардың аттарын лекерлеуге лайық деп санаған. Әсіресе, сауда-саттықпен келген өндірістік жолмен кендір, зығыр тәрізді техникалық өсімдіктерден дайындалған таспа бауларға, аздап сапасыз жұқа қайыс, кейде қатты материалдың ішкі бетіне жұмсартып, түйе мен қой жүнін қабаттап салып, ызып, тігіп берік ету жолымен ұқсатқан. Дәстүрге жат мұндай жолмен жасалған А.-т. тұтынған ер азамат қазақы ортада күлкі мен келемежге ұшыраған.
Әдеб.: Арғынбаев Х.А. Қазақтың ер-тұрман жабдықтары // Казахстан в ХV-ХVІІІ вв.: Вопросы социально-политической истории. Алма-Ата: Наука, 1969; Нұрғалиұлы Н., Еженбекұлы Е. Ат әбзелдері. Ер // Ата салтыңды аяла. Құраст. Н.Ақбаев. Алматы: Ана тілі, 1998.
«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»