Айя-София мешітінде жер сілкінісіне байланысты жөндеу жүргізіліп жатыр

Кеше, 15:10 572

Ыстанбұлдағы адамзат өркениетінің ұлы мұраларының бірі – Айя-София мешітіне кешенді қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Соңғы үш жылда біртіндеп жүргізілген жұмыстардың аясында енді әлемге әйгілі ғимараттың жүрегі – салтанатты күмбезіне ерекше назар аударылуда. Бұл құрылымға жүргізілетін жұмыстар күмбездің тарихи бейнесін сақтай отырып, оны заманауи қауіпсіздік талаптарына сай күшейтуді көздейді.

Күмбездің сыртқы бөлігіндегі қорғасын жамылғыларды жаңарту, қажет болған жағдайда оларды заманауи материалдармен алмастыру арқылы жер сілкіністеріне төзімділігі артады. Бұл жұмыстар ішкі мозаикалық әшекейлерге зиян келтірмеу үшін тек сыртқы жағынан атқарылады. Қалпына келтіру үдерісі барысында арнайы болат құрылымдар мен қорғаныс материалдары арқылы күмбез уақытша жабылады.

© Pexels

43,5 метр биіктікте орнатылатын болат платформа мен 41 метрлік мұнаралы кран – жоба аясындағы ең маңызды құрылғылардың бірі. Бұл заманауи техникалар қалпына келтіру жұмысын қауіпсіз жүргізуге және діни рәсімдердің үзіліссіз атқарылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Күмбез бен мозаикаларға қатысты жұмыстар аяқталғаннан кейін, барлық уақытша құрылымдар алынып тасталады.

Жобаның аясында бұған дейін Сұлтан ІІІ Мехмет, ІІ Селим және ІІІ Мұрадтың кесенелері, Сыбян мектебі мен Муаккитхане сынды тарихи нысандар қайта қалпына келтірілді. Сонымен қатар, ұзақ уақыт бойы жабық тұрған галерея қабаты жөнделіп, келушілерге қайта есігін ашты.

© Pexels

Айя-София кешені толықтай 3D форматта сандық базаға енгізіліп, оның «цифрлық егізі» жасалды. Бұл – болашақ ұрпақ үшін ғимараттың тарихи қалпын сақтап қалуға бағытталған маңызды қадам.

Айя-София – түрлі империялар дәуірін бастан кешкен, 1500 жылдық тарихы бар архитектуралық жауһар. Христиан базиликасынан бастап Осман мешітіне дейінгі жолынан сыр шертетін бұл құрылым – ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген әлемдік маңыздағы ескерткіш.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: