Аюсай шатқалында Құрманғазы оркестрінің ашық концерті өтті

22 Тамыз 2022, 16:38 1384

Музыканттар ұжымы Аюсай визит-орталығына іргелес аумақта толық құрамда ойнады

Аюсай шатқалында Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің ашық концерті өтті, деп хабарлайды El.kz «QazaqGeography»-ге сілтеме жасап.

Шатқалға келген 500-ден астам көрермендер мен тыңдаушылар үшін еркін кіріп-шығу ұйымдастырылды, сондай-ақ Үлкен Алматы шатқалына бұрылудан бастап Аюсай визит-орталығына дейін және кері қайтатын тегін автобустар жүріп тұрды.

Концертті QazaqGeography РҚБ және ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Іле-Алатау ұлттық паркінің қолдауымен Аюсай визит-орталығы ұйымдастырды.

Құрманғазы атындағы оркестрдің ғасырлық тарихы бар, оның репертуарлық қорында 3500-ден астам туынды бар. 81 талантты музыканттардан тұратын оркестр ұжымы жас дирижер Абылай Тілепбергеннің жетекшілігімен еңбек етіп, қазіргі уақытта әлемнің 80-ге жуық елін аралап шықты.

«Біз ұйымдастырушылардың қазақ композиторларының сүйікті шығармаларын біздің тау баурайымызда тікелей орындау туралы ұсынысына еш ойланбастан келістік. Бұл музыка керемет табиғатымызбен тамаша үйлеседі», - деді концерт басталар алдында оркестрдің дирижері Абылай Тлепберген. 

Оркестр Құрманғазы, Дәулеткерей, Шәмші Қалдаяқов, Жорж Бизе, Арам Хачатурян және т.б. көрнекті қазақстандық және шетелдік композиторлардың шығармаларын орындады. Сондай-ақ, Құрманғазы оркестрі көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Концерт соңында музыканттар Нұрғиса Тілендиевтің атақты «Махамбет» туындысын белгілі қоғам қайраткер Батыр Қазыбаевты еске алуға арнады.

«Біз бұл концертті Іле-Алатау ұлттық паркіне арнауды жөн көрдік. Іле-Алатау ұлттық паркі-біздің тауларымыз бен парк қызметкерлеріміздің керемет сұлулығы, олар осы сұлулықты біз және балаларымыз бен немерелеріміз үшін сақтайды, - деп атап өтті визит-орталықтың басқарушы директоры Сәуле Мусина.

Бөлісу: