25 Тамыз 2014, 09:19
Айтыс – қазақтың ауыз әдебиеті тарихында өте ертеден келе жатқан өнер, ауыз әдебиетінің жанр түрі. Сонымен бірге, А. әлеуметтік және эстетикалық аса мәнді институт деуге де болады. Себебі, А. эстетикалық болмысынан басқа қоғамдағы өзекті мәселелерді шешудің де айырықша тиімді тәсілдерінің бірі болды. А.-тың қай уақытта шыққандығы белгісіз.
Бізге жеткен А.-тың «жар- жар», «бәдік» сынды көне түрлері сонау ерте замандардан бастау алып, ауыздан ауызға тарап, ел қазынасына айналғандығы белгілі. Ауызша А. өнері тек ХІХ ғ.-да ғана хатқа түсіріліп, жазылып алынған. Оны Біржан мен Сара айтысы, Ұлбике мен Күдері т.б. көптеген ақындар А.-ының хатқа түсірілген нұсқаларынан көруге болады. А. өнерінде ақындардың жаттанды өлең жолдарынан гөрі, бір-біріне сұрақ-жауап беріп, өз жанынан суырып салатындығы, шешендік өнері, білімі қатты сынға алынады. А.-қа түскен ақындар ру-рудың, ауыл-ауылдың атынан түскенімен, шешендік өнері, білімі, сонымен қатар сөз саптауы жағынан қайсы ақын басымырақ болса, соған мейлінше көбірек қошемет көрсетіледі.
А. – фольклор, ауыз әдебиеті, ақындар шығармашылығымен терең байланысып тұрған ерекше синкретті жанр. Мұнда театрлық әрі драмалық өнердің басы қосылған, сондықтан А.-ты фольклорлық театр, немесе фольклордың драмалық жанры десе де болады. А. түркі тектес халықтардың барлығында бар, әдетте олардың көбінде топтық түрде айтылатын әдет-салт А.-ы деңгейінде қалған, ал қазақ, қырғыз, әзірбайжан, түрікте екі әріптес бірін-бірі жеңуді мақсат ететін суырыпсалма ақындар А.-ы дәрежесіне жетіп, кемелдене дамып, ХХІ ғ.-ға жеткен өміршең өнер. Алайда, дәстүрлі ортада А. далалық театрлық болмысымен қатар, ұрпақаралық- этникалық байланысты қамтамасыз ететін және қоғамдық мәселелерді реттейтін іргелі институттардың бірі бол- са, қазіргі кездегі А.-ты ахуалдық эстетикалық мәнді «сахналық қойылымға» айналды деуге болады.
Айтыс. Суретші Е.Оспанұлы
Қазақстан ақындары. Суретші Т.Әбуов.
ҚР МОМ қорынан (КП 25616)
М.Әуезов: «Айтыстың бірінші түрі әдет-салт айтысы. Бұл көпшілік болып, топ-топқа бөлініп айтысу. Екіншісі ақындар айтысы болады. Халық ақындарының жіктеуі бойынша, ақындар айтысының барлық тобы, сыртқы көлеміне қарай, түр ерекшелігіне қарай, екі жікке бөлінеді. Бұның біріншісі түре айтыс, екіншісі сүре айтыс. Түре айтыс бір-бір ауыз өлеңмен қысқа, шапшаң жауаптасып отыратын, көбінше, ақындармен қатар, жалпы көпшілік қолданатын, жалпылық түр. Сүре айтыс тек суырыпсалма, өлеңге әбден төселген, ысылған нағыз ақындардың әр кезекте ұзақ сөйлеп, көп жыр төгіп, көсіле жырлайтын түрі болады», – деп жазды.