Айтуар Оспанов: «Мәңгілік ел» ескерткіші – Елордамыздың тірегі

11 Қазан 2016, 11:15

Салтанат қақпасы

Көптен аңсаған Тәуелсіздігіне қол жеткізгелі еліміздің тынысы күрт өзгерген болатын. Күнделікті өмірдің барысы ауысып қана қоймай, қазақстандық қалалардың сәулеттік келбетінің ажары да ашыла түскендей. Егемендіктің 25-жылдығы ішінде жаңа, бір-біріне ұқсамайтын сансыз ғимараттар тұрғызылып қана қоймай, пайда болған бірегей ескерткіштердің де нақты есебін айту қиын. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы қарсаңында Орталық аймақ бойынша ҚР Архитекторлар одағының вице-президенті, Құрметті архитектор Айтуар Оспанов егемен Қазақстанның символына айналған архитектуралық жәдігерлердің бірі болып табылатын «Мәңгілік Ел» ескерткіші туралы пікірін білдірді.

 

Халық арасында «Салтанат қақпасы» ретінде кеңінен танымал «Мәңгілік ел» ескерткішінің ресми ашылуы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі 20-шы мерейтойының қарсаңында 2011 жылғы 16 желтоқсанда Астанада өтті. Бүгінгі таңда бұл архитектуралық құрылым елордамыздың басты көрікті жерлерінің біріне айналды.

«Жалпы, Салтанат қақпасы – көркем безендірілген үлкен қақпа түрінде салынатын архитектуралық ескерткіштердің бір түрі. Салтанатты қақпаларды жеңімпаздардың құрметіне немесе белгілі бір маңызды жағдайларға орайластырылып, қалаға кірер жерде, көше соңында, көпірлерде, не болмаса үлкен жолдардың үстінде салады. Алғаш рет бұндай қақпа Ежелгі Римде жеңімпазды салтанатты түрде қарсы алу рәсімі үшін салынса, қазіргі уақытта бұл құрылымды Еуропаның туристтер ең көп баратын көрікті қалалары – Париж, Мәскеу, Барселона, Берлинде көруге болады. Бүгінгі таңда «Мәңгілік ел» ескерткіші Астананың қалақұраушы тірегіне айналды», – деді Айтуар Оспанов.

Архитектуралық тұрғыдан алғанда, астаналық Салтанат қақпасын орындаудың символикалық мәні зор. Қақпаның биіктігі – 20 метр – Тәуелсіздік 20-жылдығының символы. Қақпаның әр жағында өзіне тән ерекшеліктер бар. Олар адамның қай жерден, яғни әуежайдан қалаға кірер жерде немесе, керісінше, қаладан шығып келе жатқанына байланысты әр түрлі болып көрінеді.

Ескерткіштің толық архитектуралық келбеті ұлттық тарихымыз бен қазақ халқының дәстүрлері туралы баяндайды. Бұл жерде халқымыз ежелден құрметтеп келе жатқан қасиеттер – даналық ақсақал келпінде, ал Отанға деген сүйіспеншілік Әйел-Ана образында жасалса, батылдық ортағасырлық батыр және заманауи жауынгер түрінде сомдалды. Салтанат қақпасының архитектуралық құрылымында бай ұлттық мәдениетіміздің символы ретінде ұлттық оюлар мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде орнатылған тайқазанның көшірмелері де орын тапты. Түркітілдес халықтар үшін «тайқазан» бірлік, қонақжайлық пен молшылықты сипаттайтын терең мағынаға ие екендігі баршамызға мәлім.

«Мен аталмыш жоба авторларының бірі Сағындық Ысмайылұлы Жамболатовтың шығармашылығымен жақсы таныспын. Ол жобаларын ұлттық сәулет стилінде жүзеге асырады. Оның жұмыстары, соның ішінде Бейбарыс Сұлтан мешітін қалпына келтіру жобасы, Қазақстан археология музейі, халықтың ілтипатына ие болып қанай қоймай, халықаралық жүлделер, Гран-при, дипломдармен марапатталды», – деп сөзін жалғастырды Айтуар Кенжеғараұлы.

«Сағындық Жамболатовпен Астананың Жеңіс даңғылында орналасқан бұрынғы музыкалық училищенің ғимаратын Музыкалық академияға қайта келтіру жобасында қоян-қолтық жұмыс істеген болатынбыз. Қазіргі уақытта ол Қазақ ұлттық өнер университетінің Орган залы. Сонымен қатар елордамыздың «Нұр-Астана» және «Әзірет Сұлтан» мешіттерінің интерьерін жасау бойынша жобаларды да бірлесе жүзеге асырғанбыз. Бұл жұмыс қиын болғанымен, бірақ уақыт көрсеткендей, өте табысты болып шықты», – деп сөзін аяқтады архитектор. 

Бөлісу: