«Айсұлу» хоккей клубы Еуропа әйелдер лигасының финалына шықты

Кеше, 19:40 288

Алматының «Айсұлу» хоккейшілері Еуропаның әйелдер хоккей лигасының (EWHL) биылғы маусымының финалистері атанды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазақстандық команда жартылай финалдың екінші матчында Оңтүстік Тирольдің «EVB Eagles» командасынан 2:4 есебімен жеңілгеніне қарамастан, алғашқы ойында 3:0 есебімен басым түсіп, екі матчтың жалпы нәтижесі бойынша (5:4) турнирдің финалына жолдама алды.

Алматылық клуб алтын медаль үшін финалда Австрияның Санкт-Пельтен қаласынан барған «Sabres» командасымен кездеседі.

Алғашқы матч 21 наурызда, ал қарымта ойын 23 наурызда өтеді. Қарсылас команда жартылай финалда чемпионаттың турнирлік кестесінде көш бастап тұрған Словакияның ПСРЗ (Братислава) командасын жарыстан шығарған болатын.

«Айсұлу» клубының сапында Қазақстан құрамасының сегіз ойыншысы бар. Олар ақпан айында Харбинде өткен қысқы Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алған спортшылар: Аида Олжабаева, Анна Пяткова, Мадина Тұрсынова, Малика Алдабергенова, Пернеш Әшімова, Алина Иванченко, Татьяна Королева және Лариса Свиридова.

Асқар Таудай
Бөлісу: