Қайрат Нұртас бұрын-соңды болмаған шоу жасады

17 Қазан 2014, 05:24

Халықтың ерке әншісі Қайрат Нұртас 14 қазан күні астаналықтарға 3D форматында шоу концерт берді.

 

Халықтың ерке әншісі Қайрат Нұртас 14 қазан күні астаналықтарға 3D форматында шоу концерт берді. Онда Қайраттың «Алматы түні», «Сұранамын», «Ол сен емес», «Ауырмайды жүрек», «Мейлі», «Өкініш» сынды және т.б. көпшіліктің сүйіп тыңдайтын әндері орындалды.

Қайрат Бибігүл Төлегенованың "Тақиялы періште" фильмінде орындаған "Ана туралы" жырын әндетті, сол кезде сахнада қазақ эстрадасының нәзік жанды жарқын жұлдыздарының суреттерінен слайд көрсетілді. Олардың арасында, Қайраттың анасы әрі продюссері Гүлзира ханым да болды. 

Кеш қонағы ретінде келген «Нұрмұқасан» дуэті Қайратпен бірге ән шырқап, көрерменнің қошеметіне ие болды.

Одан соң жаңа құрамдағы «Кешью» тобы шығып, сахна сәнін келтірді.

Кеште сондай-ақ, Беркут, Жанар Дұғалова және Сиви Махмуди сынды қазақ эстрадасының танымал әншілері өз өнерлерін ортаға салды.

Бір күн ішінде екі бірдей концерттің болатынына қарамастан, залда ине шаншар орын болмады. Шамасы, астаналықтар Қайраттың әндерін сағынып қалған сыңайлы. Олардың арасында немерелерін ертіп келген апа-әжелеріміз де, жас жігіт-қыздарымыз да бар. Келушілерге қарап, Қайраттың әндерін жасы да, кәрісі де бірдей сүйіп тыңдайтынына көз жеткізуге болады.

«Кеш көңіліңізден шықты ма?» деген сауалға төмендегідей жауаптар алдым:

Айдана: «Ия, өте ұнады. Мен мұнда құрбыларыммен келдім. Жалпы, Қайрат Нұртастың жаңадан шыққан «Сен де, мен де» деген әнін ұнатамын. Сөздері өзіме жақын».

Құндыз: «Қайрат Нұртасты сүйіп тыңдаймын, оның фанатымын деп айта алмаймын. Мені қызықтырғаны 3D шоу болды. Сол 3D шоуды көру үшін келдім. Көрдім...ұнап жатыр».

Меруерт: «Мен де анимациялық шоуды көру үшін келгенмін. Керемет әсер алдым деп өтірік айтпай-ақ қояйын. Бірақ жанды дауыста орындағаны үшін Қайратқа риза болдым».

Жұмагүл апай: «Билеттер қымбаттау болған соң балконнан алып едім, алыстау болып қалды. Сол болмаса, басқалай ұнады, толықтай көңілімнен шықты. Қайраттың өлеңдерін тойларда тыңдап, билеп жатамыз ғой. Өлеңдері әдемі, өзі де сүйкімді. Немерем жақсы көреді. Соны алып келіп отырған жайым бар».

Дастан: «Мен осы концерт үшін Петропавл қаласынан келдім. Өте ұнады. Қайрат Нұртас Алматы мен Астанадан басқа қалаларда да осындай концерттер берсе деген тілек. Әйтпесе, өзіңіз түсінесіз ғой жұмыстан шыға алмаймыз».

Кейбір суреттер Қайрат Нұртастың Вконтактедегі жеке парақшасынан алынды. Барлық суреттерді қарау үшін мына сілтемемен жүріңіз.

Бөлісу: