Қайран, Рысбек!

21 Сәуір 2014, 08:23

Осыдан төрт бес жыл бұрын класыма жыршы Рысбек Әшімов кіріп келді. Амандық-саулық сұрасып қауқылдасып жатырмыз.

Осыдан төрт бес жыл бұрын класыма жыршы Рысбек Әшімов кіріп келді. Амандық-саулық сұрасып қауқылдасып жатырмыз. Сәлден соң Рысбек: «Төлеп, мен сені Аралдан әдейі іздеп келе жатырмын, бір шаруам бар еді», –  деді.

– Иә, аға?

– Бір-екі жылдың көлемі болды, – деп бастады әңгімесін Рысбек, – «сахарный диабет» деген ауруға  шалдықтым. Бұл бәлеге диета, күтім қажет екен. Ауылда қандай диета, қандай күтім болмақ. Ай санап әлсіреп бара жатқанымды өзім ғана сеземін, қанша уақытым қалды дейсің? – деп бір тоқтады.

– Оу, аға, не болды? Көзіңе әзірейіл көрінді ме? Әлде, құлағыңа сыбырлап жүр ме? Жұрт осы «сахармен» де жетпістен асып, сексенге жығылып жүр ғой. Ердің жасы елуден енді ғана асқан жоқсың ба? – деп әңгімені әзілге бұрғым келді.  

– Тоқтай тұр, Төлеп. Мынау менің көрген бір қызығым еді деп, қалтасынан 1999 жылы шыққан «Кәнеки, тілім сөйлеші» үнтаспасын (магнитофон кассетасын) шығарды. Сыр бойының ән-күйін, мақам-сазын нотаға түсіріп жүрген сен ғана ғой. Көзім тірі кезде көріп кетейін, маған осыны нотаға түсіріп берші, ақыңды жемеспін, – деді.

– Түу, аға-ай, қайдағы-жайдағыны айтатының не? «Көзімнің тірісінде», «ақыңды жемеспін» деген не әңгіме? Бір ай уақыт бер, құдай қаласа, нотаға түсіріп дайындап қоямын, – дедім.

   Екі айдан кейін Қызылордаға концертпен келген Рысбек, менен дайын болған нотаны алды.

– Аға, бұны не істемексің?

– Демеуші табылса, кітап етіп шығарсам деймін. Тым болмаса балаларыма естелік болып қалар.

– Жарайды, аға. Алла тілеуіңді берсін, – деп қоштастық.

   Араға бір жарым жыл салып, екеуміз Аралда кездестік. Жаңақорғаннан Аралға дейін халық музыкасын жинауға ҚР еңбек сіңген қайраткерлері Рамазан Тайманов, Ерболат Мұстафаев және мен үшеуіміз Рысбек Әшімовтың үйіне түстік. Рамазанмен баяғыдан сыйластығы бар Рысбек бір-бірін әзілмен түйреп жатыр. Қазан көтергелі жатқан Рысбектің әйелін тоқтатып, Рамазан : «Айналайын, Жаңақорғаннан бері ет жеп келе жатырмыз. Бізге бір әдемілеп балық қуырып берсең, риза болар едік» – деп, бізді балыққа бір тойғызды.

   Қоңырқай ғана тіршілік кешіп жатқан Рысбектен: – Аға, кітабың шықты ма? – дегенімде, сәл күрсініп: – Демеуші табылмай жатыр, пайдасы жоқ нәрсеге байлар ақша шашып, ақымақ болғысы келмейді, – деді.

– Мәдениет басқармасының бастығы Берік інің емес пе? Қырық бет қағазыңа қаржы табатын шығар?

– Ол өзінің кітаптарын шығарып болмай, өзгенің ісіне кірісе қоймас. Амандық болса алпыс жаста алыс емес қой. Мүмкін, сол кезде елеп-екшеп іздейтіндер табылып қалар.

   Міне, осылай қоштастық.

   Бір күні... « Рысбек Әшімов қайтыс болды» деген суық хабар селт еткізді.

   Әттеген-ай...

   1986 жылы Токио университетінің профессоры, дүниежүзі өнерін зерттеуші ғалым Минору Марито «КСРО халықтарының өнері мен өнерпаздары » атты алтын дисктің біреуіне Рысбектің даусын жаздырған. Ағамыз Москва, Ленинград Киевте өткен халықаралық конференцияларда, 1993 жылы Санкт-Петербургте, 1994 жылы Якутияда, 1996 жылы Алматыда өткен халықаралық фестивальде жүлделі орындарды иеленген, 1997 жылы ЮНЕСКО-ның алтын медалімен марапатталған. 2002 жылы Вашингтонда өткен Смитсон халықаралық фольклорлық фестивалінде, «Ұлы дала музыкасы», «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық фестивалінде жүлдегер атанған, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Эльмира Жаңабергенова, Гүлнәр Суханберлиева сыңды бірнеше шәкірт тәрбиелеген Рысбек Әшімов өз елінде, туған топырағында ешқандай марапатқа ие болмай-ақ өмірден озды. Міне, әзірге Сыр бойының өнер адамына деген көзқарасы осындай. «Құдайға дауысымыз жетпейді, әкімге сөзіміз өтпейді» деп осындайда айтқан шығар ағаларымыз.

   2013 жылдың 27 желтоқсан күні Қызылорда қаласының А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Арал ауданы өнерпаздарының концерті болды. Концерт жақсы өтті, бірақ сенің орның ерекше үңірейіп тұрды, Рысбек!

   Сол концертте Аманжол Сақыпұлына кезігіп, сенің жағдайыңды айтып едім, «әруағы риза болсын, кітабын мен шығарып берейін » деп уәдесін берді. Амандық болса, көп ұзатпай балаларыңа кітабыңды табыстармын, аға!

Төлепберген Тоқжанов,

Күйші, ҚР композиторлар одағының мүшесі.

Әнді тыңдаймын десеңіз мында кіріңіз...

Бөлісу: