Айнұр Жүгінісова: «Еркектің миын айналдырып жіберетін абьюзерге айналдық»

8 Желтоқсан, 14:25 519

Белгілі продюсер әрі актриса, ағайынды Жүгінісовтердің анасы Айнұр Жүгінісова бүгінде көп әйелдер еркектердің абьюзеріне айналып кеткенін мәлімдеді. Сонымен қатар өнер иесі әйел еркекті мойындамай, оларды өзінен төмен санайтынын алға тартты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Бұл туралы ол «Мамский әңгіме» подкастына берген сұхбатында айтты.

Еркекке ер азаматым деп қараған кезде ол саған еркек боп келеді. «Қойшы» деп оны көмекшім деп санап, каблуктың астына келген еркекті көрген бала қандай болады?... Еркекті каблуктың астына салу деген – оны мойындамау, өзіңінен төмен сезіну. «Мен істей аламын, мен бүйтемін, сенің тапқаныңды мен де табам» деп қазір қыздар жиі айтамыз. Сөйтіп бөліну арқылы біз қоғамда әйел мен еркек жарысып келе жатқан сияқтымыз. Еркек пен әйел біріккен кезде ғана үлкен империя құруға болатынын түсінбей жатырмыз. Қоғамды қалыптастыратын кім? Әрине, отбасы,-деді Айнұр Жүгінісова.

Бұдан өзге продюсер әйел мен еркек теңбіз деп айтқанымен жаратылыс жағынан ешқашан теңеспейтінін атап өтті.  

Әйел мен еркек теңбіз дейміз. Қай кезеңде теңбіз? Ұрлықты, қылмысты екеумізге де жасауға болмайды. Солай ма? Заң аясында теңбіз. Ал жаратылыс деген бар. Біз қазір табиғатқа қарсы шығып, осыны құртып жатырмыз. Табиғи жаратылыс бойынша біз тең емеспіз. Алла тағала бірінші ер азаматты жаратты. Ал оның жан тыныштығын таптыру үшін қисық қабырғасынан әйелді жаратты. Ал біз  қазір  жанын тыныштандырудың орнына олардың миын айналдырып жіберетін, бізден алшақтатып жіберетін абьюзерге айналдық. Көбі айналып кеткен. Мысалға, көп әйел маған «Айнұр апай, менің күйеуім ұрады, менің күйеуім былай, енем андай» деп сөйтіп келеді. Сағаттап сөйлесіп болғаннан кейін жылайды. Неге жылайсың десең, күйеуін аяйды. Күйеуі аяйды деген не? Сен оған қысым көрсеттің деген сөз ғой,-деді ол.

Сондай-ақ өнер иесі қазір ақпараттың көптігі соншалық 15-17 жасар қыздар 50-дегі адам білетін нәрседен хабардар екенін, сондықтан олар жас келін боп табалдырық аттағанда дұрыс ниетпен келмейтінін айтты.

Олар «Бұл отбасыға айтқанымды істетемін, енеммен тұрмаймын» деген нәрселердің бәрін кәдімгідей жоспарлы түрде дайындалып, іштей енесінің енесі болып барады. Ондай позициямен барғанда, әрине,  соңы текетіреске айналады. Ал расында сіз енеңізге бала бола білсеңіз, енеңіз сізге қарсылас ретінде қарамайды ғой, бала деп қабылдайды,-деді продюсер.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: