Айналма

25 Тамыз 2014, 08:18

Айналма – күйіс қайыратын малдың миын жайлайтын жылауық құрттар тудыратын жұқпалы ауру.

Айналма – күйіс қайыратын малдың миын жайлайтын жылауық құрттар тудыратын жұқпалы ауру. Айналма ауруын қазақ жерінің оңтүстік-шығыс аймағында миқұрт десе, оңтүстік-батыс және Жетісу аймағында тентек, шығыс бөлігінде жынды деп атайды. Мұнан басқа айланпас делінетін аймақтық атау да кездеседі.

Айналма деп аталатын ауру әсіресе, жас тоқты, торпақ, тайыншада жиі кездеседі. А. болған мал болымсыз бірдеңеге елеңдеп үріккіш келеді. Уақыт өте келе, оғаш қимыл-әрекеттері көбейіп, саяқсып қалады, басын бір жағына қисайтып үйкелейді немесе кегжитіп алып беталды лағып кете береді. Кейде бір орында шыр көбелек айналады. Өрісте оттағанда бір жағының ғана шөбін жеу, итше шоңқиып отыру, тісін қайрау сияқты оғаш қылықтарымен белгі береді. Малдың қоңы кетіп, күйі нашарлап ариды, ақыры өлімге соқтырады. Кейбір емшілер тентек ауруының себебін өлі су ішуден іздейді. Расында да, ауру қоздырғыш таспа құрт ит, қасқыр дайрағымен сыртқа шығып, топырақ, су арқылы тарап жұғады. Ауру жұқтыратын құрттар асқазан, ішектерін аралап, қан тамырларын көктей өтіп, бүкіл ағзаны шарлап, миға барып тұрақтап, жұмыртқадай көлемінде жылауық болып өседі. А. ауруы емшілердің бақылауынша төрт сатымен өрбиді және соған байланысты сыртқа білінетін сипатына қарай бұл аурудың әрқалай аталуының себебін табуға болады: аурудың екінші, яғни жіті сатысында оғаш қимыл көрсетуіне байланысты қазақтар ауруды «тентек» (ғылыми классификацияда церебральды ценуроздың жіті сатысы) атағанға ұқсайды. Ал, ауру әбден асқынған кезде қой жынданған тәрізді сипат көрсететіндіктен «жынды» (ғылымда жұлынды зақымдау сатысы) деп атаған. Құрт жылауығы мидың маңдай жағына орналасса, мал басын төмен салып, ілгері жүгіреді, шеке мен шықшытта ұяласа, айнала береді, қарақұста болса, басын кекжитіп шегіншектейді, жұлында болса, тәлтіректеп бөксесі бұлғаңдап, итше шоқиып отырып қалады.

Айналманы қазақ оташылары ертеде түрлі тәсілдермен емдеген: малдың бас сүйегінің қолмен ұстап көргенде былқылдап тұрған тұсын сүйектің жұқарған бөлігі деп сол тұстан тесіп оташылық жасайды. Малды байлап, бас терісін сыдыра тіліп, сүйектен ажыратады да, былқылдап тұрған сүйек бөлігінің дәл ортасынан теседі. Экспедицияматериалдары бойынша, кейбір оташылар бассүйектің жұқарған бөлігін айналдыра ойып, арғы жағынан көрінген ми қабығына жабысып тұрған жылауықты ілмек тебеннің ұшымен іліп алады. И.Ибрагимов келтірген деректе Қазақстанның солтүстігінде айналма болған қойдың бас сүйегін бізбен тесіп, алмас ұнтағын салып емдеген. Мажарстандағы қыпшақтар осыған ұқсас технологиялар бойынша тентекке оташылық жасайды. Ол үшін малды шалқасынан жығып, жылауықты біз, тебенмен тесіп, суын ағызады. Алтайдағы қазақтар тентек болған малдың бас сүйегін қуыс құлақпен немесе тебенмен тесіп, ортасы қуыс шимен мидағы жылауықтың суын шығарып, қылтиып тұрған жылауықтың ұшын имек темiрмен іліп алады.

Қазақтар тентек ауруының басталғанын ерте байқаған жағдайда ыстық шоқ, қозды мидың жылауық орналасқан тұсына басады. Сондай-ақ, ыстық тас немесе құрым киізді өртеп басу, қайнаған су құю арқылы жылауық ішіндегі құртты өлтіруге әрекет жасайды. Ертеде А.-ны бәдік өлең айту жолымен аластап, басқа малдарға жұғудан сақтаудың магиялық шараларын жасады (толығырақ қ. Бәдік).

Әдеб.: Ибрагимов И. Киргизский способ лечения некоторых болезней скота // Особое прибавление к АОВ. 1890; Balassa-Ortutay. Magyar neprajz. Budapest. 1982; Қой аурулары. Құраст.: Н.Жанұзақов. Алматы: Қайнар, 1977; Бабалықұлы Ж. Мал ауруларының қазақша атаулары. Алматы: Қайнар, 1986; Сарыбаев Ш., Нақысбеков О. Қазақ тiлiнiң аймақтық лексикасы. Алматы: Ғылым, 1989; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: