«Айналайын баладан, құдасы бар дегізген...»

29 Қыркүйек 2020, 11:44 10710

Үйлену тойына қатысты салт-дәстүрлер

Қазақ халқы екі жастың шаңырақ көтеру, неке қию дәстүріне айрықша мән берген. Ұрпақ бойында қан тазалығын сақтау, туыстық қатынастарға сызат түсірмеу мақсатында некелесу дәстүріне жалпыға ортақ қағидалар қалыптастырып, оның бұлжымай орындалуын бақылаған. Қазақтың дәстүрлі әдет құқығында күйеу мен қалыңдыққа қойылар талап көп. Ең бірінші екі жақтың да ата-тегі міндетті түрде бүкпесіз анықталуға тиіс. Сонымен қатар олардың әлеуметтік жағдайларына да байланысты әртүрлі жосын-жоралғылар қалыптасқан.


Жеті атаға дейін қыз алыспау – қазақ халқының әдет-ғұрпында ежелден келе жатқан бұлжымас қағида. Жеті атасы бір адамдар қандас, қарындас қауым саналған. Қағиданы бұзып қарындасын алған адамдар қатаң жазаға тартылып, елден қуылған. Ал туыстық байланыс жеті атаға толып сегізінші атаға аяқ басқан кезде көпті көрген ақсақалдар бас қосып, ақ түйенің қарнын жарып, той жасап, ру іші қыз алысып, қыз берісер шаққа толғанын, бұдан әрі «қосыламыз, шаңырақ көтереміз» деген жастарға рұқсат етілетінің жария түрде айтқан.

Ұрпақ қалдыру, бала тәрбиелеуге ерекше мән беретін қазақ халқы «ұлын ұяға, қызын қияға қондыру» ата-ананың ең басты парызы деп санаған. Тәрбиелі жерге қыз беру, көргенді жерден келін алуда құда түсу дәстүрі айрықша рөл атқарады. Бірін-бірі жақсы танитын, отбасымен аралас-құралас, сыйлас жүрген ата-аналар балаларының алысқа кетпей, өздері білетін жерге баруын қалап, сәбилер бесікте жатқанда-ақ атастырып, бесік құда, бел құда салтын жасады.

Десе де «тең-теңімен, тезек қабымен» деген нақыл сөз болашақта отау құратын жастардың әлеуметтік жағдайының да өзара деңгейлес болуына байланысты айтылған. Бұл тұрғыда «бай мен бай құда болса арасында жорға жүреді, кедей мен кедей құда болса арасында дорба жүреді, ал бай мен кедей құда болса зорға жүреді» деген сөз де құдандалы адамдардың қарым-қатынасында дүние-мүлік мәселесі де аз рөл атқармайтынын білдіреді.

Құда түсу – ертеден күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан жарасымды дәстүр. Жігіттің әкесі немесе жақын туыстары қызы бар үйге құда түседі. сондай-ақ, қыз алып қашу салты да аз болған жоқ. Алып қашудың өзі екі түрлі жағдайда орын алған. Алғашқысында жігіт әуелі қызбен сөз байласып, әкететін күнді екеуара алдын ала келіскен. Бұл көбіне қыз бен жігіт бірін-бірі ұнатқанымен, ата-анасының келісім бермеуіне байланысты пайда болды. Келін түскеннен кейін қалың малды жігіттің ағайын-туысы бөліп көтеріп, қыз ата-анасының алдынан өтіп, кешірім сұрау рәсімін атқарған. Алып қашудың тағы бір түрі қыздың келісімінсіз, зорлықпен алып қашу. Дәстүрлі қазақ қоғамында мұндай істерге кесілетін жаза да ауыр болды.

Құда түсу дәстүрі екі кезең бойынша өткізіледі. Алдымен рәсім жөнінде күні бұрын келіссөз жүргізу, сонымен бірге, екіншісі арнайы құда түсу. Қыздың анасынан рұқсат алу, қалың мал мөлшерін сұрау, құдалық өтер мерзімді білу мақсатында күйеу баланың әкесі өзінің сенімді кісісін болашақ құдаларға алдын ала жаушы ретінде жіберетін болған. Жаушы бос қол бармай қалыңдықтың әкесіне бір төрт түлік малдың бағасына сай шамадағы қырғабауды сыйлаған. Ал қалыңдыққа сыйлық ретінде – үкітағар, яғни үкінің қауырсынын әкелген. Содан кейін жаушы болашақ құдалармен жасалған арадағы айнымас серттің белгісі ретінде шеге шапан тапсырған.

Ендігі кезекте жоралғыға сай күйеу жақтың ағайындары бойжеткеннің үйіне арнайы құда түсу мақсатымен қоржын мен киітті сыйлық ретінде апарады. Бұл міндет некелесуге арнайы ұсыныс білдіру үшін нақты қалың мал төлемінің шамасын келісу және той өтетін уақытты алдын ала белгілеу үшін жасалады. Құдалыққа баратын адамдардың саны тақ сан болу қажеттігі ескеріледі. Яғни үштен он бір адамға дейін құдалыққа баруға болады.

Алдын ала келіссөз бен арнайы құдаласу кезінде келуші жаққа сән-салтанатпен көл-көсір құрмет көрсетіліп, көптеген рәсімдер жасалады. Құдалық барысында міндетті түрде құдаласу рәсіміне арналған тағамдар дастарқанға қойылады. Соның ішінде ең үлкен рәсім – құйрық-бауыр асату. Бұл салт бойынша құдала алдына қойдың қиялап туралған құйрығы мен бауыры әкелінеді. Осы табақтан ауыз тиіп, құйрық-бауыр асатқаннан кейін барып, екі жақ «мыңжылдық құда» болып саналады.

Құйрық-бауыр жеп құда болу дәстүрі – тек қазақ халқына ғана емес, қырғыз, қарақалпақ, өзбек секілді көршілес түркі халықтарына да тән дәстүрлердің бірі. Сондай-ақ құдалық рәсімінде дастарқанға міндетті түрде қойылатын тағамдардың бірі – күйеу жігіттің сыбағасы саналатын төс. Қайын жұртқа алғаш келіп, төс жегеннен кейін күйеу жігітке артылатын жауапкершілік жүгі зор.

Дастарқан басындағы жоралғылар атқарылғаннан кейін жастар бөлек шығып, ойын-сауық ұйымдастырса, үлкендер жағы ары қарай рәсімдерін жалғастырады. Құда түсу рәсімдерінің бірі – күйеу жағынан берілетін қалың мал. Оның көлемі құда түсушілердің жағдайына, мүмкіншілігіне байланысты. Аса ірі байлар арасында қалың мал жүзден және одан да көп ірі қара мал басымен есептелген. Қырық жетінің басы әдетте түйе бастаған тоғыздан тұрады. Одан кейін тоғыз құлынды бие берілсе, ары қарай тағы да басқа ірі қара түрлерінен тоғыз-тоғыздан берілген. Бұл ретте үш жасар жылқы бес қойға немесе бір сиырға тең келсе, үш пен бес жас арасындағы жылқы бір түйемен тең саналған.

Күйеу жігіт әкесі келісілген қалың малды түгел бергенге дейін қыз жағы қалыңдық жасауын дайындау үстінде болады. Жасаудың мөлшері мен түрі нақтылы келісілмейді. Әдетте, әрбір отбасы жасауды өз мүмкіндігіне қарай дайындайды. Дегенмен жақсылап жасау беру де қыздың ата-анасына үлкен сын болып саналады. Байлар қызының жасауына арнап ақ отау дайындаған. Сонымен қатар жасауға жас отауға қажетті ағаш кереует, сырмақтар мен текеметтер, жапқыштар мен жастықтар, әдемі әшекей заттар, бағалы киімдер, ыдыс-аяқтар және тағы басқа дүниелер қосылды. Жасауға кіретін бас киімдер, әсіресе, сәукеле алтынмен апталып, күміспен қапталып әшекейленгендіктен, салмағы ауырлап, бірнеше келіге дейін жеткен.

Болашақ қалыңдықтың жасауын дайындауға бойжете бастаған қыздың өзі де араласқан. «Жасауды жеті жасынан жасасаң – жетесің, алты жасынан жасасаң – асасың» деген мақал қызды жастайынан болашақ отбасының ұйытқысы болуға тәрбиелейді. Қазақ дәстүрлі мәдениетінде қызды басқа үйге, басқа шаңыраққа кететін қонақ ретінде қабылдады, сол себепті, барынша еркелетіп ұстап, қызды еш уақытта босаға жаққа жолатпай, төрге отырғызды.

Ұзату тойы жақындаған кезде қызды өзінің ағайын-туыстары кезекпен-кезек шақырып, қонақ ретінде күтіп, сый-сияпатын жасаған. Күйеу жігіт алып кетер сәт туғанда, қыз өз үйінің табалдырығынан біржола шығып бара жатқанына орай дәстүрлі сыңсу әнін айтып, ел-жұртымен қоштасты. Сыңсу айту да өз жанынан шығаруды, импровизацияны қажет ететін өнер. Сыңсу кезінде қыз өзінің бақытты балалық шағы мен ата-анасының, аға-інілерінің, ауылдастарының арасында еркелеп өткен күндерін еске алып, енді олармен айырылысар кезі жеткенін әнге қосып, әрбірін жеке-жеке таратып айтуға тырысады. Төркінін қимай сыңсыған қыздың шебер айтылған сөздері ұзатуға жиналған көпшіліктің көңілін толқытып, разы етеді. Сондай-ақ тумысынан ақынжанды қыздардың сыңсуы ел аузында жатталып қалып, халық жырларына қосылған.

Ал қалыңдығын алып кетуге келген күйеу жағы жасайтын салт-дәстүрлерді жігіттің анасы бастап береді. Құдалар кәде, киіт, жыртыс, бата аяқ сияқты жоралғылардың бәрін жасауға тиіс. Соның ішінде ең басты сыбағалы сыйлықтардың бірі қыз анасына берілетін – сүт ақы. Сүт ақы қызды мәпелеп өсіріп, бағып-қағып, тәрбиелеп осы күнге жеткізген ананың ақ сүтін ардақтағандықтың белгісі болып саналады. Сүт ақыға құлынды бие я болмаса бұзаулы сиыр берілген. Оған қосаотқа құяр кәде мен қыздың қайтыс болған ата-бабаларына арнап өлі-тіріге берілетін кәделер астарында ислам дініне дейінгі ғұрыптық рәсімдердің ізі аңғарылады.

Ұзату тойында атқарылатын рәсімдер аяқталғаннан кейін той әрі қарай жалғастырылып, ұлттық ойындар ұйымдастырылады. Әдеттегідей дәстүрлі ән – «жар жар», «тойбастар» айтылады. Кешке қарай әкесінің киіз үйінде мұсылман салты бойынша – неке қию рәсімі өтеді. Ғұрыпқа сай су құйылған кесеге сүт қосып, тұз, сақина, білезік салады. Неке қиюшы молда кесені ұстап, дұға жасағаннан кейін некелесетін екі жас неке сөздерін қайталап, кеседегі суды ұрттауы қажет. Қалыңдық пен күйеуден кейін екі куәгер де молданың алдына барып, өздерінің некеге куә болғанын айтып, кеседегі судан ауыз тиеді. Кесеге салынған әшекейлі заттарды қалыңдыққа тағады. Бұл рәсім байлық пен молшылық тілеу белгісі болып есептеледі.


Қалыңдықты алып кетер күні күйеу жаққа қыз жасауын көрсетіп, тойға арналған киіз үйді жинап, мерекелік керуенді көшке дайындайды. Керуен қозғалар алдында құдаларға, күйеу балаға, қалыңдықтың өзіне сый-сияпат ырымдары жасалады. Қалыңдық киімін киген қызды анасы мен жеңгелері үйден алып шығады да, әрі қарай қалыңдықпен бірге жеңгелері еріп барады. Дәстүрлі наным-сенім бойынша қалыңдық өз үйінен шығып, ұзап кеткенге дейін артына қарайламауға тиіс. Бұған қатысты халық арасында «қыз өз үйіне қарай берсе неке бұзылады, қайтып келеді» деген ырым қалыптасқан.

Күйеу жігіт қалыңдығын әкелуге кеткен шақтан бастап келін түсіру рәсіміне қызу дайындық басталады. Ертеден келе жатқан дәстүр бойынша қалыңдықты бірден үйге әкелмейді. Келін әкеле жатқандардың алдынан жігіттің жеңгелері мен құрбы-құрдастары қозыкөш жерден шығып, қалыңдықтың басына жұқа жібек орамал жауып, желекпен жүзін ешкімге көрсетпестен, киіз үй табалдырығын оң аяқпен аттатып, шымылдырыққа кіргізеді.

Отау үйге жеткенше күтіп тұрған ауыл әйелдері келіннің алдынан шашу, яғни түрлі тәттілер, кәмпит, тиын шашады. Келін табалдырықтан аттаған сәттен той басталады. Келін түсірген үйге құтты болсын айтуға жан-жақтағы ағайын-туыстар мен ауылдастар түгел жиналып, той жоралғылары басталады.

Келіннің жүзі беташар рәсімі өткізілгенге дейін сырт жұртқа көрсетілмей жабық ұсталады. Тойға шақырылғандардың барлығы жиналып, беташар рәсімін жасайтын жыршы-ақын жігіт ортаға шыққаннан кейін қалыңдық киімін киген келінді бетін желекпен жауып алып шығады. Арнайы шақырылған әнші беташар салтын бастап, келінге күйеу туыстарын салтанатты түрде таныстырады. Таныстыру кезінде ел-ішіндегі қадір-құрметі жоғары қайын ағалары мен аталары, ерке қайың сіңлілері мен қайнылары жөнінде әзіл-қалжың шумақтарға да орын беріледі. Беташар соңы ел ішіндегі қадірлі ақсақалдардың бірі ортаға шығып, жас келінге ақыл-кеңес, өсиет, тілек айтып, бата беруімен аяқталады.

Беташар – келінге өзі түскен шаңырақпен, ауыл-елмен таныстыру, жаңа өмірге көшкен отауға көптің батасын алу мақсатында жасалады. Беташар рәсімі аяқталған соң той қызығы басталады. ағайын-туыс арасында салтанатты түрде өтетін бұл той, есте қаларлық дәрежеде, қоғамдық мәні жағынан маңызды оқиғаға ие болады. Тойға танитындар да, танымайтындар да қатыса алады. Осыған қатысты «той дегенде қу бас домалайды» деген нақыл сөздің астарында қазақтың дархан көңілі жатқанын аңғару қиын емес.

Үйлену тойында әдеттегідей мол дастарқан жайылып, келген қонақтарға барынша құрмет көрсетіледі. Атақты әнші мен дүлдүл күйшілер, айнала жұртты суырып салма айтқыштығымен тәнті ететін айтыс ақындары тойдың сәні саналған. Қазақтың белгілі айтыс ақындарынан мұраға қалған жыр жолдары осындай көпшілік ортасында айтылуымен елден елге тарап, бүгінгі күнге дейін жетіп отыр. Одан қалса тойға арнайы дайындалып келген палуандар күресіп, бәйге жарысы ұйымдастырылған. Аса ауқатты байлартай бәйге, құнан бәйге, дөнен бәйге, аламан бәйге, жорға жарыс секілді бәйгелердің барлық түрін өткізіп, ірі жүлделер тікті. Кейбір той үстінде мешкей жарыс та болды. Бір тайды бір өзі жейтін мешкейлер арасында бәс тігісіп, астаудағы етті тауыса жейтін қызықтар да ел аузында көпке дейін айтылып жүрген. Кеш түсе ауыл шетіне алтыбақан тігіп, ақсүйек ойнайтын жастар да той-думанды қыздыра түсті. Той иесі той тарқар алдында келген қонақтардың әрқайсына лайық көрген сы й-сияпатын үлестірген.

Бүгінгі күнде заман ағымына қарай түрленгені болмаса, үйлену тойына қатысты салт-дәстүрлердің бәрі түпкі мағынасын жоғалтпай, сол күйі сақталған. Екі жастың отау құру ниетін қаситетті қадамға балаған халқымыз «той құдайдың қазынасы» ұғымына сай, мол дастарқан жайып, ұлан асыр думанын ары қарай жалғастыра бермек.

Назерке Чакирбаева
Бөлісу: