Аймақтық басылымдар кімнің тарысы піссе, соның тауығы болады – Ермұрат Бәпи

30 Қараша 2023, 13:20 2438

Мәжілісмен Ермұрат Бәпи «Масс-медиа» туралы заң жобасында мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа тек мемлекеттік БАҚ қатыса алады деп көзделгенін айтып, осыған қатысты жергілікті әкімдіктерден ақпараттық тапсырыс алып отырған аймақтық басылымдарды сынға алды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Депутаттың айтуынша, аймақтық деңгейде мемлекет бақылайтын БАҚ-тың саны көп емес. Көпшілігі жергілікті әкімдіктердің ықпалында.

Тиісінше жергілікті жерде мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізу мүмкіндігі бойынша бәсекелестік кемшін. Яғни жергілікті облыс немесе қала әкімінен ақпараттық тапсырыс алып отырған аймақтық басылымдар кімнің тарысы піссе, соның тауығы болады. Бұл үшін жергілікті басылымды жазғырудың реті жоқ. Бұл қарапайым тұрмыстық жағдайдан туындаған заңдылық. Салдарынан жергілікті жерлерде мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асырудың төмендігі айқын аңғарылып тұр. Мәселен, жергілікті БАҚ-тың бірінші бетінде ел президентіне қатысты іс-шарадан бір сурет пен ресми бір ақпарат беріледі. Газеттің екі беті сықиған, жергілікті әкімнің жүріс-тұрысы, қайда барды, қайда жүрді деген мәселе, – дейді депутат.

Сондай-ақ мәжілісмен «Парламенттің қызметі туралы материалды итпен іздесең де таппайсың» деп отыр.

Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты тек тиражы аз мемлекеттік БАҚ-қа беру ақпарат саласында бюджет қаражатын жұмсаудың тиімсіздігіне әкеліп соқпай ма? Тәуелсіз БАҚ-ты мемлекеттік ақпараттық тапсырысқа қатыстыру мүмкіндігі уәкілетті органның тарапынан заң жобасында неге қаралмаған? – деп мәдениет және ақпарат министріне сауал тастады.

Аталған сауалға мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева:

Біз құзырлы мемлекеттік орган ретінде бұқара халықты шынайы ақпаратпен қамтып, жан-жақты мемлекеттік саясатты жеткізуге мүдделіміз. Сондықтан ақпараттық мемлекеттік тапсырыс тек мемлекеттік органға беріледі деген дұрыс емес. Біз жекеменшік БАҚ құралдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп, өзіиміздің тапсырысымызды беріп отырмыз, - деп жауап берді министр.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: