17 Қараша 2014, 12:06
Біз еліміз дамуының қарқынды кезеңінде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан, бұл кезең жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, биік армандар мен мақсаттарға жетелейді. Бірақ, сонымен қатар, әлемдік ауқымда саяси және экономикалық қиын жағдайлар да қатар келе жатыр. Қамкөңіл болып жүрген жандар да баршылық. Алайда, біз осындай кездерде шұғыл, батыл шешімдер қабылдай алатын қабілеттілігімізді де таныта білуіміз қажет.
Міне, дәл бүгінгі күніміз осындай тағдырлы болып тұрғанымен ерекше. Әйтсе де, біз үшін, халқымыз үшін ең бастысы: қорғанымыз бар, ол – Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Елбасының саяси көрегенділігі мен өмірлік мол тәжірибесінің арқасында еліміз түрлі жағдайлардан үлкен қиындықсыз өте алады. Ол күні кешегі Жолдауы арқылы әлемдік экономикалық жағдайдың күрт төмендеуіне байланысты еліміздегі экономикалық және әлеуметтік салаларды шұғыл қайта құрудың жолдарын ұсынды.
«Нұрлы Жол» деп аталған Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясаты бойынша ұсынылған іс-шаралар салиқалы ойдың жемісі екені анық. Ол ұсынылған іс-әрекеттер мемлекетіміздегі құрылымдарды дер кезінде сауықтыруды көздейді. Президент ұсынған шаралар тек экономика, қаржы институттары, көлік және өндіріс орындарын ғана емес, сондай-ақ, еліміздегі кең ауқымды әлеуметтік салаларды, білім беру және денсаулық сақтау салаларын да қамтыған.
Қазақстанның Жаңа Экономикалық Саясатының мақсаты айқын әрі нақты, ол − Қазақстан халқының жағдайын жақсарту. Бұл жаңа саясат жас ұрпақтың болашағының қамын, еліміздің үлкен саясаттағы абыройын ойлаудан туған. Сондықтан, біздің әрқайсымыз Президент Н.Назарбаевтың жаңа саяси бағытын барынша қолдап, азаматтығымызды таныта білуіміз керек. Тек қана алға! Біз Елбасы – Президентіміздің барлық бастамаларын қолдаймыз!
Айман МҰСАҚОЖАЕВА,
Қазақстанның халық әртісі, профессор, Қазақ ұлттық өнер университетінің ректоры.