Аймақтарда вайнах халқының Қазақстанға күштеп жер аударылғанына 75-жыл толуына орай естелік кездесулер өтті

27 Ақпан 2019, 03:20 2165

Атырауда «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің  ұйымдастыруымен шешендердің  Қазақстан жеріне  қоныс аударылғанына 75 жыл толуына орай  қайырымдылық түскі ас өтті.

Шараға Атырау облысы  ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Г.Шакирова, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті  Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының директоры Ж.Қыдыралина, «Қоғамдық келісім» КММ-нің өкілдері, этномәдени бірлестік төрағалары және шешен-ингуш  этномәдени бірлестігінің  «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысының мүшелері қатысты.

Қиын-қыстау кезде барша ұлтқа қонақжайлылық танытқан елімізге ризашылығын білдірген «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелимхан Зубариев жалпы қазақ халқының қайырымдылығын жоғары бағалады. Оның айтуынша, қазақ халқы өз бастарынан ауыр жағдайды өткеріп отырғанына қарамастан, жер аударылғандарға барынша қамқорлық көрсетті. Кімнің тірі қалуы белгісіз кезеңдегі азапты тірлікте көмегін аямаған халық туралы жылы лебізін ол былайша білдірді: «Бүгінгі күнді түсініп-түйсіну үшін де, болашақтың дидарын көзге елестету үшін де кешегі кезеңге көз жіберуіміз керек. Елбасы  айтқандай, сол кездегі қайырымдылықты ешкім ұмытпайды. Жер аударылғаннан алғашқы жылдарда жаңа климаттық жағдайларға бейімделмеген, өмір сүруге қаржы болмаған вайнах халқының өкілдері ауру мен аштықтан өліп бара жатқан. Осылай, вайнах халқының этнос ретінде жойылып кету кауіпі де бар еді. Сондықтан әрқашан қазақ халқының көрсеткен көмегін есімізде сақтап, оларға алғыс білдіруді абзал борышымыз деп білеміз», - деді өз сөзінде.

Іс-шараға қатысушы орыс, славян, казактар бірлестігі қауымдастығының Атырау облыстық филиалының, кәріс, татар-башқұрт  этномәдени бірлестіктерінің басшылары, сондай-ақ жер аударылған шешендердің ұрпақтары сол кездің ауыр зардаптарын әңгімеледі. Әрі олар жер аударылғандарға қазақтардың тарапынан жасалған үлкен көмекті жылы ілтипатпен айтып өтті.

Ал Көкшетау қаласында шешендер мен инғұштардың депортациялануына 75 жыл толуына арналған халықаралық конференция өтті.

Іс-шара модераторы –ҚХА мүшесі Лидия Хашиева жиналғандармен сәлемдескен соң: «1944 жылдың 23 ақпанының суық қысқы  таңында Кеңес өкіметінің қалыптасуы мен қорғауына, сондай-ақ фашистік Германияға қарсы күреске зор үлес қосқан бүкіл халық опасыздық танытты деген жалған айыппен өзінің тарихи отанынан Орта Азия мен Сібірге күштеп жер аударылды», - деген тарихи деректер келтірді.

Өзінің құттықтау сөзінде ҚХАА хатшылығының меңгерушісі Марзият Тохаева: «Тарихи сана мен адам қайғы-қасіреті үшін ауыртпалық әр қазақстандықтың жүрегінде өмір сүреді. Қайғылы күнді атап өткен сайын сонау соғыс жылдарында депортацияланған, сонша ауыртпалықты жеңуге тура келген жандардың шыдамдылығы мен төзімділігіне таң қаласың.» ,- деп атап өтті.

Ақмола облысының мұрағат қызметінің ардагері, өлкетанушы, ҚР Журналисттер одағының мүшесі  Гүлбаршын Салық «Құжаттар растайды...» атты өз баяндамасында өз халқына геноцид жасаумен, «халық жауларын» жазалаумен шектелмеген сталиндік ұстанымдағы шенділердің, атап айтқанда ішкі істер наркомы басшысы Л.П.Берияның жетекшілігімен НКВД, НКГБ және «СМЕРШ» күштері арқылы өткізілген «Чечевица» операциясы туралы айтып берді.

Ақмола облыстық «Вайнах» шешен-инғұш қауымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Герихан Яндиев: «Қазақстанға күнкөрісіне қажетті еш нәрселері жоқ халықтар, қазақ халқының ағалық көмегінің арқасында ғана аман қалды. Қазақ халқы, өз тарихындағы бастан кешкен ашаршылық қасіреті, жаппай саяси қуғын-сүргіннің барлық қиындықтары, өздері де  қауіп-қатерге ұшырай отырып, осы халықтарға олардың өмірінің ең қиын кезеңінде баға жетпес көмек көрсетті. Алдағы уақытта депортацияланған инғұштар мен шешендер Қазақстанда тек бір жылды бастан өткеріп қана қоймай, өз ұрпақтары үшін екінші Отанын тапты. Олар тек қана өмір сүріп қана қоймай, этностар сияқты сақталып, көпұлтты Қазақстан қоғамдастығында лайықты орын алды», - деген ойын білдірді.

Бөлісу: