Айласын асырған астаналық тұрғын 15 адамды сан соқтырды

1 Наурыз, 22:40 787

Астана тұрғыны Моңғолиядан көлік жеткіземін деген желеумен 15 адамды алдап кеткен. Жәбірленушілердің бірі алаяққа 22 млн-ға жуық теңгесін берген, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Полиция мәліметінше, алаяқтың қолынан Астана, Павлодар және Қарағанды облыстарының тұрғындары зардап шеккен.

Транзиттік нөмірлері бар көліктерді автосалон арқылы сатып алуға уәде берген ер адам жәбірленушілерден ақша алып, өз қалауы бойынша жұмсап үлгерген. Ақшаның бір бөлігін тұтынушыларға көлік сатып алуға жұмсап, ал қалғанын ысырап жасаған.

Полицияға Қарағанды облысының тұрғыны хабарласып, көлік сатып алу үшін алаяққа 21 миллион 700 мың теңге ақша бергенін айтқан. Келесі бір адам көлік алу үшін 3 миллион 300 мың теңге берген.

Криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері алаяқтық қылмысына қатысты деген күдікпен қала тұрғынын ұстады.

"Алаяқтық" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ол кінәсін мойындаған. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. 

Оқи отырыңыз: 

Перизат Саденова
Бөлісу: