Қазақстанның қоғамдық өміріндегі маңызды алаңдардың бірі — Ұлттық құрылтай. Бұл жерде әртүрлі сала мамандары мен қарапайым азаматтар өзекті мәселелерді талқылайды, заңдарға өзгерістер енгізу үшін ұсыныстар жасайды.
Біз бүгін Жамбыл облысы Қоғамдық кеңесінің мүшесі, “Мүгедек жастар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, “АСАР” Мүгедектерді оналту орталығының басшысы, ұлттық құрылтай мүшесі Әйгерім Дәулетбаевамен өткен құрылтай жұмысы, қоғамдағы өзекті мәселелер және еліміздегі инклюзивті білім туралы әңгімелестік.
El.kz: Биылғы Ұлттық құрылтай отырысы сіз үшін несімен ерекше болды? Қандай маңызды мәселелер көтерілді?
Әйгерім Дәулетбаева: Биылғы құрылтай мен үшін айрықша болды. Себебі мен Ұлытауда өткен алғашқы құрылтайдан бастап осы уақытқа дейін осы алаңның белсенді мүшесімін. Осы жолы мен мүмкіндігі шектеулі балалардың жағдайын көтеріп, олардың құқықтары мен білім алу мүмкіндіктеріне қатысты көптеген ұсыныстар жасауды жөн көрдім. Мен үшін басты мәселе — осындай балалардың білім алуы және олардың қоғамдағы орны мен әлеуметтік интеграциясы. Бұрынғы құрылтайларда да осы тақырыпты үнемі көтеріп келемін, әсіресе олардың оқу мен оңалту үдерістерін жақсарту үшін нақты шаралар қабылдау қажет екенін айтатынмын. Мүгедектігі бар балалардың білім алу мүмкіндіктері әлі күнге дейін қоғамда жеткілікті деңгейде талқыланбай отырғанын атап өткім келеді. Президентіміз осы мәселені өзі көтеріп, инклюзивті білімді дамыту үшін заңнамалық өзгерістер енгізуді тапсырды. Бұл мен үшін үлкен қуаныш болды, себебі білім алу — әрбір бала үшін маңызды, ал мүмкіндігі шектеулі балалар үшін бұл мүмкіндік әлі де шектеулі болып қалып отыр.
El.kz: Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған инфрақұрылым мен қолдау шаралары туралы Президент тапсырмаларына байланысты Жамбыл облысында қандай бастамалар қолға алынуда?
Әйгерім Дәулетбаева: Біз “Аманат” партиясымен бірлесе отырып «Кедергісіз келешек» жобасы аясында үнемі мониторинг жүргізіп отырамыз. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жағдайын жақсарту үшін үнемі арнайы мекемелерге барып, олардың мәселелерін тыңдаймыз. Бұл жобада біз азаматтардың әлеуметтік ахуалын жақсарту үшін жергілікті мекемелер мен инфрақұрылымдарға қатысты нақты ұсыныстар білдіреміз. Жалпы, Жамбыл облысындағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалардың мәселелері жиі көтеріледі және біз оларды әртүрлі деңгейде қарастырамыз. Бірақ ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған инфрақұрылым әлі де толық жетілдірілмеген. Менің ойымша, бұл мәселелер тек әлеуметтік министрліктің ғана емес, құрылысқа жауапты мемлекеттік органдардың да назарында болуы тиіс. Өйткені, мүмкіндігі шектеулі балалар мен азаматтар үшін қолжетімділік мәселесі, мектептерде пандустар мен жеделсатылардың жоқтығы сияқты мәселелер шешілмей тұр. Жамбыл облысында бұл мәселелер толық шешімін тапқан жоқ.
El.kz: Жамбыл облысында инклюзивті білімге арналған мектептердің жағдайы қалай?
Әйгерім Дәулетбаева: Бұл мен үшін өте өзекті тақырып. Жамбыл облысында жаңа оқу орындары салынғанымен, олардың көпшілігі инклюзивті білім беру үшін арнайы жабдықталған мектептер емес. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған арнайы білім беру мекемелері жоқ. Тіпті облыстың білім басқармасы бұл мәселеге лайықты көңіл бөлмейтінін байқауға болады. Өкінішке орай, жаңа мектептер осы балаларға арналған арнайы инфрақұрылыммен жабдықталмаған. Мысалы, бізде 4 мектеп таңдалып, мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуға арналған деп белгіленген еді, бірақ олардың барлығы ескі ғимараттар. Бұл оқу орындарында пандустар, жеделсатылар сияқты қажетті инфрақұрылым жоқ. Мұндай мекемелер тек физикалық тұрғыдан қолжетімді болмай ғана қоймай, оқушылардың сапалы білім алуына да кедергі жасайды. Мүмкіндігі шектеулі балаларды көбіне үйде оқытады. Дегенмен үйде алған білім мен мектептегі білімнің айырмашылығы жер мен көктей. Үйде бала еркелікке салынуы мүмкін, басқа да факторлар әсер етуі мүмкін. Сондықтан менің ұсынарым — мүмкіндігі шектеулі балаларды мектептерде қатарластарымен бірге оқытуға көшу керек. Бұл оларға тең құқықты білім алу мүмкіндігін береді және әлеуметтік бейімделу үдерісін жеңілдетеді.
El.kz: Ерекше қажеттіліктері бар жастардың білім алу мен жұмысқа орналасуы туралы қандай қиындықтар бар? Оларды шешу үшін қандай қадамдар жасау керек?
Әйгерім Дәулетбаева: Бұл сұрақ та аса маңызды, себебі ерекше қажеттілігі бар жастардың болашағы біздің қоғамға байланысты. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі жастардың білім алу мәселесі толықтай шешілген деп айту қиын.Тағы да айтар жәйт, үйде оқитын балалар ҰБТ тапсыру кезінде көптеген қиындықтарға тап болады. Себебі үйде алған білім жеткіліксіз. Шекті баллды жинап, ЖОО-на түскен жағдайдың өзінде олар оқу барысында көптеген қиындықтарға ұшырайды. Жамбыл облысындағы Тараз Мемлекеттік университетінде инклюзивті білім беру бойынша шамамен 160 студент оқып жатыр, бірақ олардың білім деңгейі жоғары емес. Себебі мектеп бағдарламасын лайықты деңгейде игермеген баланың,сәйкесінше ЖОО-да білім алуы қиындайды. Меніңше, мүмкіндігі шектеулі балаларды үйде оқыту жүйесін қайта қарау қажет. Әрине, кейбір мүлдем қозғалысы шектелген, тек жатып қана оқуға мәжбүр балаларға үйде оқыған дұрыс, дегенмен қол-аяғының қозғалысы шектелген, бірақ ойлау қабілетінде еш кедерге жоқ баланың қарапайым мектепте білім алуына мүмкіндік беруіміз қажет. Олар үшін арнайы мектептер мен оқу орындарында жағдай жасалуы тиіс. Сонымен қатар, жұмысқа орналасу мәселесінде де ерекше қажеттілігі бар жастарға арналған бағдарламалар мен мүмкіндіктер көбейтілуі қажет.
El.kz: Құрылтайда жастардың тәрбиесі мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу мәселесі көтерілді. Сіздің ойыңызша, қазіргі жастарға қандай құндылықтарды ерекше сіңіру қажет?
Әйгерім Дәулетбаева: Қазіргі жастарға ең алдымен ұлттық құндылықтар мен қоғам алдындағы жауапкершілікті терең түсіну өте маңызды. Бауырмалдық, үлкенге деген құрмет, адалдық, еңбекқорлық сияқты қасиеттердің жастар арасында жоғары деңгейде болуы керек. Біз жастарымызды тек білім мен мамандық алуға ғана емес, ұлттық болмысымызды сақтап, оны келешек ұрпаққа жеткізуге де тәрбиелеуіміз қажет. Жастарымызға өз елінің тарихын, мәдениетін, тілін құрметтеуді үйрету керек. Ұлттық сананы қалыптастыру арқылы олар өз жеріне, халқына деген мақтаныш сезімін сезінеді. Сонымен қатар, қазіргі жаһандану дәуірінде жастардың бойында адамгершілік құндылықтарды сақтау маңызды. Технология мен ақпарат ағынының әсері жастарды кейде өз қадір-қасиетін жоғалтуға итермелейді. Осы тұрғыдан алғанда, біздің міндетіміз – жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеп, олардың ұлттық мүдде мен жалпы адамзаттық құндылықтарды теңестіріп қабылдауына жағдай жасау.
El.kz: Құрылтай жұмысына қатысу сіз үшін қандай тәжірибе болды? Осы алаңда өз ұсыныстарыңызды жеткізу мүмкіндігі қаншалықты жоғары?
Әйгерім Дәулетбаева: Ұлттық құрылтай жұмысына қатысу мен үшін үлкен тәжірибе әрі маңызды мүмкіндік болды. Бұл алаңда өзекті мәселелерді талқылап, қоғамның әр түрлі саласынан келген азаматтар мен мамандармен пікір алмасуға мүмкіндік туды. Оның басты ерекшелігі – әрбір қатысушының өз ұсыныстарын еркін түрде білдіре алатындығында. Мұнда тек шенеуніктер мен мемлекеттік органдардың ғана емес, қарапайым азаматтардың да пікірлері ескеріледі. Сондықтан мен мүмкіндігі шектеулі балалар мен азаматтардың мәселелерін, олардың қоғамға бейімделу процесін, білім алу мүмкіндіктерін көтеріп, өз ұсыныстарымды жеткізе алдым. Осы алаңда ұсыныстарымның естілуі мен үшін өте маңызды, себебі бұл тек талқылаумен шектелмей, нақты әрекеттер жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әртүрлі министрліктердің өкілдерімен және сарапшылармен кездесіп, олардың пікірлері мен ұсыныстарын тыңдау өте құнды болды. Жалпы, бұл іс-шара мен үшін қоғамдағы өзгерістерге өз үлесімді қосуға бағытталған бірегей мүмкіндік болып табылады.
El.kz: Ұлттық құрылтай қоғамдағы өзгерістерге нақты ықпал ете ала ма? Оның жұмысын тиімді ету үшін қандай қадамдар жасау керек?
Әйгерім Дәулетбаева: Әрине, Ұлттық құрылтай қоғамдағы өзгерістерге ықпал етуге толық қабілетті алаң. Мұнда көтерілген мәселелер, ұсыныстар мен пікірлер қоғамды өзгертуге үлкен үлес қосады. Егер құрылтайда айтылған ұсыныстар мен талқыланған мәселелер заңнамалық деңгейде қолдау тапса, бұл өзгерістердің нақты жүзеге асуы үшін үлкен негіз болады. Мысалы, құрылтайда айтылған тұрмыстық зорлық-зомбылық немесе жастар арасындағы нашақорлық, лудомания мәселелері бойынша заңдарға өзгерістер енгізілгенін көрдік. Бұл – құрылтайдың тиімділігінің айқын дәлелі.
Ал құрылтайдың жұмысын одан әрі тиімді ету үшін, әр ұсыныс пен мәселені нақты іс-қимылдарға айналдыру қажет. Бір ғана талқылаумен шектеліп қалмай, ұсыныстардың орындалу мерзімдері мен жауапты тұлғалары анықталуы тиіс. Сонымен қатар, құрылтайдың шешімдері мен ұсыныстарының орындалуына бақылау жасалуы керек. Яғни, құрылтайдың жұмыстарын нақты қадағалап, нәтижесін талдап отыратын жүйе құру маңызды. Бұл өз кезегінде оны тек пікір алмасу алаңы ғана емес, нақты өзгерістер енгізу құралына айналдырады.
El.kz: Құрылтайда түрлі саладағы сарапшылар пікір білдіреді. Сіздің ойыңызша, олардың ұсыныстары нақты іске асуы үшін қандай механизмдер қажет?
Әйгерім Дәулетбаева: Сарапшылардың ұсыныстары өте құнды, өйткені олар нақты тәжірибе мен кәсіби білімге негізделген. Алайда, бұл ұсыныстардың нақты іске асуы үшін бірнеше механизмдер қажет. Біріншіден, ұсыныстарды жүзеге асыру үшін нақты орындаушы органдар мен жауапты тұлғалар белгіленуі керек. Әрбір ұсынысқа қатысты нақты әрекет жоспары жасалып, оған мерзімдер мен бюджет анықталуы тиіс. Бұл оның орындалуын бақылауды жеңілдетеді.
Екіншіден, ұсыныстардың орындалуы бойынша тұрақты мониторинг жүргізілуі тиіс. Бұл – ұсыныстардың жай ғана қағаз жүзінде қалмауын қамтамасыз етеді. Мысалы, сарапшылар білім беру жүйесін жақсарту немесе инфрақұрылымды дамыту мәселелерін көтергенде, осы салалардағы арнайы мемлекеттік органдар мен үкімет құрылымдары осы бағытта жұмыс істеп, даму барысын үнемі қадағалап отыруы керек.
Үшіншіден, сарапшылар мен қоғамдық ұйымдардың арасындағы тығыз байланыс маңызды. Бұл олардың ұсыныстарының қоғам тарапынан қолдауға ие болуын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, сарапшылардың пікірлері мен ұсыныстарының жүзеге асуын халыққа жеткізу маңызды. Адамдар тек құрылтайдағы пікірталастарды тыңдап қана қоймай, оның нақты іс-әрекетке қалай айналғанын көруі тиіс. Міне, осындай механизмдер арқылы ұсыныстар тек сөз жүзінде қалмай, шынайы өзгерістерге жол ашады
El.kz: Келесі құрылтайда қандай тақырыптар көтерілгенін қалайсыз? Қоғамда талқылауды қажет ететін өзекті мәселелер қандай?
Әйгерім Дәулетбаева: Қазіргі уақытта қаржылық сауаттылық мәселесі өте өзекті болып тұр. Адамдардың көпшілігі өз қаржысын басқару, несие алу, инвестиция салу сияқты мәселелерде дұрыс шешімдер қабылдай алмай жатады. Бұл әсіресе жастар арасында жиі кездеседі. Сонымен қатар, телефон арқылы несие алу секілді алаяқтық әрекеттердің көбейіп кетуі де үлкен проблемаға айналды. Көптеген адамдар өздерінің жеке мәліметтерін білмей алаяқтарға беріп, соңында үлкен қаржылық қиындықтарға ұшырап жатады. Сондықтан, келесі құрылтайда қаржылық сауаттылықты арттыру, қаржылық алаяқтыққа қарсы күрес және азаматтардың құқықтарын қорғау мәселелеріне ерекше назар аударылса деген тілегім бар. Бұл халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қоғамда әділ қаржылық жүйе құруға ықпал етеді.
El.kz: Әңгімеңізге рахмет, Әйгерім Маратбекқызы.Сау болыңыз!