Айгүл Даден: «Арманым – шетел методикаларын қазақ тілі курстарына енгізу»

25 Мамыр 2022, 16:44 3692

Тіл ұлттың сүйенетін тамыры, сыйынатын тәңірі. Дегенмен тіл мәселесі бүгінгі күннің басты проблемасына айналғандай. Қарапайым өмірде, далада, дүкенде сауда және мәдениет орындарында қазақша тілдесіп жатқан адамдарды көріп, ортасы орыс тілді болғандықтан оларды түсінбейтіндер көп. Сөйлесуге қысылады, комплекс бар. Міне, Нұр-Сұлтан қаласында осы мәселенің шешімін жаңа «Қазақша үйрен» деп аталатын тіл орталығы ашылып, жұмыс істеп жатыр. Біз осы орайда орталықтың негізін қалаушы Айгүл Даденді әңгімеге тарттық.


– Айгүл, бүгінгі таңда тіл орталықтары өте көп. Әсіресе шет тілдерін үйрететін курстар сұранысқа ие. Ал қазақ тілін үйрету идеясы қалай туындады?

– Бұл жоба бір күнде пайда болған жоқ. Ұзақ жылдар бойы ойлана келе туған шешім. Мен тілге бұрыннан жақын адаммын. Журналист және мұғалім мамандығы бойынша білім алдым. Он жылға жуық журналист болып қызмет еттім. Осы жылдарда мұғалімдікті қатар алып келемін. Бұған дейін басқа ұлт өкілдерінің өтінішімен оларға қазақ тілінде сауатты жазуды, сөйлеуді үйретіп келдім. Өз ана тілінде еркін сөйлей алмайтын азаматтар да менен білім алды.

Қазақ тілін білеміз дейміз. Бірақ сол ана тілімізді өзге ұлт өкілдеріне үйрету үшін де өзгеше әдіс керек екен. Осыдан екі жыл бұрын Меруерт Бекниязова құрбым екеуіміз «Қазақша үйрен» онлайн тіл орталығын аштық. Бастапқыда тілге қаншалықты сұраныс көбейеді деген ой туды. Бір қызығы, Қазақстанның түкпір-түкпірінен, Ресейден, Өзбекстан, Қырғызстаннан да үйренушілер көп. Қазір көп оқушымыз Қарағанды және Астанадан. Әр түрлі ұлт өкілдері бар. Қазақша мүлде сөйлеп көрмеген қазақтар да кездеседі. Сол кезде Маңғыстау Облыстық Ассамблеясының ықпалымен «Мәміле» қазақ тілі клубын қайта жандандырдық. Клубқа тіл білгім келеді деген түрлі этнос өкілдері, облыс тұрғындары тегін қатыса алды. «МӘМІЛЕ» english club сияқты, тек қазақ тілін үйренушілерге арналған. Негізі, адамдарға грамматикадан гөрі, дайын фразалармен, қазақша ән, фильмдермен үйреткен ерекше әсерлі, әрі жаттауға оңай.

Күн сайын мен қазақ тілін үйренгісі келетін бірнеше адаммен сөйлесемін… Біреу «жақында баламды үйлендіруім керек… Қазақша сөйлей алмай ұятқа қалғым келмейді» дейді... Енді бірі Кеңестік заман мен ата-ананы кінәлайды. Ал кейбірі «балабақша, мектеп, университет, жалпы орта орыс тілді болған соң дер кезінде үйрене алмадым» дейді. «Қазақша акцент бар, қате сөйлеуден қорқамын, барьер бар» дейді көбі. «Өз ана тілімді үйренгім келеді. Қоғамнан бөлінгім келмейді. Балаларымды үйрету үшін менің де жақсы сөйлеуім керек» дейтіндер де көп... Келген адамның көңілін жықпау маңызды. «Өй, үйреткенің осы ма» деп кетпеу керек. Әр сабақтан ләззат алатындай болуы тиіс қой. Біз бірінші күні тіл үйретпейміз, алдымен әркім осылай өз қорқыныштарын тізіп шығады. Сосын айналасының тіл білмеуіне қалай қарайтынын айтады. Егер тіл білсе, қандай жетістікке жете алатынын барынша түсіндіреміз. Тілді нөлден бастап бір-екі айда үйреніп шығу мүмкін емес. Бірге ұзақ мерзімге мақсат қоямыз. Бұл - мен ойлағаннан да үлкен жауапкершілік екен...

– Алдымен Маңғыстауда бастаған курсты, Елордада жалғастырыпсыз, бұған не себеп болды?

– Неге мен Астанаға келе салып әңгіме клубын қолға алдым. Өйткені, 90% тіл үйренетіндер «Менде қазақша сөйлейтін орта жоқ» дейді. Әңгіме клубта адам өзі сияқты тіл үйренгісі келетін жандарды көреді. Бәрінің проблемасы және мақсаты бір екеніне көзі жетеді. Қазақ тілін жаңа үйреніп бастағандар жақсы сөйлейтіндерден шабыт алады, намысқа тырысады. Юля деген оқушым бар. Әңгіме клубқа келген бойда мені «Александраның қасына отырғызыңызшы» дейді. «Әңгіме клубына Александра үшін келемін. Ол маған көмектеседі, күшті әзілдейді. Мен де Александра сияқты жақсы түсініп, сөйлегім келеді» дейді Юля. Міне, бұл біздің үйренушілеріміздің аз уақыттағы жетістігі.

2021 жылдың басында «Қазақша үйрен» тіл орталығын ашып, онлайн оқыта бастадым… Министрліктер үйінен кабинеттер жалға алып әңгіме клубтарын ұйымдастырып, топпен де, жеке де оқытып жүрміз.

Сұраныс көп болды. Методикаға ұзақ бас ауырттым, бірден қолдап ақыл сұраған апайым Валентина Абдыхалық болды.

Кейін жаныма Меруерт Бекниязова және Ардақ Бақытова құрбыларым қосылып, онлайн курсты жасап тастадық. Әрине, алып қосатын жер көп.

Біз методиканы әлі де шыңдамақпыз. Қазақ тілін әнмен, дайын фразалармен, сурет және мәтінмен, фильм үзінділері, подкасттармен беріп жатырмыз, грамматиканы ортасында түсіндіріп кетеміз. Ағыл-тегіл келген жұртқа қарағанда, әзірге ұнап жатқан сияқты.

– Көбіне қандай деңгейдегі оқушылар келеді? Еліміздің қай қаласынан үйренгісі келетіндер көп?

– Әр түрлі. Нөлден бастағысы келетіндер көп. Қазақша түсініп, сөйлей алмайтындар да бар. Қазақстанның барлық қаласындағы оқушыларымызды онлайн оқытып жатырмыз. Бірінші орында Нұрсұлтан қаласы, кейін Алматы, ары қарай Қостанай және Қарағанды көш бастап тұр.

«Қазақша үйрен» тіл орталығының мақсаты бүгінгі таңда қазақша шала білетін азаматтарымыздың қазақ тілінде еркін сөйлеуіне мүмкіндік беру. Қазіргі уақытта, сөздің шыны керек, сұраныс өте көп. Өз қазақтарымыз да бар және өзге ұлт өкілдері де бар. Олардың деңгейлері әртүрлі. Кейбіреулері ең төменгі деңгейден нөлден бастаса, көпшілігі қазақша түсінетін, комплекстерден құтыла алмай жүрген азаматтар. Мұндай азаматтардың сөздік қорын көбейтеміз. Жалпы біз қазақ тілін дайын фразалармен, сөздермен, сөйлемдермен үйретеміз. Мектептегідей грамматиканы қоспаймыз. Грамматиканы бір сағаттың бес минутына ғана қосуымыз мүмкін. Қалған уақытта тек практика, тәжірибені қолдана отырып, қазақ тілін аз уақыт ішінде еркін сөйлеп кетуіне, орыс тілін қоспауына мүмкіндік жасаймыз.

– Бүгінгі таңда онлайн бағытта да жұмыс жүріп жатыр екен. Бұл жоспар қалай жүзеге асырылуда?

– Көп адам неше жылдан бері Қазақстанда тұрып, мектепте де қазақ тілін оқып, бірақ әлі дұрыс түсіне алмайды. Сөйлеуге қысылады. Комплекс бар. Тіпті ұлты қазақ, бірақ үйде, мектепте, университетте ортаң орыс тілді болған соң, орысша сөйлейді. Қазақша ойын жеткізу қиын. Түсінеді, бірақ жазуға келгенде, қате жіберіп қояды. Ал Қазақстанда мықты маман, лауазымды тұлға болуды мақсат етсең, ең алдымен қазақ тілін жетік меңгеру қажет.

Өйткені қай жерге жұмысқа тұрсаң да, қазақ тілін білуді міндеттейді! Әсіресе, мемлекеттік қызметте барлық қазақстандық қазақ тілінде еркін сөйлеуге, сауатты жазуы тиіс. Қазір кез келген орган ресми хаттарды тек қазақ тілінде қабылдайды. Біз онлайн курсымыз арқылы қаза тілі ең оңай тіл екенін көрсетіп, үйреткіміз келді. Оңай әрі тиімді әдіспен, арзан бағада онлайн қазақ тілін үйренеді. 21 күнде – 21 жаңа тақырып. 21 рет үй жұмысын жіберіп, барлық тапсырмалардың қатесі тексеріліп жіберіледі.

Қазақ тілі 0-ден бастап курсы онлайн түрде өтеді, ұзақтығы – 1 ай. Жаңа тақырып 1 ай бойы беріледі (видео және текст күйінде). Сонымен қатар, 10 тапсырма беріледі. Тапсырмалар оңай, көп уақытты қажет етпейді. Тапсырмалар тексеріліп, міндетті түрде кері байланыс болады. Жаңа сабақтар видео 10 минуттан аспайды. Қысқа, нұсқа. Үйренушілер күніне 30 минут уақыт бөліп, бірақ мықты база жинайды. Ақпарат өте көп, сіңіруге оңай. Грамматика оңай, жеңіл жолмен, тың әдіспен түсіндіріледі. Ассоциация қолдану арқылы, жаңа сөздер оңай жаттауға кеңестер беріледі.

– Шетел тілдерін үйрететін оқулықтар да көп, әдістер де жетіп артылады. Қазақ тілінде де сондай ма?

– Иә, мойындаймын. Шетелдің тіл үйренуде жан-жақты кітаптары да, методикалары да өте көп. Бір методиканы жасақтап шығаруда үлкен анализдер жасалады. Біздің орталық өз әдісімен сабақ береді, пайдаланатын дайын материалдар бар. Әсіресе, soyle.kz және kaz-tili.kz порталдарының топтамалары өте сауатты құрастырылған. Менің арманым, шетел методикаларын қазақ тілі курстарына енгізу. Әзірге, зерттеу үстіндемін. Кейбір тіл әдістерін өз сабақтарымызға енгізіп үлгердік.

– Сіздіңше, неліктен осы күнге дейін мемлекеттік тілге шорқақ азаматтар елімізде көп? Біз неден қате жібердік?

– Білесіз бе, бізге келетін оқушылар бірінші сабақта былай дейді: «Мен қазақша сөйлеуге қорқамын, ұяламын. Балама ата-анаң неге қазақ тілін үйретпеген дейтіндер көп. Көшеде таксистер «Апай, қазақша білмейтініңіз ұят екен» деп сынайды. Қазақша сөйлей бастасам, айналамдағылар күледі».

Демек, біз, қазақша білетіндер, өз қолымыздан шала қазақтарды, қазақша білмейтін өзге ұлт өкілдерін жасап шығардық. Біреу қазақша білмесе, кемсітуге құмармыз. Қазақша қатемен сөйлегендерді әлеуметтік желіге жариялап жібере саламыз. Бала тіл білмесе, ата-анасын, үрім-бұтағын боқтауға бармыз. Содан кейін, айналамыздағылар қайдан тіл үйренсін?

Сынаудың орнына тіл білетіндер бір адамды жанына алып қазақша үйретсінші... Күнде қазақтың жаңа сөздерін аудармасымен айтсын, орысша сөйлесе де, қазақша жауап берсін. Оларды қит етсе, кінәлай бермей керісінше көмектессін. 30 жыл бойы өзгерістің аз болуының бір себебі – құр сынаудың көптігінен және тіл білгіштердің айналасына көмектеспеуінен.

– 10 жылдан кейінгі «Қазақша үйренді» қалай елестетесіз?

«Қазақша үйрен» орталығында қазір 10-нан аса мұғалім бар. Астана және Ақтау қалаларында филиалы жұмыс істейді. Келешекте Алматы және Қарағанды қаласынан ашуды жоспарлап отырмыз. Мобильдік қосымшалар, оқулықтар, орыстілділер мен ағылшындар үшін сөздіктер шығарылатын болады. Алла қаласа, «Қазақша үйрен» орталығы жан-жақты дамиды деген үмітіміз бар. Шынымен, отыз жылдың аз болуының бір себебі құр сынаудың көптігінен және тіл білгіштердің айналасына көмектеспеуінен. Сондықтан еліміздің болашағы тікелей өзімізге байланысты. Ел болам десең бесігіңді түзе деген бекер айтылмаған. Қазіргі таңда «Қазақша үйрен» тіл орталығында оннан аса мұғалім сабақ беріп, жүзге жуық оқушы тіл үйренуде. Бәріне ортақ бір-ақ нәрсе, мақсаты бір, ол – қазақ тілін меңгеріп, еркін сөйлеу.

– Әңгімеңізге рақмет!

Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: