Әйелін соққыға жыққан шенеуніктер

19 Маусым, 17:13 2279

Бүгін танымал қазақстандық дзюдошы, Атырау облысының Мақат ауданының экс-әкімі Ринат Ибрагимовке қатысты сот үкімі шықты. Мамыр айында бұрынғы әйелі Ринаттың ұрып-соққанын айтып, әлеуметтік желіге видео жүктеген еді. Ақмарал Үмбетқалиеваның сөзінше, ер адам 11 жыл бойы отбасы болып бірге тұрған уақытта балалардың көзінше оған қол көтеріп келген және балаларын бір жыл бойы көрсетпеген. Алайда шенеунік мұның бәрін жала екенін айтты. Сотта Ринат Ибрагимовтің кінәсі дәлелденіп, оған 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Осы ретте  El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі әйелдерін ұрып-соққан шенеуніктерге шолу жасауды жөн көрді.

Қоғамды дүр сілкіндірген жаңалықтың бірі – экс-министр Қуандық Бишімбаевтың оқиғасы. 44 жастағы шенеунік әйелі Салтанатты мейрамханада аяусыз ұрып, арты өліммен аяқталды. Қылмыскер 24 жылға сотталды.

Қазақстанның Біріккен Араб Әмірліктеріндегі елшілігінің қызметкері Сәкен Мамаш әйелін ұрып-соқты деген күдікке ілінді. Іс бойынша қазір тиісті органдар айналысып жатыр. Карина Мамаш күйеуі оны 10 жыл бойы физикалық және жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыратты деп отыр.

Шенеуніктердің өздері ғана емес, туыстарының да зорлық-зомбылық қатысы бар болып шықты. Мысалы, Шымкент қаласының экс-әкімінің ағасы Марат Әйтенов әйелі Дана Әтешованы 9 жыл бойы ұрып-соғып, кейін әйелді үш баласымен қалдырып кеткен.

Жақында әлеуметтік желіде түн ортасында әйелді шашынан сүйреп, жұдырықпен ұрып, жерге лақтырып жатқан ер адамның видеосы тараған болатын. Бейнежазбадағы ер адамды журналист Михаил Козачков белгілі қоғам белсендісі Арман Шораев пен оның азаматтық некедегі әйелі екенін айтты. Қазір Шораевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: