Әйелді ұрып-соғу секілді дүниелер кеңес кезінен қалған

20 Маусым 2023, 10:09 1531

Отбасы институтын берік сақтауымыз керек. Бірақ біз зайырлы әрі дамыған мемлекет болғымыз келсе ерлердің де, әйелдердің де құқығын теңдей ұстағанымыз жөн. El.kz ақпарт агенттігінің тілшісі қоғамдағы феминистік қозғалыстың себебі мен елдегі жалпы адам құқытары жайында заңгер, зерттеуші Әйгерім Құсайынқызы сұхбаттасқан еді.

El.kz: Әйгерім ханым, адам құқықтары үшін күресуге қандай оқиға түрткі болды?

Әйгерім Құсайынқызы: Мен бір нақты оқиғадан кейін феминизмге келдім деп айта алмаймын. Иә, бұл сұрақ маған жиі қойылады, оның себебін қазақ қыздарының арасынан шыққан феминистер туралы көпшіліктің аз білетінінен деп ойлаймын. Жалпы, бұл бағыт ортағасырда да, Алаш үкіметі кезінде де болған және болады да. Олар әйел теңдігі үшін күресті. Отбасымызда әкем ылғи маған «қыздар ұлдардан еш кем емес, егер артық болмаса» деген принциппен өсірді. Сол себепті бала күнімде өзімді ешкімнен кем сезінген жоқпын. Алайда, студенттік кезде айырмашылықты сезіне бастадым. Себебі, барлық қыздар мен секілді ұстаныммен өспегенін, олар қыз болған үшін өзін қоғамнан кем сезінетінін байқадым. Тіпті кейбір нәрселерге ерлермен теңдей дәрежеде қол жеткізбейтініне әбден көндіккен де қыздарды көрдім. Меніңше, бұл дегеніміз – адам құқығының бұзылуы, әлеуметтік теңсіздік. Сондықтан гендерді зерттеуші заңгер ретінде Қазақстандағы осы салаға ден қойдым деп айтуға болады.

El.kz: Қазақ халқының феминизмге деген көзқарасы қалай деп ойлайсыз?

Әйгерім Құсайынқызы: Феминизмге қазақ халқының көзқарасы теріс деп айтуға болмайды. Себебі, нақты ондай зерттеу мен дерек жоқ. Бұған жалпы қоғамдағы адамдардың көзқарасы мен көңіл-күйін қарап баға беруге болады. Солай беріп те келеміз. Мәселен, Қазақ хандығының тарихына үңілсек, қазақ әйелі тіпті батыс ерлеріне қарағанда жаңашыл болған. Олар атқа мінген, ел ішіндегі билікке араласқан сондай-ақ тарихымызда қыздардың әскер қатарына алынғанын да білеміз. 17 ғасырдағы кіші жүздің ханы Әбілхайыр ханның әйелі Бопай ханым дипломатиялық қызметтер атқарған. Міне, осындай мысалдарды көре отырып қазақ қоғамының феминизмге деген көзқарасы негативті болды деп айта алмаймыз. Біз қоғамның бұл бағытқа деген теріс көзқарасын 2021 жылы өткізілген митигіде көрдік. Дегенмен митингіге қоғамның бәрі қарсы болды деуге болмайды. Оған қоғамдағы консервативті көзқарастағы бірнеше тұлғаларымыз қарсы болды. Оларға ұнамаған себебі әйелдер мәселесін айғайлап ортаға салуымыз еді. Бұл мәселені жасыруға тырысқандар да болды. Менің түсінбейтінім ерлердің әйелдерден жоғары тұруы тиіс деген қағидат қай жерде жазылған? Оған нақты дәлелді маған ешкім көрсеткен жоқ. Екіншіден, біз ислам мемлекеті емеспіз. Бұл туралы еліміздің конституциясында 1-бабының 1-тармағында: «Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары» делінген. Сонымен қатар басқа заңда жынысына қарамастан, ерлер мен әйелдерге теңдей мүмкіндік берілетіні көрсетілген. Егер заңдағы бұл норманы 30 жыл халық түсінбесе, ол мемлекеттік саясаттың дұрыс жұмыс істемегені деп білемін. Яғни, заң халыққа толықтай жетпеген. Оның себебі – ғасырлар бойы қалыптасқан патриахалды сана мен консервативті ойлар. Әрине, құқықтық сананы арттыру үшін жұмыс жасалған болар, дегенмен саясаттың басқа да бағыттары басым болып кеткенін байқаймыз. Осының салдарынан феминистер қоғамға жар салуға мәжбүр.

El.kz: Еліміздегі адам құқықтарының сақталуына деген көзқарасыңыз...

Әйгерім Құсайынқызы: Жалпы, Қазақстандағы адам құқықтары дұрыс сақталмай келеді. Оның ішінде әйелдердікі тіптен... Біз үш жыл қатарынан бейбіт митинг ұйымдастырғымыз келді, алайда әкімдік рұқсат бермеді. Онымен қоса, бізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты бөлек заң жоқ. Иә, бізде 2009 жылы қолданылған тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы заң бар, ол зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша іске асады. Бірақ зорлық жасаған еркекке әлі де заң қатайған жоқ. Осы тұрғыдан қарасақ, әйелдер өмірлік серігінен және туысқандарынан ешқандай қорғалмаған. Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 4 түрі бар. Олар: физикалық, эмоционалды, сексуалды және экономикалық. Бұл тек бір сатысы. Бұдан бөлек те түрлі салалар бар онда да әйел құқығы мүлдем қорғалмағанын сенімді түрде айтуға болады.

El.kz: Біздің халыққа әйелді ұру, өзінен төмен санау дейтін түсінік қайдан келген?

Әйгерім Құсайынқызы: Біз қазақ қана әйелдерін ұрады деген көзқарастан абай болуымыз керек. Өйткені ғалым ретінде постколониялды және деколониялды теорияны зерттеген кезде осыған үңілеміз. Жалпы, қазақ халқында тұрмыстық зорлық-зомбылық болған ба? Мұндай статистика қайда бар? Зорлық-зомбылықтың шарықтауы кеңес үкіметінің кезіне сәйкес келеді. Соның бір себебі алкагольді ішімдік ішетін ерлер санының көбеюімен тікелей байланысты. Мұның салдарынан жетім балалар мен алимент төлемейтін еркектердің санын едәуір артты. Ал қазақ тарихына келер болсақ, тұрмыстық зорлық туралы деректер аз кездеседі.

Қазақ бұрын дәстүрлі қоғамда өмір сүргендіктен әр ұстанымға, әр салтқа берік болған. Мұны бір ғана «Жеті жарғы» заңына қарап айта аламыз. Оның ішінде ерде де, әйел де жапа шеккен жағдай да қандай жаза қолданатыны анық жазылған. Дегенмен ол кез бен қазіргі кезді салыстыруға мүлдем келмейді. Себебі заманнан бөлек, халық саны мен түсінігі де бөлек болды. Оның үстіне 17 ғасырда мына өңірде осынша, мына жерде мұнша дейтіндей деректер сақталмаған. 1920 жылдан бастау алатын кеңес кезінде көп әйел алу, қалыңмалды жою бойынша бірнеше заң қабылданды. Бірақ ол заңдар қазақ әйелін қорғалуына жағдай жасады деуге келмейді. Иә, кеңестер теңдікке қол жеткізді, бірақ оның да кемшіліктері болды. Мойындауымыз керек, КСРО әйелдерді оқытуда, әйелдерді еңбек ісіне араластыруға өте көп үлес қосты. Тек кеңес үкіметінің үлесі емес, сол салада жүрген қазақ әйелдерінің де үлесі бар екенін атап өткен жөн. Мәселен, олардың қатарында Нәзипа Құлжанова, Аққағаз Досжанова секілді тұлғаларымыз әйелдердің теңдігі үшін күрескен болатын. Олар қазақ қыздарының күң болмағанын, құқықтарының қорғалғанын және білімді болғанын қалады.

El.kz: Қызды ерекше құрметтеп, қонақ ретінде сыйлай білген халықпыз. Осындай ата дәстүріміз жайлы не айтар едіңіз?

Әйгерім Құсайынқызы: Қазақ қыздарын құрметтеуге қатысты өлең жинақ пен мақал-мәтелдер баршылық. Бірақ іс жүзінде солай болды ма? Бізде қыздың жасауын жасап, төрге шығарғанымен оны өзінен өте кәрі адамға тұрмысқа берді. Міне, шын мәнінде қоғамда осындай жағдайлар көп болды. Қазақ қыздары көп уақыт бойы білім ала алмай қалды, қыздарға арналған алғашқы мектептің өзі 1888 жылы ғана ашылды. Оған дейін қыздарымыз оқысын деген принциптер аз болды. Сол себепті дәстүрімізді мақтайтын кезде фактіге сүйенгеніміз жөн.

El.kz:  Елімізде көптеген жұмыс орындарында харассмент бар екені анық. Оның алдын алу үшін не істеу керек?

Әйгерім Құсайынқызы: Біздің заңның қай жылғы нұсқасын алып қарасақ та, харассмент туралы заң жоқ. Ондай ұғым атымен жоқ десек болады. Мәселен, жұмыста басшы ерсі әдет жасап, жөнсіз әзіл айтса мұның харассмент екенін ешкім білмейді. Сондықтан бұған мектеп жасынан бастап сауаттылықты арттыру керек. Харассмент жағдайды қалыпты қабылдайтын қыздар да, ұлдар да көп. Оған тіпті толеранттылық танытпайтын ортада жетеді деп сеніммен айта аламын. Оны қылмыстың бір бабына қосып қойсақ та, бірден көбейеді деп айта алмаймын. Сол себепті, ең алдымен бұл ұғымда сауатты арттыру жұмыстарын жүргізуіміз керек. Әр адам сіздің денеңізге, киіміңізге қатысты біреу сөз айтса оның харассмент екенін анықтай алуыңыз қажет. Халықаралық еңбек ұйымының харассмент бойынша қабылдаған 192-ші конвенциясы бар. Қазақстан бұл конвенцияға әлі қосылмай отыр.

El.kz: Әлеуметтік желілерде көп әйел алуды насихаттап жүргендер аз емес. Оған қатысты ойыңыз қандай?

Әйгерім Құсайынқызы: Елімізде көп әйел алу - заңсыз. Бізде полигамия жоқ. Алайда кейбір азаматтар әлі де «тоқал іздеп жүрмін» деген секілді әртүрлі сұхбаттарда жар салып жүр. Бұл біздің құқықтық санамыздың төмен екенін көрсетеді. Бізде қоғамдық қарым-қатынастарды заңмен емес, салтпен, діни жолмен шешуге тырысатын консервативті патриахалды қоғамда заңсыз екінші әйел ала бермек. Бұл үлкен мәселе. Неліктен? Себебі екінші әйел заңсыз үйленгендіктен оның құқығы және баласының құқығы да болмайды.

Еліміздің заңында қыз алып қашу деген бап жоқ, 125-бап 1- пунктіне сәйкес адамды еркінен тыс алып қашу «Адам ұрлау» бабы бар.  Мысалы, Қырғызстанда, Грузияда, Арменияда және Өзбекстанда «қыз алып қашу» деген бап бар. 1997 жылғы қылмыстық кодексте қолданыстағы кодексте мұндай бап жоқ. Неге? Себебі біздің қоғам қыз алып қашуды проблема деп қабылдамайды. Сондықтан осынша қызды алып қашты деп нақты статистика келтіре алмаймыз. Бұл жайтты азайып кетті, көбейіп кетті деп айтудан да аулақ болғанымыз жөн.

El.kz: Әңгімеңізге рахмет!

Әділет МҰСАХАЕВ
Бөлісу: