Әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен ел би­лейді

6 Наурыз, 13:00 34032

Қазақстандағы гендерлік теңдік саясаты күшейіп, ерлер мен әйелдердің құқықтарын һәм мүмкіндіктерін теңестірудің маңызы артты. Әлем елдері арасындағы гендерлік теңдік индексі бойынша (Global Gender Gap Report 2023) Қазақстан 146 елдің ішінен 62-орынға жайғасты.

El.kz тілшісі гендерлік теңдік сарапшысы Жанар Темірбекова, әлеуметтанушы Жаннұр Ділдабаева және саясаттанушы Жұлдызай Ысқақовамен бірге Қазақстандағы гендерлік теңдік саясаты қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы әңгіме өрбітті.

Әйелдер тиянақты жұмыс істейді

Жақында мемлекет басшысы әйелдер қауымының жұмысына жоғары баға берді. Президент мемлекеттік қызмет пен басшылықта әйелдердің үлесін көбейту керегін де басты назарға қойды.

Мемлекеттік аппараттағы әйелдердің үлесі 55 пайызға жуықтағанына қарамастан, басшылық құрамда бұл көрсеткіш 39 пайыздан аспайды. Өз тәжірибемнен білетінім, әйелдерді қызметке тарту керек. Біріншіден, ер адамдар ренжімесін, әйелдер жұмысқа өте мұқият, тиянақты қарайды, - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы бұған дейін де, дәлірек айтсақ, 2020 жылы компаниялардағы басқарушылық лауазымдарда әйелдердің үлесін 30 пайызға дейін арттыру керегін айтқан болатын.

Біз әйелдерге қолдау көрсетіп, олардың мемлекетті басқару ісіне барынша белсенді атсалысуын жүйелі түрде іске асырып келеміз. Статистика сәйкес барлық мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің 55 пайыздан астамы әйелдер. Сондай-ақ Парламент пен мәслихат депутаттарының 22 пайызы, судьялар корпусының 47 пайызы әйелдердің еншісінде, - деген еді президент.

Мемлекет басшысының халыққа жолдаған үндеуіндегі әйелдер рөлі іс-жүзінде де жүзеге аса бастады. Мәселен, 2023 жылы болған Мәжіліс сайлауында әйелдерге қатысты саяси квота ұсынысы жүзеге асты. «Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сындағы сайлау тура­лы» конституциялық заңда және «Саяси партиялар туралы» заңда қарастырылған ережелер бойынша парламенттік тәжірибемізде алғаш рет партия­лық тізімге әйелдер мен жас­тар үшін 30 пайыздық квота енгізілді. Аталған норма Парла­ментке және жергілікті өкілді орган­дарға әйелдер мен жастар­ды тартудың тиімді жолы ретін­де олардың еліміздегі қоғамдық-саяси үдерістерге белсенді қатысуына септігін тигізетіні айтылған.

Бүгінде Мәжілістегі 98 депутаттың 18-і әйел. Сенаттағы 50 орынның ішінен әйелдер 11 (22%) орынға ие болды. Үкімет құрамында 4 әйел министр жұмыс атқарып жүр. Өңірлерде әйел әкімдердің сайланғанын да атап өтейік.

Елімізде университет пен халықаралық орталықтардың басшылығына іскер әйелдерді тағайындау тенденциясы байқалады. Ал білім-ғылым саласында іскер әйелдің образын қалыптастырған басшының бірі – Жанар Темірбекова. Ол осыдан 3 жыл бұрын Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры қызметіне кіріскен еді. Жанар Амангелдіқызы басшылық лауазыммен қатар ұзақ жылдар бойы әйелдердің қоғамдағы рөлін, көшбасшылығы мен гендерлік теңдігіне қатысты зерттеу жүргізіп жүр.

Жанар Темірбекованың айтуынша, саясатта жүрген әйелдердің үлесін көбейту арқылы ерлер елей бермейтін мәселелерге назар аударылады.

Саясаттағы әйелдердің рөлі мен маңызы, олардың құқығы және соңғы кездері айтылып жүрген әйелдерге арнайы квота бөлу мәселесіне күн тәртібінде тұр. Жалпы бұлар неге маңызды? Себебі, ұзақ ғасырлар бойы, тек біздің елде ғана емес, барлық көптеген елдерде саясатта әйелдердің рөлі өте төмен деңгейде болғаны ешкімге жасырын емес. Әйелдердің сайлау құқығы, олардың жоғары білім алу құқығы және тағы басқа да көптеген мәселелер осыдан 100 жыл бұрын күн тәртібіне келіп, содан бері көптеген әйел құқығын қорғаушылардың үлкен жұмысының нәтижесінде әлі де қаузалып келеді. Осы орайда біз де қазіргі таңдағы көптеген мәселелерге ден қойып жатырмыз, – дейді Жанар Темірбекова.

Сарапшы саясатқа әйелдердің келуін саяси шешім қабылдауда әйелдердің мәселелері мен құқықтарын, жалпы осы әйел тәжірибесінен туған көптеген кедергілер ашық талқыға түсіп, тиімді шешімдер қабылдау үшін маңызды деп есептейді.

Елімізде әйелдердің проблематикасын көтеретін көптеген іс-шаралар болады. Бірақ біз ол жерге көбіне басқарушы органдардың басшылары, яғни, ер адамдардың көп шақырылатынын көріп жүрміз. Ал шын мәнісінде, мұндай жиындар мен шешім қабылдайтын механизмдеріне біз әйелдерді қосуымыз керек. Себебі, әйелдің жағдайын әйелдер қауымы жақсы түсінеді. Көптеген ер адамдар әйелдің басынан өткізіп жатқан кейбір кедергілерді, дискриминациялар мен стереотиптерді түсінбеуі мүмкін және бұл өте табиғи нәрсе. Неге түсінбейді? Себебі, оларда мұндай тәжірибе жоқ. Ал кез келген әйел көп кездесетін барьерлерді шешуге белсене кіріседі. Міне, осы себептен саясатта жүрген тұлғалар халықаралық тәжірибе мен гендерлік теңдікті құру үшін қажетті позитивті дискриминация деген терминді негізге алды. Позитивті дискриминация деген – бұл көп жылдар бойы дискриминацияланған әлеуметтік топқа кейбір мәселелерде жеңілдік жасау, олардың қатысуын ынталандыру, құқығын қорғау үшін алдыңғы қатарға шығару. Соңғы сайлауда саяси партия құру кезінде әйелдер мен жастарға арналған саяси квота белгіленді. Мұның да түпкі негізгі идеясы осында жатыр. Осы арқылы инклюзивті қоғамдағы жандарға позитивті дискриминация жасалып жатыр. Әрине, бұл әйелдер мен еркектердің арасында позитивті дискриминация 50/50 пайыз болған кезде өзінің идеалды, қажетті деңгейіне жетеді. Бірақ оны бірден жасау да дұрыс емес. Ол кезде әділет, меритократия принциптері бұзылуы мүмкін. 50/50 пропорционалды деңгейге кезең-кезеңімен жету керек, – дейді гендерлік эксперт.

Сарапшы саяси өмірдегі әйелдердің басты принциптеріне тоқталды.

Саясатқа араласу оңай емес. Оның да көптеген қиыншылықтары бар. Десе де, әйелдердің бойындағы қабілеттер мен принциптер де ер адамдардың бойындағы қабілеттерден анағұрлым өзгеше емес. Дәл сол принциптер – әділ болу, елге адал болу, этикалық тұрғыдан дұрыс шешім қабылдай білу, заң мен құқық үстемдігін сақтау. Ең басты принциптер – осы. Себебі, кез келген саясатты дұрыс жүргізу үшін ол жерде меритократия принципі өте маңызды. Және бұл меритократия принципі ерлер мен әйелдерге бірдей жүруі керек, - дейді эксперт.

Еліміздегі гендерлік саясаттың бағыты дұрыс

Жанар Темірбековадан жоғары басқару позицияларында әйелдердің болуы гендерлік теңдік саясатының дамуына және академиялық қоғамдастықтағы әйелдердің рөлін қабылдауға қаншалықты әсер ететінін сұрадық.

Әрине, осындай білім беру мекемелерінде, оның ішінде жоғары білім беретін университеттер мен ғылыми-зерттеу институттарында, сондай-ақ басқа да ұйымдардың басшылығында әйелдердің болуы өте үлкен фактор. Жалпы гендерлік саясатты зерттеу бойынша ғылыми әдебиетке шолу жасасаңыз, glass ceiling – «шыны төбе» деген ұғым бар. Яғни, кез келген жерде әйелдер бірінші басшы болуға барлық қабілеті жеткенімен, көп жағдайда сол басшының орынбасары деңгейіне дейін ғана көтеріледі. Себебі – қоғам оны қабылдағысы келмейді, қоғам әйелдерді басшы болуға дайын емес деп ойлайды. Осыған байланысты көптеген стереотиптер бар. Сондықтан осы «шыны төбе» деген ұғымды жеңу үшін түрлі ұйымдарға әйел басшылардың келуі өте маңызды. Олар рөл моделі ретінде қоғамдағы барша әйелдерге жігер береді. Мысалы, көптеген елдерде басқару кеңестерінде әйелдердің болуы шарт деген ережелер бар. Соңғы уақытта университеттерімізде әйел басшылардың саны көбейіп келеді. Бұл да өз алдына мемлекеттегі гендерлік саясаттың дұрыс бағытта жүріп жатқанының бір белгісі, – дейді ол.

«Әйелдер – нәзік, эмоцияға бой алдырады». Таптаурын көзқарастар

Көшбасшылық қызметке жету жолында әйелдер қауымы түрлі стереотиптерпен бетпе-бет келеді.  Соның ең бастыларына тоқталып өтсек.

Ең бірінші стереотип – «Әйелдер – нәзік, мінезі жұмсақ болады. Тәртіпті сақтау үшін қатал шешімдер қабылдай алмайды, қатаң тәртіп орната алмайды» деп ойлайды. Негізінен әйелдер керісінше меритократия принципіне жақындау болады. Жалпы ғылыми әдебиеттерде әйел басшы болған ұйымдарда жемқорлық мәселесі анағұрлым аз екені айтылады. Сондай-ақ пандемия кезінде әйелдер басқарған мемлекеттердің денсаулық сақтау саясаты тиімдірек болған. Әйелдер басқарған ұйымдар өз ресурстарын тиімдірек қолданады деген өте қызықты әрі назар аударуға тұрарлық ғылыми зерттеулердің нәтижесі бар.

Тағы бір стереотип – «Әйел басшыларды қол астында жұмыс істеп жатқан ер адамдар қабылдамайды. Тыңдағысы әрі бағынғысы келмейді» деген пікірлер жиі айтылады. Бірақ, іс жүзінде заң аясында жұмыс істегенде, квалификациялық талаптарды сақтауға бағытталған құқықтық нормаларға сай жұмысты ұйымдастырғанда біраз таптаурын көзқарастарды жоққа шығара аласыз. Көптеген әріптестерімнен «Басшының әйел адам болғаны жақсы екен», – деген пікірлер де естіп жүрмін. Бұл да әрине қуантарлық жағдай. Жалпы басшы болғанда оның жұмысындағы аса маңызды нәрсе – басшының этикалық келбеті, кәсіби құзыреті, кикілжіңдерді шешу, келіссөз жүргізу, тез шешім қабылдай білу, стреске төзімді болуы. Міне, осындай дағдылар ер адам болса да,  әйел адам болса да, кез келген басшының бойынан табылғаны жөн.

Келесі стереотип – «Әйелдер өте эмоционалды, логикаға сүйеніп шешім қабылдай алмайды» деген көзқарас. Оның керісінше екенін көп жағдайда көз жеткізіп жатамыз. Бір байқағаным, басшылық қызметте әйелдердің жауапкершілігі өте жоғары болады. Жоғарыда айтқанымдай, «шыны төбе» дейміз ғой, жалпы әйелдердің кәсіби мансабында өсуі оңай емес. Оны жеңіп шығу үшін әйелдер анағұрлым жоспарлы жұмыс істеуі керек. Уақытын тиімді пайдалануы тиіс. Оларға талап екі есе жоғары қойылатындықтан көбінесе өте мықты әйелдер ғана басшылық қызметте жүреді. Олар осыншама қиын жолдан өтіп, лауазым иесі атанған соң жұмысына өте мұқият, жауапкершілікпен қарайды. Сонан соң эмоцияның жағымсыз фактор екенін айту да дұрыс емес. Өйткені қоғамды немесе өз қарамағыңда еңбек ететін адамдардың хал-жағдайын түсіну үшін салауатты эмоция барлық басшыға керек. Тек қана IQ емес, сонымен қатар EQ-дің де маңызды екенін ғалымдар көптен бері айтып жүр – дейді Жанар Темірбекова.

Сарапшының сөзінше, гендерлік стеротиптерді жеңу үшін арнайы оқу бағдарламалары керек. Мемлекеттік басқару, саясаттану, халықаралық қатынастар, журналистика сияқты саясатқа байланысты бөлімдерде гендерлік зерттеуге қатысты пәндерді енгізу керек.

Саясатқа әйелдердің араласу мәселесі бойынша гендерлік эксперттер ретінде көптеген ұсыныстар жасаймыз. Сол ұсыныстардың бірін еліміздегі бірнеше университет қолдады. Халықаралық қазақ-түрік университеті БҰҰ-ның әйелдер кеңсесінің қолдауымен жаңа білім беру бағдарламасын енгізіп жатыр. Бұл – гендерлік және мемлекеттік саясат курстары қамтылған магистратура бағдарламасы. Келесі оқу жылынан бастап талапкер қабылдауды жоспарлап отырмыз. Мақсатымыз – мемлекетің гендер саясаты саласындағы теориялық және әдістемелік білімді игерген, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті және зерттеу дағдыларына ие ұйымдастыру мен басқарудың инновациялық әдістерін меңгерген білікті кадрларды даярлау. Сондай-ақ бұл кадрларды келешекте әртүрлі әкімшіліктерде, министрліктерде әйелдерге байланысты маңызды шешімдер қабылданатын комиссиялар мен кеңестерге қосу, – дейді Жанар Амангелдіқызы.

Әлемде гендер теңдігін жетілдіру жолдары жүйелі жоспарланады. Сарапшы өз сөзінде қоғамда гендер теңдігі бойынша сауатты болудың маңызын атап өтті. 

Бірінші кезекте, гендер теңдігі бұл хақ пен құқық мәселелері бойынша қоғамның сауатты болуын қажет етеді. Әсіресе инклюзивті демократиялық қоғам құру үшін бұл өте маңызды. Сондықтан, арнайы бағдарламаларды енгізу – заман талабы. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақстандағы әйелдердің экономикада, саясатта және медиадағы орны туралы жоба жасағанбыз. Сол жоба аясында АҚШ-тағы университетке барып, гендерлік саясатқа байланысты зерттеу жүргізетін 5 орталықтың жұмысымен таныстық. Себебі, бұл жаһандық деңгейдегі үлкен мәселе. Ешбір мемлекет «Гендер теңдігін 100 пайыз орындадық» деп айта алмайды. Ғасырлар бойы келе жатқан мәселені шешу үшін халықаралық, отандық эксперттермен ақылдасып, шешімін іздеуіміз керек. Мереке қарсаңында айтарым, әйелдер мен қыздарға арналған жаңа мүмкіндіктер қарастырып, тиісінше, әйелдер қауымы да бұл іске белсенді түрде дами түспекпіз. Әйелдер – адам капиталының тең жартысы. Демек, әйелдерге көп мүмкіндік беру арқылы еліміздің әрі қарай да алға жылжуына үлес қосатынымыз анық, – дейді гендерлік сарапшы Жанар Темірбекова.

Әйелдердің басшы болуына не кедергі...

Қазақстанның еңбек нарығында 4,3 миллион әйел бар. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, әйелдердің басым бөлігі білім беру саласында – 872,9 мың, көтерме немесе бөлшек саудада –  866,9 мың, ауыл, орман және балық шаруашылығында 453,1 мың адам жұмыс істейді. Денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету саласында 406,9 мың әйел, өнеркәсіп саласында 337,3 мың, құрылыс саласында 128,8 мың адам жұмыс істейді. Ал өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында 74,3 мың әйел жұмыс істейді.

Қазақстандық қоғамдық даму институты «Қазіргі Қазақстандық қоғамдағы гендерлік саясат» атты зерттеу жүргізіп, әйел адамдардың басшылыққа баруына түрлі стереотиптер кері әсер ететінін анықтаған. Сауалнамада қойылған «Сіз жұмыс істейтін ұйымның басшысы кім?» сұрағына 744 адамның 528-і немесе 70%-ы ер адам, 216-ы немесе 30%-ы әйел адам деп жауап берді. Ал әйел адамның басшы болуына не кедергі екеніне жауап беру барысында респонденттер отбасындағы жеке мәселелердің басымдылыққа ие болатынын айтқан.

Осы орайда әлеуметтанушы Жаннұр Ділдабаевадан әйелдердің басшылық қызметтен қашқақтауына не әсер ететінін сұрап білдік.

Дүниежүзілік құндылықтар зерттеу нәтижесіне сәйкес, Қазақстан халқының 93%-ы әйелдердің қоғамдағы құқығы мен мүмкіндігіне қатысты кем дегенде бір таптаурын көзқарасты ұстанады. Сондай-ақ 70% адам «билікте ер адамдар саяси көшбасшы болуға лайық» және «әйелдерге қарағанда ер адамдар бизнесті жақсырақ басқарады»  деп санайды. Бұл біздің қоғамда әйелдердің басшы болуына қатысты теріс ұғымдардың етек жайғанын көрсетеді. Оған қоса, әйелдердің басшылығын мойындамайтын, сынға алатын мақал-мәтелдер көп. Мысалы, «Алтын басты әйелден, бақа басты еркек артық», «Әйел бастаған көш оңбас», «Байтал шауып бәйге алмас», «Әйелдің шашы ұзын, ақылы қысқа» деген ұғымдар әйелдердің әлеуметтік шекарасын шектейді, - дейді әлеуметтанушы.

Жаннұр Ділдабаева әйелдердің үй шаруашылығындағы жүктемесі кәсіптегі мансабын құруға кедергі жасайтынын айтты.

Зерттеулерге сәйкес, 50 пайызға жуық әйелдер үйдегі тірлікке 6 сағаттан артық уақытын жұмсайды. Жалпы әлем бойынша үй тірлігіне, ақысы төленбейтін, ешқандай талқысыз әйел мойнына жүктелген үй тірлігіне әйелдер ерлерге қарағанда 2 есе көп уақытын жұмсайды. Сәйкесінше, әйелдердің жұмыста белсенді болып, мансаптық жолын құрып, жоғарылауға ресурсы жетпейді. Әйелдің карьерасында өрлеуіне жағдай жасап, ер адамдар тұрмыстық жауапкершілікті тең бөліскенде баланс орнайды, - дейді әлеуметтанушы.

Маманның айтуынша, ер адамдардың 70 пайызы «әйелдің басты міндеті – отбасы, бала бағу» деп есептейді. Мұндай таптаурындарды қысым ретінде қабылдауға болады.

Әйелдердің мансабына қатысты «Жабысқақ еден» деген ұғым бар. Әйелдер ер адамдармен салыстырғанда жұмыстағы бастапқы позициясында жылдар бойы жұмыс істейді. Декреттік демалыстан шыққан соң жұмыста жоғарылау да қиынға соғады. Бұл әйелдердің бойындағы қабілеттің аздығынан емес, қалыптасқан гендерлік стереотиптер мен дискриминация әсерінен болады, - дейді әлеуметтанушы.  

«Шыны төбе» әсерінен де әйелдің бірден басшы болуы екіталай.

Әйелдер қашан көшбасшы болады? Компания бір дағдарыс пен тоқырау, құлдырау кезеңінде тұрған кезде көбінесе әйел адамдарға басшылық қызметті ұсынады. Компания кризиске ұшырағанда ер адамдар басшы болудан бас тартады. Мен айтқан барлық факторлардың әсерінен, әйел адам компанияның құрдымға кететінін біле тұра, ұсынысты қабылдайды. Көбінесе әйелдер сол қиын кезеңде ұтымды шешімдер қабылдап, ахуалды жақсартады. Кейде әйел адамға ауыр кезеңде басшылық қызметті ысыра салу арқылы «Әйел басқарғандықтан ғой» деп барлық құлдырауды жылы жаба салумен аяқталады, - дейді Жаннұр Ділдабаева.

Әйелдердің саясатқа қызығушылығы мен белсенділігі

Әйелдердің басшылық қызметке жету жолындағы белсенділігі мен қызығушылығы да аса маңызды екенін атап өткен жөн. Мысалы, қоғамдық жобаларға қатысу, мемлекеттік қызметтегі қабілеттерін күшейту, үнемі біліктілігін жетілдіріп отыру. Республика көлемінде сұранысқа ие болған Сенат жанынан құрылған «Талдау мектебі» мысалында әйелдердің белсенділігін қарастырайық.

Саясаттанушы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Жұлдызай Ысқақова әйелдер қауымының белсенді екенін айтты. Ол Сенат жанынан құрылған Талдау мектебінде қыз-келіншектерге ерекше назар аударатынына тоқталды.

Сенаттың қолдауымен жүзеге асырылып келе жатқан «Талдау мектебі» қоғамдық жобасына қатысуға сұраныс жоғары. Үшінші кезеңге қатысу үшін 400-ден аса адам өтінім жіберген. Өтініш бергендердің 55%-ы қыздар, ал 45%-ы ер азаматтар болған. Осылайша әр қатысушының өтінімін мұқият зерделеп, 60 адам қабылданды. Оның 32-сі қыздар қауымы, бұл жалпы үлестің 53%-ын құрайды. Бұл ел халқының қазіргі демографиялық құрылымын көрсетеді. Оның үстіне мұндай гендерлік тепе-теңдік әдейі жасалмаған. Бірінші және ең маңызды критерий конкурсқа қатысушылардың кәсіби деңгейі, олардың бэкграунды мен білім деңгейі болды. Іріктеу нәтижелеріне сүйенсек, аналитикадағы қыздар өздерінің кәсіби қасиеттері бойынша ұлдардан еш кем түспейтіні және олардың мотивациясы өте жоғары екенін көрсетті, - дейді Жұлдызай Ысқақова.

Саясаттанушы сарапшы қыздардың басшылық қызметке тағайындалу мүмкіндігі көп болатынын да алға тартты.

Менің ойымша, жоба аналитикалық құралдарды түсінікті және пайдалануды жеңілдетеді. Тәжірибелі оқытушылар мен тәлімгерлер қатысушылармен өз білімдері мен тәжірибелерімен бөліседі, көмектеседі, бағыттайды және біріктіреді. Мектептің арқасында бір-біріне көмектесетін, бір-бірін ынталандыратын және қолдайтын талдаушылардың жаңа қауымдастығы құрылуда. Жалпы, Талдау мектебі жобасы гендерлік шекараны кеңейтеді. Көптеген ұйымдар басшылық лауазымдарға ықтимал үміткерлерді іздеу үшін жүгініп жатады, - дейді Жұлдызай Ысқақова.

P/S: Елімізде жүргізіліп жатқан гендерлік саясат нәтижесі 2030 жылға қарай айқын жемісін береді. Өйткені, гендерлік саясат тұжырымдамасына сәйкес, атқарушы орғандардағы басшы әйелдердің үлесі 2023 жылы 25%, 2027 жылға қарай 27%, 2030 жылға қарай 30% құрауы керек. Оған қоса қоғамда өз құқығын талап ету және қауіпсіз орта құру – әйелдердің басты құндылығына айналып отыр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: