Айдай Исаева: «Әлем аруы» және отбасылық дәрігер

28 Қаңтар 2015, 11:53

Әлем сұлулары сайысына бірнеше күн ғана қалды

«Әлем аруы-2014» сұлулық байқауында Қазақстан намысын «Мисс Қазақстан-2013» байқауының жеңімпазы Айдай Исаева қорғайды.

 

 «Әлем аруы-2014» 25 қаңтарда АҚШ-тың Майами қаласында өтеді. Байқау биыл 63-рет дәстүрлі түрде өткелі жатыр. Әлемнің 125 елінің сұлуы байқауда бақ сынамақ. Финалға үш жұма қалғанда Майамиде жиналған сұлулар сайысқа  қызу дайындық үстінде. Қайырымдылық жобаларға, фотосессияларға, ең үздік ұлттық костюм байқауына қатысып жатыр. Айдай әлеуметтік желілерде өзінің күнделікті дайындық кезіндегі суреттерін жариялап отырады.

«Зумба» биін үйрену барысында.

«Әрине, жеңіс менде болады деп артық айтқым келмейді. Бірақ, еліме барымды салуға  уәде беремін. Өзіме артылған үмітті ақтауға барынша тырысамын. Негізгі мақсатым – үздік ондықтың қатарынан көріну»,-деп аруымыз бір сұхбатында хабарлаған болатын.

«Дүниежүзі аруы-2014» байқауында қазақстандық сұлу көрермендердің алдына белгілі отандық дизайнер Аида Кауменованың арнайы дайындап  тіккен ұлттық киім үлгісімен шығады.(Фото)

Кешкі көрсетілімде Айдай Исаева асыл тастармен безендірілген әлемдік дизайнердің ұсынған көйлегін киіп шықпақ.(Фото)

Айдай Исаева Шымкент қаласында 1989 жылдың 19 сәуірінде дүниеге келген. 5 жасынан бастап балетпен айналысады. Бос уақытында теннис, гольф және воллейбол ойнағанды ұнатады.

Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Қазіргі таңда Алматы қалалық №1 емханада отбасылық дәрігер болып қызмет етеді. Байқауға байланысты емхана басшылығы бойжеткенді жұмыстан босатып, 3 айға ақысыз демалысқа шығарған. Финалға дейінгі уақытын Айдай толықтай дайындықпен өткізді. Үнемі фитнес залдарда жаттығып, телеарналарға сұхбат берді, ағылшын тілі білімін шыңдап сапарға дайындалды.

Сұлу бойжеткен осыған дейін «Шымкент аруы», «Университет аруы», «Мега аруы», «Алматы аруы», «Қазақстан аруы» сынды сұлулық байқауларына 17 жасынан бастап қатысып, бағын сынап келген. «Әлем аруы» Айдайдың қатысып жатқан он бірінші байқауы. Енді аруымыз «Әлем аруы» байқауының үздік ондығына кіруді көздеп отыр.

Ғаламшардың ең сұлу қызы 25 қаңтарда ақтық сында белгілі болады. Конкурс барысы 200 елде тікелей эфирде көрсетіледі. Жеңімпазға тәжді «Венесуэла аруы» атанған Габриэла Ислер кигізеді.

Осыған дейін Қазақстанның намысын қорғауға барған сұлуларымызға жеңіс бұйырмады. Осы орайда Айдай Исаеваға сәттілік тілейміз және аруымыз жеңіспен оралады деген сенімдеміз.

 Айсауле Нұрлыбек

Бөлісу: