16 Қыркүйек 2014, 05:02
Алеут тілі
Бөбегім, сенің құстарға деген сүйіспеншілігіңе таңданам. Жан-жағыңа зер салып, тіршілік атаулыны тани бастағаныңда назарың құстарға ауды. Екеуміз күн ұзақ кептерлерге жеп беріп, бағаналарда отырған құстарды бақылаушы едік қой. Сенің алғашқы қадамдарың да балапанның аяқалысына ұқсайтын. Екі қолыңды құдды қанатың сынды сермеп-сермеп жіберіп, апыл-тапыл жүгіретінсің... Қазіргі сүйікті ойының да – құс балып ұшу. Апаң мен атаң да, анаң мен әкең де қанатын жайып, самғайды үйдің ішінде. Бөбегім, сонау Тынық мұхитының солтүстік жағалауларында Алеут қыраны деген құс бар. Ол – қыран атаулының ірісі. Алеут қыраны табиғатта тым аз кездеседі. Бұл құс Жапония, Колифорния мен Орегонға дейін ұшып, осы аумақты да жайлағанымен, Алеут аралдарына қайта орала береді. Өйткені, бұл аралдар – Алеут қыранының туған мекені... Ал сен осы аралдарда алеут деген халық тұратынын білесің бе? Алеут қыраны мен алеут халқы – тағдырлас. Екеуі де жоғалудың аз алдында тұр.
Алеуттер – Алеут аралдарының байырғы тұрғындары. Бүгінде бұл халықтың бір шоғыры Ресейдің Камчатка өңірін, енді бір шоғыры Солтүстік Американың Аляска жерін мекен етеді. 1867 жылы Ресей Империясы Аляска мен Алеут аралдарын АҚШ-қа басыбайлы сатып жіберді. Осы оқиғадан бұрын жүздеген алеут Командор аралдарына күштеп қоныстандырылған еді. Бұл адамдар жергілікті жердің байлығын игеріп жатқан Ресей-Америка бірлескен компаниясына азық-түлік, киім-кешек дайындауға міндеттелді. Осылайша, бұлар өз тамырларынан қол үзіп, Беринг
және Медный аралдарында біржолата қалып қалды.
2000 жылғы санаққа сенсек, АҚШ мемлекетінде 17 004 алеут бары анықталған. Оның 2000-ы алеут тілін жетік біледі. Оған себеп, 1920 жылға дейін алеут балалары өз тілінде білім алған. Дәл осы жылы бұл іске тыйым салынып, тек 1970 жылы жойылу алдында тұрған тілде қайтадан білім беріле бастады. Бұған қоса, америкалық алеуттер діни кітаптарын өз тіліне дер кезінде аударып, сол арқылы ұлттық тілін сақтауға күш салған. Ал Командор аралдарындағы алеут халқы мен алеут тілінің ахуалы басқаша. Олардың саны 700-дің ар жақ, бер жағында ғана. Алеуттер орыстанып, басқыншы халыққа жұтылып кетті. Діні де, ділі де өзгерген. Ғасырлық наным-сенімдерінен жерініп, проваславие дінін қабылдаған. 1980 жылдан бері алеут тілін факультативтік негізде оқыту жөнінде бастамалар көтеріліп, бұл идея белгілі бір деңгейде жүзеге асты. Дегенмен, бұл қадамдар алеуттердің туған тілін сақтай алмайтыны анық еді.
Ең таңғаларлығы, алеут тілінің диалектілері көп. Әр диалектіні жеке дара тіл ретінде қарастыру тенденциясы белең алған. Меніңше, тілді дамытып, сақтауға кедергі келтіретін бірден-бір себеп осы. Командор аралдарындағы алеуттер де екі диалектіде сөйлеген. Бірі – Медный, бірі – Беринг диалектісі. Бүгінгі күні небәрі 3 адам медный диалектісінде сөйлесе, 4 алеут қана беринг диалектісін біледі. Ресейдің лингвист ғалымдары екі диалектіні бір-біріне ұқсамайтын жеке тіл деп таныған. Медный диалектісінің әлемдік тілдік тәжірибеде кездесе бермейтін құрылымы бар. Бұл тілде сөздің түбірі – алеутше, ал жалғауы – орысша. Мәселен, «тунухтаем» дейді алеуттер, «тунухта» деген түбір сөзге орысша «ем» жалғауы жалғанып, «әңгімелесіп отырмыз» деген мағына береді...
Бөбегім, қазақ жастарының арасында да осылайша туған тілін шұбарлайтындар бар. Мұндай тілбұзарлықтың арты – тілді құрдымға апаратынын жан-дүниеңмен сезінуге тиіссің. Бұл қауіп орыс тілінің ықпалындағы барлық тілдерге төніп тұр.