Айдарбек Қожаназаров: Дихандар банкрот болудың алдында тұр

12 Мамыр 2023, 17:00 1209

Елімізде дихандар үкіметтің жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасынан қол үзген. «Кең дала» бағдарламасы арқылы қаржы ала алмай отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты, «Respublica» партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Түркістанда өткен ҚР Парламенті Мәжілісінің көшпелі отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

 Депутат Айдарбек Қожаназаров жиында жылыжай шаруашылығымен айналысатын шаруалардың, бау-бақша өнімдерін өсіретін дихандарға үкімет тарапынан қолдау көрсетілмейтінін айтты.

Қазір ең басты проблема – дихандарға көктемгі дала жұмыстарын өткізуге қаражат тауып беру. Осы жиынның алдында шаруалармен сөйлестім. Бау-бақша өсіретін, жылыжаймен айналысатын дихандарымыз бүгінде үкіметтің жеңілдетілген қаржыландыру бағдарламасынан қол үзген, оларға Кең дала бағдарламасымен қаржы алуға мүмкіндік жоқ, -дейді депутат.

Оның айтуынша, бұл салалар жоғары технологияны және еңбек өнімділігін қажет ететін салалар болғандықтан, Ауыл шаруашылығы министрлігі мен аграрлық несиелік корпорациясы бар болғаны 262 бюджеттік бағдарламаның қаржылық экономикалық негіздемесіне өзгеріс енгізсе жеткілікті. Сонда мәселе толықтай шешіледі деп айтты. Қаржылық қиындықтарға тап болған кәсіпкерлер өндірісті тоқтатып жатыр.

Қазір жылыжай шаруашылығымен және бау-бақшамен айналысатын дихандардың қаржылық жағдайы өте нашар, банкрот болудың алдында тұр. Үкімет қолдауынан күдер үзген кейбір азаматтар бизнесін сатып жатыр. Қаржы ұйымдарының бюрократиясынан шаршаған дихандар барлық өндірісін тоқтатуда, – деді Айдарбек Қожаназаров.

Мәжіліс депутаты дихандарды жан-жақты қолдамасақ, толықтай импортқа тәуелді ел болатынымызды айтты Яғни ішкі нарықты қорғау және импорт мәселелеріне тоқталды.

Қазір контрабандамен келіп жатқан арзан қызанақ пен қияр, онсыз да шаруалардың басына сын болды. Көрші елдерден арзан өнімдер ретінде тіркелген қызанақтар келіп жатыр. Тиісінше, осы бағадан кедендік салық пен төлемдер төленеді. Ал, контрабандамен келген көкөністер әлбетте, ештеңе төлемейді. Мемлекеттік органдар ішкі нарықты қорғау үшін шаралар қабылдайтын болсақ баға өсіп кетеді деп қорқады. Баға өспейді, тек алып сатарлардың пайдасы азаяды, - дейді мәжілісмен.

Ол ең бастысы контрабандамен келген өнім қазақстандық өнімге айналып диқандардың құжатымен экспортқа шығып жатыр. Егер басқа елде ол көкөністерден ауру туындаса, еліміздің экспорт саласында проблемаларға тап боламыз деп отыр.

Депутат дихандардың тағы бір мәселесін алға тартты. Шағын шаруашылығы бар диқандар үшін нарықтағы кедергілерді алып тастау керек екенін айтты.Көкөніс нарығында пайданың 70%-ын алып сатарлар алып жатыр. Бұл өнімнің соңғы құнының өсуіне тікелей әсер етуде дейді.

Мысалы, жылыжайдағы 500 теңгелік қияр базарда 1200-1500 теңгеден сатылып жатыр. Диқандар егістік жерден өнімін делдалдың талабы бойынша сатады. Сортталмаған, жуылмаған тауар арзан тұрады. Өнімді жеткізіп беретін транспорт та жоқ. Бұл мәселені шешу үшін дихандар көп шоғырланған жерде шамамен 50 км арақашықтықта өнімді сорттау, тазалау және қаптау орталықтарын салу қажет.  Әр орталық сол ауданның негізгі өнім өсіру бағытына ескеріліп салынуы маңызды, – деді Айдарбек Қожаназаров.

 

 

Равиль Ашығали
Бөлісу: