«Айбоз» әдеби сыйлығының жеңімпаздары 5 млн теңгеден алады

24 Тамыз 2022, 17:34 1448

Өтінімдерді қабылдау 1 қазанға дейін жалғасады

Қазақстанда жалпы жүлде қоры 35 млн теңгені құрайтын тұңғыш «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына 7 номинаци бойынша өтінім қабылдау жалғасуда, деп хабарлайды El.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сыйлық қоры әр номинация бойынша 5 млн теңге. Байқаудың іріктеу барысы мен жобаның егжей-тегжейі туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз конференциясы шеңберінде белгілі болды.

«Айбоз» әдеби сыйлығы қазақстандық әдебиеттің дамуына, шығармалардың жанрлық тұрғыда кеңеюіне жаңа серпін береді. Бұл ретте оқырмандар жаңа шығармаларға қол жеткізе алады. Сыйлықтың ерекшеліктерінің бірі номинациялар бойынша жеңімпаздардың шығармаларын республикалық бюджет есебінен шығару және тарату» , - деді Мәдениет және спорт министрлігінің мұрағат істері және құжаттаманы басқару комитетінің төрағасы Қуат Бораш.

Айта кету керек, сыйлықтың басталуы 15 маусымда жарияланды, ал өтінімдерді қабылдау 1 қазанға дейін жалғасады. Ұлттық әдеби сыйлықта «Үздік поэзия», «Үздік проза», «Үздік драматургия», «Үздік балалар әдебиеті», «Үздік аударма», «Үздік комикс» және «Үздік кітап» номинациялары қарастырылған және байқауға отандық жазушылар қатыса алады.

Сондай-ақ, баспасөз конференциясы барысында әдебиетті қолдау саласындағы басқа да жобалар туралы белгілі болды.

«Биыл жаңа «Жаңа қазақ әдебиеті» жобасы іске қосылды, оның аясында жас авторлардың кітаптары 3 мың дана таралыммен басып шығарылады. Сонымен қатар елімізде жас қаламгерлер легін қалыптастырып, оларға тиісті қолдау білдіру, сондай-ақ, олардың әлемдік деңгейдегі тақырыптарға қалам тербеуіне мүмкіндік туғызу мақсатында 2023 жылдан бастап қазақстандық жас жазушылар мен ақындар үшін Президенттің арнайы әдеби сыйлығы тағайындалады. Сыйлық 18-29 жас аралығындағы жас қаламгерлерге «Проза», «Поэзия», «Драматургия», «Балалар әдебиеті» номинациялары бойынша бұрын жарияланбаған шығармалары үшін табысталады Сыйлық қоры әр номинация бойынша 4 млн теңге», - деді Қуат Бораш.

Сонымен қатар, авторлар мен баспаларды қолдау мақсатында кітап жәрмеңкелері өткізіледі. Мысалы, 28-30 мамыр аралығында «Алматы кітап жәрмеңкесі» өткізілді. Жәрмеңкеге әкелінген 14 мыңнан астам кітаптың 70 пайызы сатылған. Сондай-ақ, министрлік осы жылдың 23-25 қарашасында «Ұлы Жібек жолымен» X Халықаралық кітап және полиграфия жәрмеңкесін өткізуді жоспарлап отыр.

Баспасөз конференциясына ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын, аудармашы Любовь Шашкова, жас жазушы Садық Шерімбек қатысты.

Бөлісу: