Айбалта

25 Тамыз 2014, 05:25

Айбалта – жалманы (жүзi) жалпақ, жарты ай түрінде дөңгеленте соғылған, шабу-кесу арқылы зақым салатын жауынгерлiк қару.

Айбалта – жалманы (жүзi) жалпақ, жарты ай түрінде дөңгеленте соғылған, шабу-кесу арқылы зақым салатын жауынгерлiк қару.

Балтаның бөліктері. Суретші Қ.С.Ахметжан

А. басы болаттан, темірден соғылып, сабы ағаштан жасалып, берік болу үшін металмен, терімен қапталады. Басының құрылымдық ерекшелігіне сәйкес айбалта әмбебап қару саналады. Жауынгерлік балтаның бұл түрінде басының жүзі жалпақ, дөңгеленген түрде жасалуы А.-мен шабу арқылы да, кесу арқылы да зақым салуға мүмкіндік берді. Соққы күші жіңішке жүздің бойымен түсетіндіктен оның шабу, кесу күші жоғары болды. Кейбір А.-лардың шүйдесі балға түрінде жасалып, қосымша ұру, соғу арқылы зақым салуға да қолданылды.

Алғашқы балталар тас дәуірінде пайда болғанмен, тікелей жауынгерлік қару ретінде А. көшпелі халықтарда б.з. дейінгі II мыңжылдықтан қолданыла бастаған. Бұл кездердегі балта бастары арнаулы қалыптарда қоладан құйылып жасалған. Жазба деректерде сақтарда сагарис деп аталған екі басты А. түрі қолданылғаны айтылады. Жауынгерлік балта ерте заманнан ғұрыптық мәнге ие болды, сондықтан көне балталардың ғұрыптық нұсқалары да жасалып, олардың жүзінің беттері, шүйдесі, сабы әртүрлі өрнекпен, тотемдік жануарлар мен аңдар бейнелерімен көркемделді. Темір рудасын игеру орта ғасырда жауынгерлік балта басының көптеген жаңа түрлерін тудырды.

Көшпелі тү ркі ха лықтарының мифологиялық түсініктерінде қару әлемнің мифологиялық моделінің үштігін байланыстырып тұратын «әлем ағашының» алломорфы ретінде түсінілген. Сондықтан балта бастары мен саптарында қолданылатын өрнек түрлері көбіне «әлем ағашы» өрнегінің әртүрлі варианттары болып келеді. Бұл өрнектердің қолданылуы балтаның көне замандағы ғұрыптық сипатының қазақтарда көркемдік дәстүр ретінде сақталып келгенін айғақтайды. Сәнді А.-лардың саптары асыл тастармен де әшекейленді, А. бастарында киелі сөздер немесе арнау сөздер де жазылды.

Көшпелі түркі-моңғол халықтарында А. салтатты жауынгердің басты қаруының бірі болды. Көпфункционалдығына байланысты шабу қаруының бұл түрін қазақ жауынгерлері де көп қолданған. Қазақтарда А.-ны жауынгерлік қару ретінде қолдану XIX ғ.-дың аяғына дейін сақталып келді. Қазақ А.-ларының басының формасымен, әшекейімен, сабының ұзындығымен ерекшеленетін көптеген нұсқалары болған. Орташа ұзындықтағы сабы бар А.-лар ат үстінде соғысуға арналса, ұзын сапты А.-ларды хан ордасының күзетшілері ұстады.

Қазақ А.-ларының жүзінің беттері әдетте күміс қақтау, алтынмен және күміспен аптау, қырнау әдістері арқылы, ал металмен қапталған саптары көгеріс өрнекпен әшекейленді.

Дәстүрлі мәдениетте толыққұнды зат практикалық та, символдық та талаптарға сай келетін көпфункционалды табиғатымен ерекшеленетіндіктен, А. әскери құрал ретінде утилитарлық қызметінен басқа, түрлі символдық, белгілік және ғұрыптық мақсаттарда да қолданылды. Балтаның конструктивтік бөліктерінің анатомиялық кодпен белгіленуі қарудың көшпелі түркі халықтарының көне мифологиялық дүниетанымымен, антрпоформизмдік түсініктермен, анимистік сенімдермен байланысын көрсетеді. Көне заманда А. көп халықтарда оны ұстаушылардың сакральдық ролін көрсететін символдарының бірі болған. Байырғы өнер ескерткіштерінде А. құдайлардың билік атрибуттарының бірі ретінде бейнеленеді. Түркі халықтарының әр замандағы петроглифтерінде де киелі рухтардың қолдарында А. бейнеленгенін көруге болады. Жауынгерлік қару ретінде А. скиф аңыздарында патшалық биліктің, әскери сословиенің символы ретінде арнайы аспаннан түскен қару ретінде аталады.

Жауынгерлік балта түрлері. С.М. Дудин экспедициясы материалы.

1899 ж. Кунсткамера қорынан (1199-283) 

Осы ерекшелігіне сәйкес қасиетті мүлік, жоғары құндылығы бар зат ретінде А. көшпелі қоғамдағы түрлі әлеуметтік және мемлекетаралық қатынастарды белгілейтін әртүрлі ресми сый-сияпат, марапаттарды құрамына кірген. Шығыста патша, хандардың жеке күзетшілері, сарай күзетшілері айбалтаны лауазымдық қару ретінде ұстаған.

А. ерте заманнан көшпелі қоғамдағы түрлі әлеуметтік, руаралық қатынасты бекітетін салттарда ғұрыптық құрал ретінде де қолданылды. Көшпелі скифтердің анда болу салтында қан араласқан шарап құйылған ыдысқа А.- ның жүзін малып ант берген. Көне магиялық сенімдерге сәйкес ерте заманнан А.-ның зұлым күштерден, рухтардан қорғау, сақтау күші бар деп түсінілді де, апотропеикалық (қорғау, сақтау) магиялық ырымдарда қолданылды. Түркі халықтарында шаман-бақсылардың зұлым рухтармен айқасуға, күресуге көмектестін құралы ретінде зікір салғанда А.-ны пайдаланған. Ерте замандарда А. басына салынған ою-өрнек магиялық рөл атқарған. А.-ны көп халықтарда билеушілердің күзетшілерінің арнаулы қаруы ретінде қолданылуының мәні де осы қару түрінің магиялық қорғау мүмкіншілігінен туындаған.

А-ның қорғау функциясының бір көрінісі ретінде оның ғұрыптық жазалау құралы ретінде қолданылуын атауға болады. Құрбандық шалу ғұрпында көбіне А. ғұрыптық қару ретінде қолданылды. Өткен ғасырларда көп халықтарда А. өлімге кесілген адамды жазалауда қолданылатын қару болды. Қазақ ертегілерінде А. ертегі кейіпкерлерлерінің жер астының зұлым рухтарынан (жезтырнақ, жермыстаннан) қорғануға, оларды өлтіруге қолданған қаруы ретінде сипатталады.

Әдеб.: Ибрагимов И.И. Этнографические очерки киргизского народа // РТ., 1872. Вып.2; Этнографические очерки киргизов Перовского и Казалинского уездов. Сочинение Х.Кустанаева воспитанника ІV класса Туркестанской учительской семинарии под ред. Н.А. Воскресенского Ташкент, 1894; Валиханов Ч.Ч. Вооружение киргиз в древние времена и их военные доспехи // Собрание сочинений в 5-ти томах. Т.4. Алма-Ата: АН КазССР, 1961; Он же. Следы шаманства у киргизов // Там же. Тэрнер Виктор. Символ и ритуал. М.: Наука, 1983; Бессонова С.С. О культе оружия у скифов // Вооружение скифов и савроматов: Сборник научных трудов. Киев: Наукова думка, 1984; Традиционное мировоззрение тюр- ков Южной Сибири. Пространство и время. Вещный мир. Новосибирск: Наука, 1988; Традиционное мировоззрение тюрков Южной Сибири. Знак и ритуал. Новосибирск: Наука, 1990; Горелик М.В. Оружие древнего Востока (IV тысячелетие – IV в. до н.э.). М.: Наука, 1993; Бейхайм В. Энциклопедия оружия. СПб.: Оркестр, 1995 және т.б.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: