Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Көптеген ұлттардың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Әйтсе де, ұлтаралық келісім мен дінаралық татулықтың алтын бесігін тербету аяқ астынан туындаған немесе қазақ даласында өздігінен пайда болған дүние еместігі белгілі.
Ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген басқа жұртты бауырына басты. Өзінің тоз-тозы шыққанына қарамастан, басқаның қайғысына да ортақтығын танытты. Кеңестік жүйе қыспағымен қазақ даласын паналаған бөтен жұрт осында мәңгілік тұрақтап қалды.
Биыл ел бірлігі мен татулығының символына айналған Қазақстан халқы Ассамблеясына да 30 жыл толып отыр. Бұл айтулы дата еліміздегі бірлік пен татулықтың, ынтымақ пен түсіністіктің маңызын тағы бір мәрте айқындай түсті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясы биыл да Астана қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен өтті. Ұлтаралық келісім мен қоғамдық тұрақтылықты сақтау ісінде жастардың рөлі ерекше екені сессия барысында тағы да ерекше атап өтілді.
Осы орайда біз Жамбыл облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының белсенді мүшесі, Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің студенті, “Алтын Шаңырақ” студенттік Ассамблеясының төрағасы Ким Аяна Радионовамен сұхбаттасып, оның өмірлік ұстанымдары, қазақ тілі мен мәдениетіне деген сүйіспеншілігі және болашаққа құрған үлкен жоспарлары жайлы әңгімелестік.
El.kz: Аяна, алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып берсеңіз.
Аяна Ким: Мен қазір Тараз қаласындағы Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз университетінің "Экономика және бизнес" факультетінде "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша білім алып жатқан 1-курс студентімін. Ташкент қаласында дүниеге келгенмін. Бала кезімде екі жасқа дейін сол жақта тұрдым. Кейін отбасымызбен бірге Қазақстанға көшіп келіп, Қызылорда қаласында балабақшаға бардым. Ал мектеп пен колледжді Тараз қаласында тәмамдадым. Бастауыштан бастап барлық білімімді қазақ тілінде алдым. Сондықтан өзімді Қазақстанның төл перзентімін деп есептеймін. Бүгінде Тараз қаласының тұрғынымын. Әртүрлі өңірлерде балалық шақты өткізуім мен үшін өмірлік тәжірибе болды. Бұл маған әр жердің өзіндік болмысын тануға, көпшіл болуға және елге деген сүйіспеншілікті бойыма сіңіруге көмектесті.
El.kz: Қазақша өте жақсы сөйлейсіз. Қазақ тіліне деген қызығушылығыңыз қалай басталды?
Аяна Ким: Қазақ тілін білу мен үшін жай ғана қажеттілік емес, үлкен құрмет пен жауапкершілік. Бала кезімнен қазақ тілінде білім алдым. Бастауыш сыныпта көбіне кітаптағы мәтіндерді жаттап айтып жүрдім, ал өз ойымды еркін жеткізу сәл қиындау болатын. Нағыз қызығушылығым 5-сыныпта оянды. Сол жылы Тәуелсіздік күніне арналған өзге ұлт өкілдері арасындағы мәнерлеп оқу байқауына қатысып, жүлделі орын алдым. Мені Білім басқармасының басшысы арнайы марапаттап, алғаш рет жергілікті телеарнаға сұхбат берген сәтім есімде ерекше қалды.
Осы тәжірибе мені қатты шабыттандырды. Сол күннен бастап қазақ тіліне деген құрметім тереңдей түсті. Тілді білу — тек сөйлеу ғана емес, халқымыздың тарихын, мәдениетін, рухын сезіну екенін түсіндім. Қазақ тілінің арқасында көптеген мүмкіндіктер ашылып, өзімді жаңа қырымнан таныдым. Бүгінде қазақ тілі мен үшін туған тілмен тең дәрежеде қадірлі.
El.kz: Екі мәдениетті қатар алып жүру қиын ба? Әлде бұл сізге артықшылық па?
Аяна Ким: Мен үшін екі мәдениетті қатар алып жүру – қиындық емес, үлкен байлық пен артықшылық. Қазақ және корей мәдениеттерінің арасында өскенім менің дүниетанымымды кеңейтіп, өмірге деген көзқарасымды байытты.
Әр ұлттың өзіне тән салт-дәстүрі, құндылықтары бар. Бірақ қазақ пен корей халқының ортақ қасиеттері де аз емес — ең бастысы, үлкенге құрмет, қонақжайлылық сияқты асыл қасиеттер. Бұл маған екі мәдениетті де жүрегіме жақын қабылдауға мүмкіндік берді.
Қазақстанда туып-өскен соң, қазақ мәдениетіне деген сүйіспеншілігім ерекше. Қазақтың кең пейілі, ән-күйге бай өнері, ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрлері менің өмірімнің ажырамас бөлшегіне айналды. Ал корей мәдениеті өз тәртібімен, еңбекқорлығымен, ұйымшылдығымен маған үлгі болды.
Екі мәдениеттің озық тұстарын бойыма сіңіру арқылы өзімді жан-жақты дамытуға, қоғамға көбірек пайда әкелуге ұмтыламын.
El.kz: Қазақ мәдениетінен өзіңізге не ұнайды? Қай дәстүрді ерекше жақсы көресіз?
Аяна Ким: Қазақ мәдениеті маған өзінің терең руханиятымен, сан ғасырлық тарихымен және қайталанбас өнерімен қатты ұнайды. Әсіресе ұлттық музыка мен қолөнер мәдениеті ерекше әсер қалдырады. Домбыраның қоңыр үні мен халықтың мұңын да, қуанышын да жеткізе алатын күйлерін тыңдағанда жүрегім ерекше елжірейді. Қазақтың айтыс өнері де — нағыз сөз зергерлігінің, тапқырлық пен парасаттың жарқын көрінісі.
Сонымен қатар, қазақтың ұлттық киімдері де маған өте ұнайды. Әр оюдың, әр түстің өз мағынасы бар, әр киімнің астарында тұтас бір тарих жатыр.
Ал дәстүрлердің ішінде маған ерекше әсер ететіні — беташар рәсімі. Бұл салтта жаңа түскен келін отбасына таныстырылып, әр туыстың атын атап, ізгі тілек айтылады. Беташардың мағынасы — тек рәсім емес, ол үлкен жауапкершіліктің, жаңа өмірге қадам басудың, отбасы мен әулетті сыйлаудың көрінісі. Осындай терең мәнге ие дәстүрлер қазақ халқының даналығын, адамға деген құрметін айқын көрсетеді деп ойлаймын.
El.kz: Жамбыл облыстық Ассамблея мүшесі ретінде қандай жобаларға қатысып жүрсіз?
Аяна Ким: Жамбыл облыстық Ассамблея мүшесі ретінде мен көптеген маңызды жобаларға қатысып, еліміздің әлеуметтік және мәдени дамуына үлес қосып жүрмін. Ассамблеяның басты мақсаты — халықтар арасындағы достық пен бірлікті нығайту, жастарды белсенділікке баулу және ұлттық құндылықтарды сақтап, жаңғырту.
Өткен жылы Түркістан қаласында өткен “Бір Ел” тарихи-танымдық экспедициясына қатыстым. Бұл жоба еліміздің әртүрлі өңірінен келген жастарға тарихи ескерткіштермен танысуға мүмкіндік беріп, бір-бірімен жақын танысуға, ортақ мақсатта ұйысуға жол ашты. Сонымен қатар, Көкшетау қаласында “Ұлы Даланың - Ұлтаралық Тілі” атты Республикалық форумға қатысып, қазақ тілінің мәртебесін көтеру және оны жастар арасында кеңінен насихаттау ісіне өз үлесімді қостым.
Жыл сайын ұйымдастырылатын “Ассамблея жастары” лагері арқылы біз жастардың әлеуетін арттырып, олардың қоғамдағы белсенділігін күшейтеміз. Бұл лагерьде әр түрлі мәдени және әлеуметтік тақырыптарды қозғап, бірегей ұлттық құндылықтарды сақтау жолында пікір алмасамыз. Ассамблея жастары — тек жастар ұйымы ғана емес, қоғамға қажетті маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыратын волонтерлер тобы. Біз көп жағдайда қиын-қыстау сәттерде халықпен бірге болып, оларды қолдап, ел бірлігі мен татулығын сақтауға бағытталған жұмыстар атқарамыз.
Мені бұл жобаларда ынталандыратын негізгі фактор — еліміздің бірлігін нығайту және жастарды саналы ұрпақ ретінде тәрбиелеу. Әсіресе, Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен “Алтын Шаңырақ” секілді бастамалар арқылы біз ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты қалыптастырып, жастарды қоғамдық өмірге тарту бағытында көптеген маңызды шаралар өткізіп келеміз. Бұл жұмыстардың нәтижесінде көптеген жаңа достар таптым, әртүрлі мәдениет өкілдерінен көп нәрсе үйрендім.
Менің болашақтағы жоспарым — осы бастамаларға қосымша, жастарға арналған білім беру, мәдени және әлеуметтік бағыттағы жобаларды ұйымдастыруды жалғастыру. Қоғамның дамуына бағытталған осындай жұмыстар арқылы мен еліміздің болашақтағы ұлтжанды, белсенді және рухани жағынан бай азаматтарын тәрбиелеуге үлес қосуды көздеймін.
El.kz: Жақында «Алтын шаңырақ» кіші Ассамблеясының төрағасы болып сайландыңыз. Бұл жауапкершілікті қалай қабылдадыңыз? Қандай жаңашыл бастамалар енгізгіңіз келеді?
Аяна Ким: «Алтын Шаңырақ» кіші Ассамблеясының төрағасы болып сайлану мен үшін үлкен жауапкершілік әрі мәртебе. Бұл шешім мені шабыттандырып, әрі қарай қоғамдық қызметімді жалғастыруға күш-қуат береді. Қазіргі таңда еліміздегі бірлік пен татулықты сақтау — біздің басты мақсатымыз. «Алтын Шаңырақ» Ассамблеясы осы идеологияны ұстана отырып, ұлттар арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту жолында маңызды рөл атқарады.
Бұл қызметті қабылдаған кезде мен алдыма бірқатар мақсаттар қойдым. Біріншіден, біздің негізгі міндетіміз — жастарға ұлттық құндылықтарды, тіл мен мәдениетті насихаттау. Алдағы уақытта қазақ тілін үйренуге арналған тренингтер, семинарлар мен мастер-класстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмын. Сондай-ақ, әртүрлі этнос өкілдерінің мәдениетіне арналған іс-шаралар өткізуді көздеймін. Бұл жобалар жастарға өз халқының тарихы мен мәдениетін тереңірек түсінуге көмектеседі және Қазақстанның көпұлтты қоғамында өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайтады.
Екіншіден, Ассамблеяның бірегей платформасын қолдана отырып, жастардың әлеуметтік және кәсіби дамуына ықпал етуге ұмтылғым келеді. Жастардың көшбасшылық қасиеттерін дамыту, оларды қоғамның әлеуметтік мәселелеріне тарту және олардың қоғамдық белсенділігін арттыру мақсатында түрлі бағдарламалар ұйымдастырғым келеді. Мысалы, кәсіпкерлік пен инновациялық жобаларға қатысты тренингтер өткізіп, жастарға бизнес әлемінде өз орнын табуға көмектесуді жоспарлап отырмын.
Үшіншіден, «Алтын Шаңырақ» Ассамблеясының төрағасы ретінде мен волонтерлік қызметті кеңінен дамытуға мән бермекпін. Қазақстан Халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен «Студенттік Ассамблеяның» ашылуының қарсаңында осы бағытта көптеген жаңа бастамаларға жол ашылуы керек деп ойлаймын. Жастарды қоғамға пайдалы жұмыстарға тарту, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру және жастар арасындағы экологиялық сана-сезімді арттыру секілді жобалар мені қызықтырады.
Жаңашыл бастамаларымның ішінде жастарды ұлттық спорт түрлеріне тарту, сондай-ақ, оларды ұлттық дәстүрлер мен қолөнерге үйрететін мастер-класстар өткізу де бар. Осылайша, жастарға тек білім ғана емес, сонымен қатар елінің мәдениеті мен тарихына деген терең құрмет сезімін қалыптастыруды көздеймін.
Қорытындылай келе, бұл қызмет мен үшін тек жауапкершілік емес, сонымен қатар үлкен мүмкіндіктердің алаңы. Мен үшін жастарға үлгі болу, оларға бағыт-бағдар беру және қоғамда өзгеріс жасау — бұл өмірлік миссиям. Болашақта осы Ассамблея арқылы көп жастардың санасын оятып, олардың белсенділігін арттыруға үлес қосқым келеді.
El.kz: Сіздің замандастарыңыз ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтау ісіне қалай үлес қоса алады?
Аяна Ким: Қазіргі жастар ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтау ісіне маңызды үлес қоса алады деп сенемін. Жастар — қоғамның қозғаушы күші, олардың көзқарастары мен іс-әрекеттері еліміздің болашағын айқындайды. Сондықтан жастардың ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтау жолындағы рөлі айрықша.
Білім алу арқылы жастар елдің болашағына үлес қосуға тиіс. Білімді ұрпақ — мықты мемлекеттің негізі. Осы орайда, жастардың сапалы білім алуына жағдай жасау, инновацияларға бейім болу, ғылым мен техника саласында жетістіктерге жету үшін әрбір жас өз еңбегін салуы қажет. Бұл бағытта білім беру жүйесі мен қоғамдық құрылымдар бірлесіп жұмыс істей отырып, жастарды қоғамға пайдалы тұлға ретінде тәрбиелеу міндетін атқарады.
Қазақ тілін, мәдениетін құрметтеу және насихаттау — жастардың міндеті. Қазақстанның көпұлтты қоғамында тіл мен мәдениет арқылы бірлік пен тұрақтылықты сақтау өте маңызды. Тіл бірлігі — ұлттың тұрақтылығының негізі. Жастар өз ана тіліне құрметпен қарап, оны үйренуге, насихаттауға белсене қатысуы тиіс. Бұл, өз кезегінде, жастарды елдің мәдениетін терең түсінуге, өзара құрмет пен ынтымақтастықты нығайтуға бағыттайды.
Қоғамдық және әлеуметтік мәселелерге қатысу арқылы жастар еліміздің бірлігі мен тұрақтылығына үлес қоса алады. Қазіргі кезде жастар экологиялық, әлеуметтік және экономикалық мәселелерге көбірек назар аударуда. Олар түрлі волонтерлік жобаларға, қайырымдылық шараларына қатыса отырып, қоғамда белсенді рөл атқаруда. Сонымен қатар, жастарды ұлттық спорт түрлеріне, өнер мен мәдениетке тарту арқылы оларды өз ұлтының дәстүрлерін сақтауға және таратуға ынталандыру қажет.
Әлеуметтік желілер мен интернеттің дамыған заманында жастардың жауапкершілігі артуда. Әлеуметтік желілерді дұрыс пайдалану, дұрыс ақпарат тарату — жастардың үлкен міндеті. Олар тек өз ойларын білдіріп қана қоймай, қоғамның әртүрлі мәселелеріне жауапты әрі шыншыл көзқарас танытуы тиіс. Әлеуметтік желілерде ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық қатынастарды нығайту бойынша дұрыс ақпарат тарату арқылы жастар үлкен рөл атқара алады.
Жалпы, жастардың ел бірлігі мен тұрақтылықты сақтау жолындағы үлесі біліммен, мәдениетті құрметтеумен, қоғамдық белсенділікпен және әлеуметтік желілердегі жауапкершілікті дұрыс пайдалану арқылы жүзеге асады. Әрбір жас өз елінің болашағына, бірлігіне, татулығына жауапты екенін түсініп, өз іс-әрекеттері арқылы осы құндылықтарды нығайта алады. Сол үшін жастарға дұрыс бағыт-бағдар беру, қолдау көрсету және олардың белсенділігін арттыру өте маңызды.
El.kz: Қазіргі жастарды «бейжай» дейді. Бұл пікірмен келісесіз бе? Өз көзқарасыңызды қалай дәлелдер едіңіз?
Аяна Ким: Жалпы, жастарды біржақты «бейжай» деп айту әділетсіз болар еді. Әр адамның көзқарасы, ұстанымы әртүрлі. Оларды қолдап, дұрыс бағыт көрсету арқылы көбірек саналы, ұлтжанды, белсенді ұрпақ тәрбиелеуге болады деп ойлаймын. Бүгінгі күні көптеген жастар волонтерлік іспен айналысады, коғамдық шараларға қатысады, экологиялық, әлеуметтік мәселелерге үн қосады. Олар білім алып, ез елінің дамуына үлес косуға тырысады. Мысалы, Халыкаралық байқауларда жеңіске жетіп журген жастарымыз қаншама. Қазір әлеуметтік желілер мен интернеттің дамыған заманында қара терге түсіп еңбек етіп жатқан жастарды байқамаймыз. Бірақ жастардың еріншектігі, өміріне бейжайлығы интернет ресурстарының кесірі деу қате пікір. Себебі, әркім өз өміріне өзі жауапты. Бізді интернет “мені қолдан, еңбектенбе” деп мәжбүрлеп жатқан жоқ. Бастысы сен оны қалай, қандай мақсатта пайдаланасың. Әр нәрсенің жақсы қыры бар. Бәрі өз қолыңда. Мен өзім колледж бітіргеннен кейін Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының “Облыстық халық шығармашылығы орталығы” КМКҚ-ға жұмысқа орналастым. Сол кездері нағыз басшының қандай болу керектігін, үлкендер жастарды шын мәнінде қалай қолдау керектігін байқадым. Жұмыспен қатар, қоғамдық белсенділігімді тастамадым Ғани Кәдірсізұлы мен ұжымдастарым барлық іс-шара байқауларымда қолдау білдірді. Қала әкімінің “Taraz Awards” жастар сыйлығында “Қоғамдық қызметтегі үздік жас” номинанты атандым. Астана қаласында өзге ұлт өкілдері арасында өткен “Elim degender” шығармашылық байқауынан жүлделі орын иелендім. “Тәуелсіздік ұрпақтары” әкім грантының иегері атандым. Мен мұны мақтану үшін емес, барлығы өзіңізге байланысты екенін айтып отырмын. Бастысы табандылық.
El.kz: Болашақта қандай салаларда қызмет етуді қалайсыз? Қоғамдық белсенділік сіздің өмірлік жолыңызға қалай әсер етуде?
Аяна Ким: Болашақта өзімді Мемлекеттік саладағы қызметкер ретінде көремін. Менің ең үлкен армандарымның бірі — болашақта Ақордада қызмет ету. Бұл арманымның негізінде халқым мен елімнің дамуына өз үлесімді қосу ниеті жатыр. Ақорда — мемлекеттің жүрегі, онда елдің тағдыры шешіледі. Сондықтан мен білімімді жетілдіріп, еңбекқор болып, Отаным үшін адал қызмет еткім келеді. Еңбек пен табандылық арқылы осы арманымды жүзеге асырамын.
Қоғамдық белсенділік менің өмірімнің басты бөлшегі. Белсенділіктің арқасында өмірім бір сарында өтіп жатқан жоқ. Күнде түрлі қызықтар, жаңа таныстықтар. Бірақ белсенді болу оңай емес. Сен кейбір отбасылық, жеке өміріңдегі сәттерден бас тартуыңа тура келеді. Бұндай кездерде жас болғаннан кейін әрине сәл көңілің түседі. Бірақ кейін бұл еңбегімнің жемісін көріп, өткен күнге күлімдеп қараймын деп өзімді шабыттандырып қоямын. Кейде сабақпен, іс-шаралар қабаттасып кетеді. Бір күнде 5 іс-шара атқарған кездерім болды. Кейде адам өзіне демалуға да мүмкіндік беруі қажет, себебі денсаулық сенің байлығың, стресс пен депрессияға дейін бармай демалып тұруға кеңес беремін. Демалу деген берілу емес. Кішкене демалып күнделікті жұмысыңды ары-қарай жалғастыру керек.
El.kz: Өзіңіз кімдерді үлгі тұтасыз?
Аяна Ким: Әркімнің жүрегінде оны алға жетелейтін тұлғалар болады. Мен үшін ондай адамдар — халқына адал қызмет еткен саясаткерлер. Қазақстанда мен Әлихан Бөкейханның ерлігін, еңбегін жоғары бағалаймын. Ол қиындыққа мойымай, болашақ үшін жұмыс істеді.
Шетелдік саясаткерлерден Барак Обама мен Ангела Меркель маған үлкен әсер қалдырады. Обама — табандылық пен армандардың шекарасы жоқ екенін дәлелдеді. Ал Меркель — сабырлы, дана шешімдерімен бүкіл әлемге үлгі болды. Олар маған ел басқарудың тек билік емес, үлкен жауапкершілік екенін көрсетеді.
Мен болашақта саясаткер болғым келеді. Бұл тек биік орынға жету емес, бұл — халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, әділетті жолмен қызмет ету деген сөз. Сол үшін қазірден бастап көп оқуға, ойымды дамытуға, әділетті болуға тырысып келемін.
Жастарға берер кеңесім өжеттілік, табандылық, адалдық, қайсар мінез тілеймін және арман мақсат жолында тынбай еңбек ету.
El.kz: Адамды алдыға жетелейтін оның арман, мақсаты ғой. Ал сіз өзіңізді келешекте қалай елестетесіз?
Аяна Ким: Мектеп оқып жүргенімде Анна Данченко секілді қазақ тілді журналист болғым келетін. Себебі теледидарда қазақша жаңалық жеткізген өзіме қатты ұнайтын. Өзім шығармашыл адам болғандықтан, қиялдап армандайтынмын. Бірақ өсе келе болашағымды нақты қолға алу керектігін түсініп, жаңа бағыттар мен үлкен мақсаттар қойдым. Келешекте өзімді елімізде орны ерекше тұлға ретінде, халқына адал қызмет ететін қызметкер ретінде елестетемін. Журналистикаға деген қызығушылығым әлі де болса жүрегімде сақталып келеді, бірақ қазіргі таңда қоғамға үлкен өзгерістер алып келуге ықпал ете алатын мемлекеттік қызметте жұмыс істеуді армандаймын.
El.kz: Әңгімеңізге рахмет!