Аян Абдрахманов: Жүрекше фибрилляциясы инфекциясыз эпидемияға айналып барады

10 Тамыз, 09:36 1191

11 тамыз – Халықаралық сау жүрек күні. Бұл күн ана құрсағына біткеннен кейін бір айдан соң жұмысын бастап, өмір бойы үздіксіз соғып тұратын «ішкі қозғалтқышымызға» күтім жасаудың қаншалықты маңызды екенін еске түсіреді. Қазіргі таңда жүрек-қан тамыры аурулары әлемде өлім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің біріне айналды. Осыған байланысты біз ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының бас аритмологі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ аритмология қоғамының президенті Аян Абдрахмановпен сұхбаттасып, көкейдегі бірқатар сұраққа жауап алған едік.

El.kz: Бұрындары халық арасында жүрек «жарасын» кардиолог-кардиохирург дәрігерлер емдейді деуші едік. Кейін аритмология саласы пайда болып, кең таныла бастады. Аритмолог маман ретінде сіздің ойыңызды білсек, мұндай бөлек саланың ашылуына не түрткі болды?

Аян Абдрахманов: Аритмологияны жаңа сала деп айтуға болады. Өйткені ол 80-жылдардың аяғынан бастап, әсіресе Батыста, яғни Америка, Еуропа елдерінде танымал бола бастады. Бұл сала технологиялардың дамуымен қатар пайда болды. Бұрын кардиолог-дәрігерлер кардиологиялық ауруларды дәрілермен, инемен дәрі егу арқылы емдейтін. Қазір аритмологияда науқастарға интервенциялық ота, яғни аз инвазивті ота жасау дамыды.

Осы жерде түсіндіре кетейін, ағзадағы барлық тамыр жүрекке барады. Біз осы тамыр арқылы жүрекке кіріп, жүректің ішіне операция жасаймыз. Катетермен тахиаритмияны, бродиаритмияны ынталандырғыш (стимулятор) қою арқылы емдеу пайда болды. Бұл – кардиология, кардиохирургия, инженерия сынды салалардың тоғысқан жерінде пайда болған мамандық.

El.kz: Бүгінде отандық аритмологияның қандай жетістіктері бар?

Аян Абдрахманов: 2014 жылы Қазақ аритмологтар қоғамын аштық. Отандық аритмологияның қаншалықты дамып жатқанын сол қоғамға қарап көруге болады. Көптеген кардиологиялық бөлімдердің ішінен аритмология бөлімшелері ашылып, жылдан жылға ота саны артып келеді.

Біз осы Қоғамды дамыту мақсатымен 2019 жылы Еуропалық аритмия қоғамына толыққанды мүше болып кірдік. Бұл біздің жас мамандарға үлкен жол ашты. Олар Еуропадағы аритмологтармен бірге гранттарға, конкурстарға қатысып, біліктілігін арттырып, ақпараттар базасына қол жеткізе алады. Екі қоғам арасындағы байланыс мықты болғанының арқасында біз 2015 жылдан бастап жыл сайын дүниежүзілік, еуропалық дәрігерлердің басын қосып конференция өткізіп тұрамыз. Ол жерге әлемнің ең мықты, алдыңғы қатарлы аритмологтары келіп, жас буынға білгенін бөліседі. Биыл да осындай конференция болғалы жатыр. Бұрын еуропалық мамандармен ғана байланыста болсақ, биыл формат кеңіп келеді.

Еуропалық аритмия қоғамы және Жібек жолы бойындағы, яғни орталық Азияда орналасқан көршілеріміз – Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркия, Әзербайжан, Грузиямен бірлесіп Орталық Азия электрофизиологиялық саммитін аштық, күзде үлкен іс-шара өткізгелі жатырмыз. Оған Дүниежүзілік аритмия қоғамы қатысады. Осының бәрі Қазақстанның аритмология саласы қандай деңгейге көтерілгенін көрсетіп тұр.

2020-2022 жылдары мен Еуропалық аритмологтар қоғамында комитет төрағаларының бірі болдым, одан кейін өкілеттігім 2024 жылға дейін созылды. Қазір Орталық Азия мемлекеттерінің мүддесін Еуропалық аритмологтар ортасында қорғаймын, солардың дамуына, өсуіне ықпал етемін деуге болады.

Десе де Қазақстанда аритмолог мамандар жеткіліксіз екенін айта кету керек. Толыққанды аритмологиямен айналысатын мамандар Астана, Алматы, Шымкент секілді үлкен қалаларда болғанымен, периферияда аз. Республикалық маңызы бар қалаларда арнайы мамандандырылған аритмология бөлімшелері бар. Ал басқа алыс жерлерде көбіне ол кардиологияның ішіне кіреді және оны интервентті кардиологтар өз интервенциясымен қатар алып жүреді. Менің ойымша, оған қаржыландырудың аздығы да себеп болып отыр. Көп жерде толыққанды аритмологиялық көмек алу мүмкін емес. Сол себепті біз өңірлерге жиі шығып, шеберлік сағаттарын өткіземіз, өз білімімізді, тәжірибемізді бөлісеміз.

ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы 

El.kz: Аян Сүлейменұлы, сіздің жұмысыңызға оралсақ. ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасының бас аритмологі күніне қанша операция жасайды? Ерекшесіне, есте қалғанына тоқталып өтсеңіз.

Аян Абдрахманов: Мен осы ауруханаға ауысқалы бері күніне бір операциядан төрт операцияға дейін жасаймын. Бір күні біреу ғана болса, кей күні үш-төрт ота жасайтын кездер болады. Сол себепті нақты айта алмаймын. Оған біздің жеке операция жасайтын орнымыздың болмауы да әсер етеді. Басқа қантамыр хирургтары, нейрохирургтар, интервенттермен келісіп отырамыз. Өзіміздің бөлек ота жасау бөлмеміз жоқ. Орта есепеппен жылына 250 операция жасаймын.

Ерекше деп – күтпеген жерден қиындықтар туындап қалған операцияларды айтар едім. Олар қатты есте қалады. Себебі мұндай операциялар білімді қажет етеді. Оны аяқтағаннан кейін де неге мұндай жағдай болды, келесіде қалай әрекет ету керек деп қосымша ізденемін.

Жалпы әр пациент ерекше ғой. Әрқайсысына жеке тәсіл керек.

El.kz: Аритмияның туындау себебі неде? Оның алдын алуға бола ма?

Аян Абдрахманов: Аритмия дегеніміз – бірқатар аурудың салдары. Ишемиялық ауру, артериалдық гипертония, клапандық аурулар, жүрек жетіспеушіліктері – аритмияның пайда болуына осы сырқаттар себеп болады. Оның алдын алу үшін салауатты өмір салтын ұстану қажет. Артық салмақ жинамауға тырысу керек, диета сақтаған абзал, спортпен шұғылдану қажет, темекі, алкоголь сынды зиян әдеттерден аулақ болса аритмияның алдын алуға болады деп ойлаймын.

El.kz: Статистикаға сүйенсек, жүрекше фибрилляциясы және тыпыры жиілеп кеткен көрінеді. Бұған не себеп болып отыр?

Аян Абдрахманов: Өте дұрыс қозғалған тақырып, себебі бұл – қазір кең тарап кеткен ауру. Дүниежүзі тұрғындарының 1-2%-і жүрекше фибрилляциясына шалдыққан екен. Оны аритмологияның ішіндегі инфекциясыз эпидемия деп айтуға болады. Оған әсер ететін негізгі себеп – өмір сүру ұзақтығының артуы. Жас ұлғайған сайын жүректегі миоркард, яғни жүрек бұлшықеттері әлсіреп фиброзға айнала бастайды. Ағзада табиғи қартаю процесі жүреді. Осы фиброз аритмияны тудырады.

Десе де, қазір жастар арасында да бұл ауру тарап бара жатыр. Әсіресе артық салмағы бар, қан қысымын бақыламайтын, ұйқы режимін сақтамайтын жастарда процесс бұзылады да, аритмия туындауы мүмкін.

Табиғи физиологиялық процестер де бар, мысалы, адам түнде ұйықтап, күндіз жұмыс істеуі керек. Бәріміздің ағзамыз соған бейімделген. Ол бұзылса ағзадағы қалыпты процестер, жүйке жүйесі бұзылады, организмде күйзеліс жағдайы туындап түрлі ауруларға душар етуі мүмкін, соның ішінде аритмия да бар.

El.kz: Адамдар арасында кофе, газдалған сусын, энергетикалық сусындарға тәуелділік артып бара жатыр. Бұл жүрекке қалай әсер етеді?

Аян Абдрахманов: Таңертең бір шыны кофе ішу – зиян емес. Қазір көптеген зерттеулер жасалып, оның бауырды және басқа да ағзаларды әлдендіретін қабілеті бар екені анықталды. Десе де, оның да нормасын сақтау керек. Кей адамдар күні бойы кофе ішеді, кешке ішіп алып, түн ұйқысы бұзылады. Ол, әрине, дұрыс емес. Бәрінің мөлшерін білу керек.

Газдалған судың да пайдалы жақтары бар. «Боржоми», «Сарыағаш» сынды сусындардың тіпті емдік қасиеті белгілі. Бірақ газдалған су мен тәтті қосылса ағзаға кері әсер етеді.

Энегетикалық сусындарға келер болсақ, олардың зияны нақты көрсетілген. Кей мемелекеттерде тіпті тыйым салынған. Сол себепті тартынған дұрыс деп ойлаймын.

El.kz: Қазақстандықтардың медициналық сауат деңгейі қандай? Денсаулықты күтуге қатысты қандай кеңес бересіз?

Аян Абдрахманов: Меніңше, қазақстандықтардың медициналық сауаты жақсы. Себебі ғаламтор дамыған заманда интернетті ашып жіберіп, кез келген ақпаратты алуға болады. Десе де адамдардың өз денсаулығын күтуін теледидар, радиодан ғалымдар, спортшылар, әртістер жиірек насихаттаса бәріміз ұтамыз деп ойлаймын. Қазір жастар ішімдік ішпейді, темекі шегетін адамдар да азайған, дұрыс тамақтану трендке айналып келе жатыр. Осы туралы жиі айта беруіміз керек деп санаймын.

Қазақстандықтарға, жоғарыда айтып өткенімдей, салауатты өмір салтын ұстанып, спортпен шұғылдануға кеңес беремін. Спортқа қатты беріліп кеткен де дұрыс емес деп ойлаймын, себебі жүрекке салмақ түседі. Оның бәрін бақылауда ұстау керек, аз-аздан, біртіндеп арттырған абзал. Қазір көпшілігіміз жұмысты отырып істейміз, үйге келіп смартфон, теледидардың алдында тағы отырамыз. Қимыл-қозғалыс азайғанда ағзамыздағы қалыпты процестер бұзылып, түрлі аурулар туындауы мүмкін. Сол себепті көп жүру, жүгіру қажет.

ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы 

El.kz: Соңғы сұрақ. Өзіңіз тізгінін ұстап отырған ҚР Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы ауруханасындағы Аритмология орталығының жұмысы туралы айтып беріңізші.

Аян Абдрахманов: Осы ауруханаға келгеніме бір жарым жылдай уақыт болды. Былтырдың өзінде біз 10-нан астам жаңа технология енгіздік. Биыл тағы 4-5-еуін жолға қойдық. Шетелдік аритмологтарды шақырып шеберлік сағаттарын өткізіп, бірге операция жасаймыз. Мұның бәрі дәрігерлердің деңгейін көтеруге бағытталған. Сондай-ақ науқастарымызға аритмияны емдеудің барлық тәсілдері осы Ауруханада қолжетімді болса деген ниетпен жасалып жатыр.

ҚР ПІБ МО ауруханасының Аритмология орталығында бұрыннан істеп келе жатқан менен бөлек екі аритмолог бар. Қазіргі уақытта біз бір-екі резидентті үйретіп, өзімізге бағыттап жатырмыз. Солармен қосқанда 4-5 аритмолог боп қаламыз. Үшеуіміз операция жасаймыз, екі резидентіміз әзірге бақылаушы және ассистент ретінде қатысып жүр.

Рационалды тамақтану. Жоғары холестерин инфаркт қаупін тудырады. Холестерин алмасуы ішінара генетикалық факторлармен, тұқым қуалаушылықпен анықталады.  Бірақ көбінесе біз не жейтінімізге байланысты. Дұрыс тамақтану дегеніміз — Күн сайын шамамен 400 грамм көкөністерді тұтыну, ас тұзын шектеу, терең өңделген ет өнімдерін-шұжықтар мен шұжықтарды алып тастау.  Калория сіздің жаттығуларыңызға сәйкес келуі керек.

Аритмолог дәрігер жүрек саулығына мән беріп, бірнеше ережені қатаң сақтауды ұсынады:

Зиянды әдеттерден бас тарту - темекі шегу және алкогольді асыра пайдалану.

Физикалық белсенділік. Қарқынды фитнес жаттығулары мен кәсіби спортпен айналысу да проблемаларға әкелуі мүмкін, өйткені олар жүрек-тамыр жүйесіне үлкен жүктеме түсіреді. Иә, жүрек соғысы сирек кездеседі, бірақ аритмия - жүрек ырғағының бұзылуы - даму ықтималдығы жоғары, бұл кейіннен өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан жүрекке арналған ең жақсы физикалық белсенділік орташа деңгейде аптасына бес рет 30-дан 45 минутқа дейін созылады. Ең қолжетімді және физиологиялық белсенділік - бұл жаяу жүру. Бірақ дұрыс жүру керек. 10 минут - жай қарқынмен, 10 - 20 минут тез, сіздің жағдайыңызға байланысты, содан кейін - «салқындату», баяу қарқынмен, дене бірте-бірте тыныш күйге ауысады.

Медициналық тексерістен өту. 40 жастан асқан адамдар жылына бір рет профилактикалық тексеруден өтеді. Дәл сол медициналық тексеру кезінде қауіп факторлары анықталады - холестерин, глюкоза және қан қысымын өлшеп, жалпы қан анализін тексереді. Бұл әсіресе отбасында 40-45 жасында инфаркттан кенеттен қайтыс болған жақындары бар адамдар үшін өте маңызды.

Қан қысымының 140-тан жоғары («жоғарғы») және 90-нан жоғары («төменгі») көрсеткіштері инфаркт немесе инсульттің кейінгі дамуының маңызды себептерінің бірі болып табылады. Егер сіздің холестериніңіз бестен жоғары болса, онда міндетті түрде терапевт немесе кардиологпен кеңесуіңіз керек.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: