"Аяғы ауыр екенін айтқан": Қуандық Бишімбаевтың қайтыс болған әйелі жайлы не белгілі

9 Қараша 2023, 23:02 23666

Астанада осыдан бірнеше сағат сағат бұрын әйелін өлтірді деген күдікпен экс-ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсталғанын жаздық, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Оқиға елордадағы «Bau» мейрамханасының маңында болған. Алдын ала болжам бойынша, ол әйелі Салтанатты соққыға жығып, дене жарақатынан әйел жедел жәрдем келгенге дейін қайтыс болған.

Аталған мейрамхана бүгін «стористе» арнайы қызмет көрсету үшін жабылатынын мәлімдеген болатын. Соған қарағанда, жабық іс-шара өтіп жатқан.

Ал қазір бұл жер жабылып, қоршауға алынған. Оқиға орнында тергеу қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.

Оrda басылымының мәліметінше, Бишімбаев бұл мейрамхада тәуліктен астам уақыт болған, тіпті түнде де ешқайда шықпаған. Ерлі-зайыпты вип-кабинкада болған, екеуара кикілжің туындап, сонан соң соққы естілген. Жедел жәрдемді мейрамханаға даяшылардың бірі шақырыпты.

Дегенмен Салтанат Нүкенованың денесінен пышақ ізі табылмаған, бірақ басынан қатты соққы алған болуы мүмкін, - деп жазды Оrda.

Ал полиция келгенде Бишімбаев өз-өзіне қол жұмсайтынын айтып қорқытқан.

БАҚ өкілдері экс-шенеуніктің мас болғанын жазып жатыр. Бірақ спирттік ішімдік ішті ме, әлде есірткі қабылдамы ма, ол жағы белгісіз. Оны енді сараптама қорытындысы анықтай жатар. Біз оқиға орнында тіл тартпай кеткен Бишімбаевтың әйелі кім екенін саралап көрдік.

Парақшасы жабық болғанымен, Салтанат әлеуметтік желіде өте белсенді. Астрологиямен айналысады екен. Бишімбаев онымен кеңес алуға барғанда танысқан көрінеді.

1992 жылы туған, небәрі 31 жаста. Ал екеуінің шаңырақ көтергені туралы ақпарат былтыр пайда болған. Әлеуметтік желіде екеуінің үйлену тойынан видеолар тарады.

Салтанат 2022 жылдың 17 қазанында Stories-ке «I love you K» деп жазып, қолындағы неке жүзігінің суретін салған. Сол кезде білгіштер жүзіктің құны 15 миллион теңгеден асатынын жазған.

Ал 30 қазанда салынған суретте «Алтын күйеуім. «Иә» деп айтқаныма бір де бір рет өкінген емеспін», - деп жазған. 

Әлгінде айтқанымыздай, Салтанат Нүкенова астрология бойынша кеңес өткізіп келген, ал әр консультациясының құны 80 мың теңге деп көрсетілген. Сонымен қатар бойжеткеннің атына Астанада бөлшек саудамен айналысатын жеке кәсіпкерлік тіркелген.

Деректерге сүйенсек, Салтанат Нүкенова – Бишімбаевтың үшінші әйелі. Оған дейін бұрынғы шенеунік Назым Қаһарманмен бір шаңырақ астында өмір сүрді. Бишімбаев түрмеден босап шыққан соң екеуі екі жаққа кеткен. Назым да әлеуметтік желіде өте белсенді. Ол өзін спортқа жаны жақын адам ретінде көрсетеді. Екеуінің үш баласы бар. Ал алғашқы некесінен бір ұл дүниеге келген.

Салтанаттың әлеуметтік желідегі оқырмандары осыдан бір ай бұрын өзінің аяғы ауыр екенін мәлімдеген деп жазып жатыр.  

Orda.kz Салтанат Нүкенова Павлодардың бұрынғы әкімі Қайрат Нүкеновтің немере қарындасы екенін хабарлады.

Естеріңізде болса, Қуандық Бишімбаев 2017 жылы қаңтар айында қамауға алынып, 2018 жылы наурыз айында 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұрынғы ұлттық экономика министріне шыны зауытының құрылысынан 1,2 миллиард теңге жымқырды және ірі көлемде пара алған деген айып тағылған болатын. Бірақ ол 2019 жылы бостандыққа шықты.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: