Аягүл МИРАЗОВА: «Үш тілді меңгеру керек-ақ, бірақ...»

18 Сәуір 2016, 10:47

Үш тұғырлы тіл туралы

Аягүл МИРАЗОВА, Қазақстанның Еңбек Ері, Алтын жұлдыз орденінің иегері, Алматы қаласындағы Ы.Алтынсарин атындағы №159 мектеп-гимназияның директоры:

Адамзат қоғамы қашан болса да еларалық коммуникативтік қатынастар құруға талпыныспен келеді. Кеңістік мемлекеттерде де орыс тілімен қатар шетел тілдері міндетті оқытылып келді. Ал кейініректе гимназия, лицейлерде шетел тілдеріне 2-сыныптан-ақ ден қойды.

Бұл халықаралық көптілдік дәстүр тәуелсіздікке қол жеткізген елімізде одан әрі жалғасып, тіптен күшейтіле түскені бүгінгі аға ұрпақ педагогтарға аян. Республикамызда 1998 жылы жарық көре бастаған жаңа буын білім стандарттары, оқу бағдарламалары, оқулықтар қолданысқа енгенге дейін  мемлекеттік оқу жоспарлары 28 вариантта ұсынылғаны белгілі. Сол көп вариантты  оқу жоспарының 14-вариантында бағдарлы мектептерде шетел тілдерін оқытуға 2-сыныпта 2 сағат, 3-сыныпта 3 сағаттан, ал 5-9 сыныпта 5 сағаттан, 10-11 сыныпта 7 сағатқа дейін аптасына қарастырылған еді.

Қазіргі қолданыстағы оқу жоспарларында шетел тілдерін оқытуға апталық сағат мөлшері біршамаға кемігені рас.

Еліміз өз дамуында уақыт екпінін, әлемдік даму ырғағын сергек сезіп, жаңа жолдар іздестіруімен ерекшеленіп, дүние көшінің сапында танылып келеді. Бүгінгі адамзат тарихы интеграциялану әлемінде өмір сүруде. Сондықтан өз басым бұл турасында түрліше пікірлердің ұшырасып жатқанын кереғарлық деп емес, мемлекеттік саясатты дұрыс жүзеге асырудағы жанашыр ізденістер деп білемін. Қоғамымыздың оң ізденістерге ашық болғанына тәубе деймін. Осы қоғам, бүкіл қауым болып ізденген әрекеттер оң бағытымыздың ілгерілей түсуіне сеп екеніне сенімдімін. Үш тұғырлы тіл мәселесіне қазіргі таңда еліміздің әрбір азаматының бей-жай қарай алмайтыны сөзсіз. Өйткені бұл ұрпағымыздың болашағы. Ата-ананы да, ұстаздарды да толғантатын ұтамыз ба, ұтыламыз ба деген ой.

Ұстаз ретінде пікірім үш тілді меңгеру керек-ақ, бірақ оны қандай әдіс-тәсілдермен және қандай жолмен білдіруіміз қажет міне осы алаңдатады.

Жоғарыда айтып өткенімдей, мектептерімізде көп тілділік қалыптасқан дәстүр. Осы дәстүрімізді қиратпай, жетілдіре түссек, нұр үстіне нұр. Дәлірек айтар болсақ: жаратылыстану, математика және техникалық пәндерді барлық мектептерімізде жаппай және біржола ағылшын тілінде оқытуға бірден көше салуға қарағанда, өзімізде бар дәстүрді пайдалану қай жағынан да тиімді деп ойлаймын.

Ал қазақ тілін, орыс тілін, ағылшын тілін білгізуге екі жол бар деп білемін:

Біріншісі – оқу жоспарында көрсетілген вариативтік сағаттарды пайдаланып, жалпы орта мектептерде қазақ, орыс,  ағылшын тілін оқытуға апталық сағаттарды арттыруға болады.

Екіншісі – сонымен қатар қазіргі көш басындағы Назарбаев зияткерлік, «Дарын» желісіндегі мектептерді көбейтсе, соларда қабілет-мүмкіндіктері бар балаларды жаңаша оқытуға болар еді деп есептеймін. Өйткені оларда тиісті материалдық-техникалық оқу базасымен жабдықтандыру да, керекті лайықты кадрлармен қамтамасыз ету мүмкіндігі де ойға қонарлық.

Қоғамдағы даму гармониясы – келісім, жарасымнан. Әлемдік интерграциялану да осы заңдылыққа негізделмек. Сондықтан өзімізде бұрыннан бар жарасымды тәжірибені келісімді қолдансақ деймін.

Бұның нәтижесінде мектеп бітіргенде, оқушының бойында шетел ағылшын тілінің жалпы базалық негіздері қалыптасып үлгеретін болады. Ондай оқушының одан әріде өз қалауы мен мүмкіндігіне қарай қажет болған жағдайларда ағылшын тілінің ғылыми-техникалық, жаратылыстану салаларын меңгеруі айтарлықтай тілдік қиындықтарға ұшырамайды. Бұл – мектепте қоғамдық ғылымдар негіздерін де меңгеруге, соның ішінде мемлекеттік қазақ тіліне де нұқсан келтірмейтіні анық. Яғни тұлғаның жан-жақты қалыптасу ұстанымы сақталынады деген ойдамын.


Пікірді жазып алған Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

 

Бөлісу: