Айғыр

25 Тамыз 2014, 05:59

Айғыр – жылқы түлігінің аталығы, үйірдің құтпаны. Жыныс қуаты жетілген, піштірілмегендіктен А. тынышсыз болады және шайланып семірмейді.

Айғыр  – жылқы түлігінің аталығы, үйірдің құтпаны. Жыныс қуаты жетілген, піштірілмегендіктен А. тынышсыз болады және шайланып семірмейді. Еркек жылқының жыныс қабілеті тай-құнанында жетіле бастағанымен, оны дөнен (бұл қазақта төрт жасқа саналады) жасқа толмай, белі жетілмеді деп үйірге салмайды. А. суыққа төзімді келеді. Аязды боран күндері үйірін ықтасынға қарай бастап иіреді. Үйірін ит-құстан қорғағанда айырықша батылдық көрсетеді. Мықты, күшті А.-лар үйірін әдетте ит-құсқа алдырмайды.

А. аса төзімді, әрі есті мал деп саналады. Қазақы жылқының (қазанат, жабы тұқымының) А.-лары енесі мен өзінен ерген құлынын үйірінен қуып, шығарып жібереді. Яғни қандас жақын ұрғашы жылқыларға шаппайды. А. лайықты сымбаты мен түр-тұлғасы, мінезі келіскенін таңдап қояды. Қазақы ортада ең қадірлі түлікке саналатын жылқының құтпаны А.- ға қатысты сан алуан ғұрыптар мен ырымдар дәстүрлі наным-сенімдегі өркендеу идеясына негізделеді. Қазақтың тіршілік циклына қатысты ғұрыптарда А.-дың араласатын тұстары көп: айталық, босанатын әйел «марту» басып қиналса толғағын жеңілдету үшін көрші ауылдың А.-ын әкеліп көрсетеді (С.Сейфуллин). М.Ибрагимовтың мәліметі бойынша, толғатып жатқан әйелдің көкірегіне А.-дың тұмсығын тигізетін болған. Толғақты жеңілдету үшін үйдің сыртына жылқы үйірін әкеліп иіру, тасырлатып шаптыру және ішінен А.-ды ұстап жүгендеп, маңдайшасын алған есіктен үйге енгізіп көрсету тәрізді шаралар Алтай қазақтарында ХХ ғ. екінші ширегінде де атқарылған.

Көптеген түркі халықтарындағыдай қазақтарда сол шаңырақтың, әулеттің құты үйірдегі А.-дың жалында байланып жүреді деп сенеді. Соған байланысты, қазақта А.-дың жалына қол тигізу шаңырақтың құт-берекесін қашырады деп ырым еткен. А.-дың жалын күзесе күшi қайтады деп оған қол тигiзiп, қырықпайды. Жылқыға өлiк артпаған. Ертеректе ең таңдаулы деген А.-ды ауруды емдеуге де пайдаланған. Мәселен, Алматы облысының тұрғыны қаңлы руынан шыққан Ержұма деген бақсының «көтеріліп ауырған» келіншекті А.-ға мініп алып айнала жүріп емдегені жайында айтылады.

Ел жайлауға шыққан соң желі тартып, алғаш бие байлағанда үйірдің бастаушысы айғырдың сауырына май жағылады, қымызмұрындық ғұрпында А.-дың маңдайына қымыз тамызады. Бұл – үйірдің төлі көбейсін және ақ мол болсын деген тілектің нышаны. А-дың мінезіне, түр-түсіне қарай қойылған атаулары өте көп. Құр А. – өмірі ұсталмаған, мініс көрмеген, шу асау; құтпан А. – үйіріне жайлы, жуас, байлық басы есептелетін мал. Сәуірік А. – жаңа үйір ала бастаған А. А.-ды дұрыс таңдамаса тұқым бермейтін белсіз, бие тоқтамайтын сыңар енді және шартық сияқты кінараттары болады деп есептейді.

Жабыдан айғыр салма жалды екен деп,

Жабыдан айғыр салмаңыз,

Баласы оның сынсыз деп,

Жаманнан қатын алмаңыз,

Жабыдан айғыр салсаңыз жауға мінер ат шықпас, – деп келетін жыр жолдары жабыны көптеп өсіруді көшпелі қауым тым ұната бермегендігін дәлелдейді. Жабы А.-дың жалы қабажал, шоқтығы аласа, шардақ, желсе іші қорқылдайды. Оларды тек өсімге деп ұстайды.

А.-лар жасы мен шаруашылық талаптарына қарай бөлінеді: сәуірік үйірге енді қосылатын жас А.; шартық немесе сыңар ен А. – ауру мен жарақаттан, әлдебір белгісіз тұқым қуалаушылықтан кінаратқа тап болғандар; азбан А.– шау тартып, ақталанып, үйірге салудан қалғаны; бауыры құт А. – көп тұқым алынатын құтты саналатын өсімталы. А. мінезіндегі осал жақтары: шақар, шайнағыш, асау, таласқыш тәрізділері болса ондай жағымсыз қылықтар мал тұқымына әсер етеді деген ұстаным бойынша оны алмастыруға көшеді.

Айғыр берсең байсалды,

Үйірі толған байталды,

Өңкей мама биемен,

Сауған сайын иіген

(С.Сейфуллин).

Үйірге А. қосқанда үйірге таңдаулы тұқымның А.-ын ғана салады. Жас А.-дың үйірінде 10-15 бие, толысқан А.- дың үйірінде 20-25 бие, сақа А.-дың үйірінде 12-15 биеден болады. Бұл әдістің артықшылығы А. үнемі үйірде болады да, бие дер кезінде тоқтайды, кемшілігі А.-дың жыныс қуаты үнемді пайдаланылмайды, тіпті оның күші үздігуі де ғажап емес.

Айғыр салатын дөнен дәстүрлі ат сыны бойынша, төмендегідей талғамға сәйкес келуі керек: бірыңғай баран өңді, жуас; үйірге қазымыр емес, үнемі үйірдің артында жүреді. Басы етсіз, маңдайы кең, қамыс құлақ, тістері ірі, салпы ерін, кірпік, қасы, құйрық жалы мол, жүндес, кеудесі кең, шоқтығы биік, тұрқы сәл бүкіштеу, жаясы жалпақ, мықыны тарлау келеді. Тура артынан қарағанда, қабырғаның қанаты жаяға «жасырынбай» толық көрініп тұратын, қабырғалы, бауыры жазық, жоны тартыңқы болу керек. Ұмасында орайы болса, «бауыры аман болады, үйірі өседі». Төрт аяғы тең (маймақ емес), жуан, жерге қаққан қазықтай нық та тең басады. Жіліншіктің сіңірлері білеуленіп, бөлектеніп тұрады. Бақайы қысқа, алдыңғы аяқтарының бақайы артқы бақайынан сәл ұзындау, тұяғы жұмыр әрі берік. Жерсоғары қалың, шашалы келсе құба-құп.

Әдеб.: Сейфуллин С. Көп томдық шығармалар жинағы. Алматы: Жазушы, 1964; Уәлиханов Ш. Таңдамалы. А., 1985; Абрамзон С.М. Киргизы и их этногенетические и историко-культурные связи. Фрунзе, 1990; Сартқожаұлы Қ., Айдаубайұлы Қ. Сәйгүліктер // Жұлдыз, 1995.

№1; Турсынов Е. Истоки тюркского фольклора. Қорқыт. Алматы: Дайк- Пресс, 2001; Хинаят Б. Қазақтардың төрт түлікке қатысты дәстүрлі ырым, жосын-жоралғы, әдет-ғұрыптары // Қазақтың әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері: өткендегісі және бүгіні. Алматы: Ғылым, 2001; Тоқтабай А. Қазақ жылқысының тарихы. Алматы: Алматкітап, 2010; ҚР МОМ – материалдарынан; ОМЭЭ – материалдарынан және т.б.

 

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі»

Бөлісу: