Автокөлік жолдарын салу мәселесі өте өзекті - депутат

11 Қыркүйек, 13:56 456

Мәжіліс депутаты Әділ Жұбанов ҚР Көлік министрі  Марат Қарабаевқа Атырау облысына қарасты ауылдардағы жол мәселесін көтеріп, депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Тамыз айында Атырау облысы Құрманғазы ауданының шалғай ауылдарында болып, халықты толғандырған мәселелермен жете танысып қайттым. Жергілікті халықтың Көлік министрлігіне айтар назы да, қояр талабы да жетіп артылады. Құрманғазылықтар үшін аудан елді мекендеріне кірме жолдар, ауылішілік жолдар салу, соның ішінде, Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтері мен аудан орталығын байланыстыратын автокөлік жолын салу мәселесі өте өзекті. Құрманғазы ауданының экономикалық, өндірістік, ауыл шаруашылық әлеуеті зор. Аудан мемлекеттік дәрежедегі инвестициялық және стратегиялық, туристік жобаларды жүзеге асыруға сұранып-ақ тұр. Құрылыс материалдарын шығаруға қажетті шикізат қоры да мол, - деді депутат.

Оның айтуынша, осы туризм саласын, ауыл шаруашылығын дамытуға аудан инфрақұрылымының төмендігі кедергі келтіріп отыр.

Құрманғазыда аудандық маңызы бар жолдардың 48 пайызы қанағаттанарлық деңгейде. Ал, ауылішілік жолдардың 28 пайызы ғана асфальтталған. Ауданға қарасты 49 ауылдың 9-ында ғана тас жол бар. Қалған тас жол салынбаған ауылдардағы 25 мыңға жуық тұрғын жол азабын тартумен келеді. Прези­дент Атырауда өткен Ұлттық қоғамдық кеңес отырысында, соңғы Жолдауларында Үкіметке шекара маңындағы аудандарды дамыту мәселесін тапсырған еді. Ал Құрманғазы – Ресеймен ше­ка­раласып жатқан аудан. Бүгінде Құрманғазының шалғайдағы әрі Ресеймен шекаралас Сүйіндік, Балқұдық ауылдарына қатынастың қиындығынан елді мекендерде халық саны азайып бара жатқаны жасырын емес. Қаңырап, бос қалған үйлер көп. Ауыл халқы үшін облыс ор­та­­лығын қойып, аудан ор­талығы – Құрманғазыға же­ту мұң, - дейді Жұбанов.

Депутат  Азғыр бойы ауылдарының бүгінгі хал-ахуалы қиын жағдайда екенін жеткізді.

Жол мәселесінің жылдар бойы шешілмеуі 6 мыңға жуық халықтың әлеуметтік жағдайына, тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етіп отыр. Өйткені, Құрманғазы мен Азғыр ауылдарының арасын жалғайтын 250 шақырымдық жолмен жүрудің азабы көп. Медицина мамандарының тапшылығы, медициналық көмек алудың қиындығы, азық-түлік бағасының қымбаттығы секілді өзекті мәселелер де осы жол мәселесімен тікелей байланысты. Жоғарыда аталған аудандағы ауылдарға автокөлік жолын салуға қомақты қаражат қажет. Қазіргі таңда, оған облыстық әкімдіктің мүмкіндігі жоқ, себебі бюджетте қаржы тапшы. Биыл жергілікті бюджет қаражаты толықтай су тасқынынан бүлінген әлеуметтік нысандарды, инженерлік-инфрақұрылымдарды қайта қалпына келтіруге, халыққа өтемақы төлеуге жұмсалды. Өңірге су тасқынының салдарын жоюға республикалық бюджеттен әзірге 4 млрд. теңге ғана бөлінді. Оның, өзі зардап шеккен шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге өтемақы төлеуге жұмсалмақ, - деді депутат.   

Әділ Жұбанов Президенттің шекаралас аймақтарды дамыту жөніндегі тапсырмасына сай, Құрманғазы ауданының экономикалық-инвестициялық, туристік әлеуетін ескеріп, республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылуы қажет төмендегі ұсыныстарды жолдады.

  1. Асан, Сүйіндік, Азғыр ауылдық округтері мен аудан орталығын байланыстыратын автокөлік жолын салу және Бөкей ауданы арқылы Ресейдің Волгоград қаласымен байланыстыру мүмкіндігін қарастыру;
  2. Құрманғазы ауданының тіректі әрі страгетиялық маңызды болып табылатын, бұрын тас жол салынбаған Ақкөл, Дыңғызыл, Орлы, Жаңаталап, Мақаш ауылдарына автокөлік жолдарын салу. Бұл осы ауылдарды мекен еткен 18 мың тұрғынның мәселесін шешеді.
  3. Атырау-Астрахань республикалық тас жолының бойына төрт түлік малға қарсы қоршау салу.
Мөлдір Қайнар
Бөлісу: