Ауырмашы, құлыным...

25 Ақпан 2022, 16:34 4480

Қазақстан халқының 33,97 пайызы – 17 жасқа дейінгі балалар. Біздің елде жыл сайын шамамен 600-ге жуық балаға қатерлі ісік дертіне шалдығады деген диагноз қойылады. Дүниежүзі 15 ақпанды қатерлі ісігі бар балалардың халықаралық күні ретінде атап өтеді. Мұндай датаны енгізудің басты мақсаты – педиатрлардың, бүкіл кәсіби медициналық қауымдастықтың және барлық мамандықтағы әлеуметтік жауапты азаматтардың балалар онкологиясының жетістіктері мен проблемалары туралы ақпараттық деңгейін арттыру. Қазақстанда қатерлі ісікке шалдыққан балалар ауруымен күрестің қандай жолдары бар, медицинаның күш-қуаты артты ма, білікті дәрігерлер қандай хаттама негізінде ем-шара жүргізеді деген сауалдың жауабын Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы Басқарма төрағасының ғылыми-клиникалық және инновациялық қызметтер жөніндегі орынбасары, медицина ғылымының кандидаты, жоғары санатты онкогематолог-дәрігер Ләззат Нұрбапақызы Манжуовамен бірлесе іздедік...


Қатерлі ісік емделе ме?

Қазір медицина мамандары «қатерлі ісік – емделетін дерт» дейді. Атап айтқанда, америкалық сарапшылар алдағы аздаған уақытта қатерлі ісіктің негізгі түрлері емделетін болады деп болжап отыр. Жалпы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сенсек, қатерлі ісік – әлемдегі балалар ең көп көз жұматын себептердің екіншісі. Балалар ең көп көз жұматын өлім себептерінің біріншісі – жазатайым оқиғалар. Балалар көп жағдайда (70%) қантүзу мүшелерінің қатерлі ісігінен (лейкемия, қатерлі лимфомалар, лимфогранулематоз) зардап шегеді  екен. Тағы да Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректерін келтіріп өтейік, дүниежүзінде жыл сайын шамамен 15 жасқа дейінгі 215 000 баладан, 15 пен 19 жас аралығындағы 85 000 жасөспірімнен  қатерлі ісік анықталады. Әлемнің әр түкпірінде жыл сайын 100 мыңға жуық бала қатерлі ісік ауруынан қайтыс болады. Ал денсаулық сақтау шығындары жоғары елдерде ауырған он баланың сегізі аман қалады екен.

Қазақстандағы жағдай қандай? Ләззат Нұрбапақызы былай дейді: «Жыл сайын Қазақстан Республикасында 600-ге жуық балаға қатерлі ісік ауруының диагнозы қойылады. 2021 жылы мұндай дерт 591 баладан анықталды. Дүниежүзіндегі статистикамен салыстырар болсақ, біздің елдегі қатерлі ісікке ұшыраған бала саны салыстырмалы түрде аз, 100 000 балаға шаққанда 14-15 жағдай кездеседі. Елімізде онкологиялық және гематологиялық әр түрлі аурулары бар 4621 бала өңірлік мамандардың динамикалық бақылауында, қатерлі ісік ауруымен 2083 бала тіркеуде тұр».  

Қатерлі ісікке ұшыраған баланы уақытылы дәрігерге көрсетсе, ата-ана дер кезінде маманның көмегіне жүгінсе, лайық емді алса, баланың жазылу мүмкіндігі жоғарылайды. Себебі бізде қатерлі ісікке шалдыққан баланы халықаралық хаттамаларға сәйкес емдейді. «Балалардың күрделі қан ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа технологиялары да осы күні сәтті меңгеріліп жатыр. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балалардағы гемопоэздік тін жасушаларын трансплантациялау жұмысы енгізілді. 2012 жылдан бастап жүзден аса балаға сүйек кемігінің ішіндегі аллотрансплантация және аутотрансплантация отасы жасалды. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы аймақтардағы дәрігерлерге консультациялық-практикалық, әдістемелік және басқа да көмек көрсетеді. Балалар онкологиялық және гематологиялық қызметінің біздің елімізде дамуы көптеген кішкентай балалардың сауығып кетуіне мүмкіндік беріп отыр», – дейді онкогематолог-дәрігер Л.Манжуова.

Дәрігердің айтуынша, елімізде BFM хаттамасы әлі күнге дейін қолданылып келеді. «BFM» хаттамасы дегеніміз – Берлин, Франкфурт, Мюнстер. Осы үш қаланың ғалымдары балалардың  онкологиялық ауруын емдеу мақсатында арнайы бағдарлама құрған.

Ем алатын бала ерекше бақылауда болатынын ата-ана да, баланың туыстары да мықтап есте ұстағаны абзал. Себебі, бұл дертті емдеу үшін дәрігер баланы ұдайы бақылауында ұстап отырады. «Орташа алғанда, қатерлі ісіктері бар балаларды қатерлі ісік түріне байланысты 6 айдан 9 айға дейін емдейді. Пациент диспансерлік бақылауда қатерлі ісік түріне байланысты 1 жастан 2 жасқа дейін, содан кейін 5 жасқа дейін ерекше бақылауда болады. Негізгі қарқынды емдеу курсы аяқталғаннан кейін балалар учаскелік дәрігерлердің қадағалауына өтеді, белгілі бір мерзімде өңірлік және республикалық балалар онкологтары/гематологтарына барып, тексеруден өтіп отырады. 18 жасқа толған балалар ересектерді қарайтын дәрігер маманның бақылауына ауысады», – дейді дәрігер.


Қатерлі ісіктің қандай түрі көп таралған?

Онкология саласындағы қарқынды зерттеулерге қарамастан, балалардағы қатерлі ісіктің пайда болу себептерін қазіргі заманғы медицина дәл атай алмайды. Бұл дерттің пайда болуының алғышарттары ғана белгілі, олар: генетикалық бейімділік, канцерогендік әсерлер (қоршаған ортаның ластануы және қоршаған ортада улы заттардың болуы), сондай-ақ ұрықтың жатырішілік дамуы кезіндегі патологиясы.

Онкогематолог-дәрігер Ләззат Манжуованың сөзіне сенсек, елімізде балалар арасындағы қатерлі ісіктің лейкоз түрі көп кездеседі: «Балалар қатерлі ісігінің көптеген түрі бар, олардың көпшілігі туа біткен дерт болып саналады, кейбіреулері тұқым қуалайды. Қатерлі ісіктің ең көп таралған түрі, яғни еліміздегі қатерлі ісіктің үштен бірінде кездесетін дерт – жіті лейкоз. Балалар арасында екінші кезекте көп таралған қатерлі ісік дерті – жүйке жүйесінің ісіктері. Үшінші кезектегі көп таралған қатерлі ісік дерті – лимфомалар, нейробластомалар, герминогенді жасушалық ісіктер және жұмсақ тіндердің саркомалары сияқты ісіктер. Бұл статистика Қазақстанға да, Еуропа елдеріне де тән».

Қатерлі ісіктерді анықтауда жүйелі профилактикалық тексерулер үлкен рөл атқарады. Соңғы диагноз биопсия негізінде қойылады, биопсия дегеніміз – ісік тінінің үлгісін гистологиялық зерттеу. Биопсия, сонымен қатар қатерлі ісік ауруының сатысын анықтауға да көмектеседі. Дәрігер маманның айтуынша, балаларда онкологиялық ауруды анықтау өте қиын. Сондықтан ата-ана перзентінің денсаулығына өте мұқият қарауы керек. Қатерлі ісік терапиясының тиімділігі уақтылы диагноз қоюға байланысты екенін де ұмытпаған абзал. «Қатерлі ісіктерді ерте диагностикалау мәселелерін реттеуді еліміз қолға алған. Мәселен, жыл сайын балалар онкологтары мен гематолог дәрігерлер, жалпы практика дәрігерлері, жеке бағыттағы мамандар ерте диагностикалау бойынша білімін жетілдіреді. Осының нәтижесінде I-II сатыдағы қатерлі ісіктер қазір ерте анықталып жүр. I-II сатыдағы қатерлі ісік ауруын ерте анықтау статистикасы 2015 жылы 29% болса, 2021 жылы 52%-ға дейін өскен» – дейді Ләззат Манжуова.


Қатерлі ісікті қандай сомаға емдейді?

Еліміздегі екі республикалық орталықта: Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Нұр-Сұлтан қаласындағы «University Medical Center» орталығында балалар арасындағы қатерлі ісіктерді емдеудің барлық қарқынды курсы жүргізіледі.

ҚР Денсаулық сақтау министрінің «Белгілі бір аурулары (жай-күйлері) бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жекелеген санаттарын тегін және (немесе) жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесін бекіту туралы» 2021 жылғы 5 тамыздағы бұйрығына сәйкес, кейбір ауру түріне байланысты балаларға қажетті дәрілік заттар тегін беріледі.

Дәрігер Ләззат Нұрбапақызының айтқанына сенсек, қатерлі ісікке шалдыққан бір баланың еміне арналған қарқынды курс үшін мемлекет 12 миллион теңге жұмсайды: «Қатерлі ісігі бар барлық бала тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде, яғни республикалық бюджет есебінен емделеді. Мәселен, орта есеппен қатерлі ісігі бар бір баланы емдеудің қарқынды курсына мемлекет шамамен 12 миллион теңге жұмсайды».

Баланы емдеуде қаржылық көмекпен қатар, пациенттің және оның ата-анасының психологиялық-әлеуметтік жағдайына да назар аудару керек. Себебі, ауруханада жатқан немесе дәрігер бақылауына өткен бала ғана емес, оның ата-анасы да психолог, әлеуметтік қызметкердің көмегіне зәру. Шетелдік тәжірибеде мұндай көмектің барлық түрі мемлекет тарапынан да, үкіметтік емес ұйымдар, меценаттар және еріктілер тарапынан да жан-жақты көрсетіледі. Әрине, қатерлі ісік дерті диагнозы қойылғанын ересек адамның қабылдауының өзі қиын. Ал балада мұндай аурудың табылуы және оны емдеудегі қиын да күрделі жолдан сәтті өтуі үшін балаға да оның ет жақындарына да кешенді көмек берілуі керек. Біздің елімізде де ондай іс-тәжірибе толығымен енгізілген екен: «Екі республикалық орталықта да АРТ-терапия, топтық және жеке тренингтер жүргізетін психолог командалары жұмыс істейді. Екі республикалық орталықта да смарт-класстар ашылған. Онда балалар медициналық процедуралардан өзге уақытта робототехника, лего-құрастыру, киім тігу бойынша өз дағдыларын дамыта алады, сонымен қатар шахмат ойнап, ағылшын тілін үйренуіне болады. Педиатрия орталығында аурухана клоуны жұмыс істейді. Еліміздің көптеген өңірлерінде балалар онкологтары мен гематологтарының күшімен кішкентай пациенттер үшін түрлі шаралар,  Ашық есік күндері өткізіледі, демеушілер қатерлі дертке шалдыққан  балаларға қолдау білдіріп, сыйлықтар табыстайды. Ал Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы онкология және гематология бөлімдерінің пациенттері үшін Алматы қаласының мұражайларына экскурсиялар, сондай-ақ мерекелік шаралар ұйымдастырылады», – дейді дәрігер.

Баласы қатерлі ісік дертіне шалдықса, ол ауруға ата-ана кінәлі емес. Бұл дерт бала және оның ата-анасы үшін өмірдің бір сынағы. Қазақта «үмітсіз шайтан» деген сөз бар. Ата-ана, баланың жақындары науқастың қасынан табылуы, қолдау көрсетуі, өмірдің қандай сынағында да отбасылық жақындық пен махаббатты назардан тыс қалдырмағаны маңызды. Себебі, қандай дертті де сенім мен төзім жеңіп шығатыны белгілі. 


Ақбота Мұсабекқызы
Бөлісу: