Қауым ұғымын қалай түсінесіз?

22 Тамыз 2014, 10:12

ҚАУЫМ – дәстүрлі қазақы ортада қабылданған кез- келген этникалық ұжымның атауы.

ҚАУЫМ – дәстүрлі қазақы ортада қабылданған кез- келген этникалық ұжымның атауы. Қ. –   әмбебап ұғым – ауыл қауымы, рулық (жетіата), тайпа, жүз және этносты да білдіреді (қ. Ру; Жетіата; Тайпа; Жүз). Соңғысына байланысты қазақ қауымы деген ұғым қалыптасты. Яғни, Қ. отбасынан басқа әлеуметтік ұйымдардың таксономиясы әр деңгейлі болып келген құрылымдардың әрқайсысына байланысты қолданылып отырды. Қ. ұғымының ауыл жұрты, жұртшылық, ел-жұрт, кейде ел мағынасында қолданыла бергендігі сондықтан (қ. Ауыл; Жұрт; Ел; Ел-жұрт). Бірақ, аталмыш ұғымдарға қарағанда, Қ.-ның ұйымдасқан, жұмылған деген институционалдық мәні басымдау болып келеді. Осы тұрғыдан келгенде Қ. социум ұғымының мағыналық эквиваленті деуге болады. Ғылыми әдебиетте Қ. орыс тіліндегі «община» ұғымының қазақша баламасы ретінде орныққандығы сондықтан болса керек.

Дәстүрлі қазақ қоғамының әлеуметтік құрылымының кескіндемесі. Нұрсан Əлімбайдың схемасы

Көшпелі ортада Қ.-ның негізгі құрылымдық, әрі ұйымдық мәйегі туыстық-рулық қатынастар жүйесі болып табылады. Жоғарыда аталғанҚ.-ның таксономиясы әр деңгейлік түрлеріндегі туыстық-рулық байланыстардың іргелі категориялары мен нормалары ұйымдастырушы және реттеуші функция атқарды (ата, әке, бала, әже, ана, аға, іні, қарындас, апа, әкпе, сіңлі, нағашы, жиен, ағайын, жамағайын, ағайыншылық және т.б.).

Қазақ қауымының социум ретіндегі әлеуметтік құрылымы, жоғарыда ішінара айтылғандай, әр деңгейлі, әрі сан салалы болып келеді. Қ.-ның мүшелері салттық, ғұрыптық мәнді институционалдық статусына байланысты ақсүйек және қарасүйек (немесе қара халық, қараша) деп жіктелді (қ. Ақсүйек; Қарасүйек / Қара халық / Қараша).

Институционалды мәнді әлеуметтік-экономикалық мүмкіншілігі мен қауқарына қарай асқан («шіріген») бай, дәулетті бай, орта шаруа, кедей, жарлы, жалшы және т.б. сияқты әлеуметтік жіктерден тұрды.

Ал, Қ.-да аса маңызды ұйымдастырушылық, қорғаныс, ғұрыптық, институционалдық функция атқарған би, батыр, ақсақал (жасы келген адам мағынасында ғана емес), сал мен сері, ақын, жырау, жыршы, күйші сынды категориялардың құрамында жоғарыда айтылған әлеуметтік топтардың айтулы өкілдері де кірді (қ. Би; Батыр; Ақсақал, Сал; Сері; Ақын; Жырау; Жыршы; Күйші). Аталмыш әлеуметтік топтардың қауымдағы ең көрнекті, әрі беделді өкілдерін қамтыған «ырыс ұстағандар» және «игі жақсылар» деп аталатын категориялары көшпелі ортадағы институционалдық қатынасты ұйымдастыру мен реттеуде айырықша роль атқарды (қ. Игі жақсылар; Ырыс ұстағандар).

«Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi»

Бөлісу: