Ауылдық жерлерде тұратын қазақстандықтар үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша квота сақталады

1 Шілде 2022, 12:09 2409

Ауылдық квотамен оқуға түскен «Болашақ» стипендиаттары кепіл мүлігін ұсынбайды

Ауылдық жерлерде тұратын қазақстандықтар үшін «Болашақ» бағдарламасы бойынша квота  сақталады. Ауыл тұрғындары «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындауға конкурстық іріктеуге жеңілдікті шарттар бойынша қатыса алады,– деп хабарлайды El.kz. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі хабарлады.

Халықаралық стипендия қағидаларына сәйкес квота бойынша халықаралық стипендияға соңғы үш жылда ауылда тұратын азаматтар үміткер бола алады. Сондай-ақ, олар ауылдық елдімекенде соңғы екі жылда жұмыс істеуі тиіс.

– Бұдан бөлек ауылдық квота бойынша үміткерлер дипломының орташа баллы - GPA 4.00-ден 2,67-ден кем болмауы қажет. Сонымен бірге мемлекеттік тіл бойынша В1 деңгейінен кем емес, шет тілі бойынша IELTS кемінде 9.0-ден 6.0 емтиханын тапсырғаны туралы сертификаттың болуы міндетті. Үміткерлер мамандықты, мәндес мамандықтарды бакалавр немесе маман дипломы бойынша таңда.й алады, – делінген ақпаратта.

Ауыл тұрғындары құжат тапсырған сәтте шетелдік жоғары оқу орнына өз еркімен түсуге тиіс болмайды. Ауылдық квота бойынша стипендиаттар тілдік дайындықтан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін бағдарлама шеңберінде оқуға ұсынылатын ЖОО тізімінен оқу орнын таңдай алады.   

Естеріңізге сала кетейік, «Болашақ» стипендиясын тағайындау конкурсына ауылдық елдімекеннен шыққан үміткерлерді қоспағанда, жетекші шетелдік жоғары оқу орнынан шартсыз шақыруы бар үміткерлер ғана қатыса алады. 

– Ауылдық квота бойынша түскен стипендиаттың кепіл мүлкі болмаған жағдайда, ол бес кепілгерді ұсына алады. Кепілгер ретінде соңғы 12 жыл ішінде тұрақты табысы бар, ҚР-ның 50 жасқа дейінгі азаматтары бола алады. Оған қоса, ауылдық квота бойынша үмтікерлер үшін еңбекпен өтеу мерзіміне қатысты жеңілдіктер ұсынылады. Өңірлерге жұмыс істеуге баратын түлектер үшін еңбекпен өтеу мерзімі қысқартылды. Олар 5 жылдың орнына 3 жыл еңбекпен өтейтін болады. Біз бұл шара өңірлерге барып, ауылда жұмыс істейтін болашақшылардың үлесін арттыруға мүмкіндік береді деп үміттенеміз, – деп атап өтті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин. 

Айта кетейік, құжаттарды қабылдау және конкурстық іріктеу процесі толығымен автоматтандырылды. Бұл конкурстық іріктеудің ашық өтуін қамтамасыз етті. Үміткерлер еGov мемлекеттік қызметтер порталында өтінім береді және өңірден шықпай-ақ, порталда онлайн іріктеудің барлық кезеңдерінен өтеді.

Естеріңізге сала кетейік, биыл «Болашақ» халықаралық стипендиясымен жетекші шетелдік жоғары оқу орындарына магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша оқуға түсу үшін құжаттар қабылдау 14 қазанға дейін жалғасады. Тағылымдамадан өту үшін құжаттар қабылдау 2022 жылғы 5 қыркүйекте басталып, 14 қазанға дейін жалғасады. 

Биыл магистратура және резидентурада оқу үшін 385 стипендия, докторантура бағдарламасына 60 стипендия бөлінді. 

«Болашақ» бағдарламасының шарттары бойынша, мемлекет студенттерге оқу ақысын, ай сайынғы стипендияны, екі жаққа ұшып қайтуды, медициналық сақтандыруды төлейді. Стипендия мөлшері белгілі бір елдегі қалаға және өмір сүру деңгейіне қарай өзгереді. Мысалы, Нью-Йорк пен Лондонда ай сайынғы стипендия 2 мың АҚШ долларынан асады.

Бөлісу: