Ауылдарды дамытуға 128 млрд теңге бөлінеді

24 Қараша 2022, 17:48 2122

Биыл 576 ауылдың тұрмысын жақсарту жобасына 128 млрд теңге бөлінген

Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Қазақстандағы ауылдарды дамыту мәселесіне тоқталып, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына жұмсалған қаржыны атады, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Оның айтуынша, биыл 576 ауылдың тұрмысын жақсарту жобасына 128 млрд теңге бөлінген. Оның 91 миллионы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, 454 миллионы әлеуметтік инфрақұрылымға, 511 миллионы көлік инфрақұрылымына жұмсалды.

Қазақстанда 6 293 ауылдық елді мекен бар. Онда 8 миллионға жуық адам тұрады, яғни халқымыздың 41 пайызы.

«2019 жылдан бері елімізде «Ауыл - ел бесігі» жобасы жүзеге асырылуда. Оның мақсаты әлеуеті бар 3,5 мың ауылдың инфрақұрылымын дамыту. 2019-2021 жылдары бұл жобаға 200 миллиард теңге бөлінді. Қажетті инфрақұрылымдар 665 ауылда жасалды.  Ауылдың жағдайын жақсартуға жеке инвесторлар да өз үлесін қосуда. 2019 жылдан бері олар 57 миллиард теңге инвестиция салып, 2 мыңға жуық жобаны жүзеге асырды», деді Роман Скляр Сенат отырысында.

Келесі жылы аталған мақсат бойынша 663 ауылды жақсартуға 140 млрд қаржы бөлінеді.

«Ауыл тұрғындарының басты мәселесі - жұмыспен қамту. Бұл бағытта не істеп жатырмыз? «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 66 мың адамды кәсіпкерлікке оқыттық. 10 мың ауыл тұрғыны өз ісін ашуға жалпы сомасы 50 миллиард теңге несие алды. Бұрын Жамбыл облысында пилоттық шара жүргіздік, соған сәйкес ауыл тұрғындарына ӘКК арқылы 2,5 пайызбен несие берілді. Келесі жылдан бастап барлық аймақтарға береміз. Бұл үшін 52 миллиард теңгеден астам қаржы бөлеміз. Осы арқылы 11 мың жұмыс орны ашылады деп күтудеміз», деді Роман Скляр.

EL.KZ
Бөлісу: