Ауылдарда қоғамдық көлік жеткіліксіз, ал асфальтты жол жоқ – мәжілісмен

5 Маусым 2023, 11:11 1376

Қала ішіндегі және кент ішіндегі жолдардың 62,8 мың шақырымы қанағаттанғысыз жағдайда, ауылдардың жолдарында асфальт жоқ. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңірлерде шамамен 2476 қоғамдық көлік жетіспейді. Ол қоғамдық көлікке деген қажеттілік жоғары екеніне тоқталды.

Жергілікті жолдардың сапасыздығы ауылдық аумақтардың арасындағы байланыстың әлсіз болуына алып келеді және олардың экономикалық дамуына кедергі келтіреді. Адамдар қоғамдық көліктің қатты тозып кеткеніне көптеген шағым айтуда. Маршруттық желілер тиімсіз ұйымдастырылған, ауысып жүріп-тұру ыңғайсыз, қоғамдық көліктің жұмыс уақыты шектеулі, қала шетіндегі ауылдарға бара бермейді, - деді депутат.

Осыған орай, уәкілетті мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдар осыған ерекше назар аударуы қажет деп ескерту жасады.

Тасымалдаушыларға берілетін субсидиялар халыққа көрсетілетін қызметтердің жоғары сапасын арттыруға және жаңа автобустар алуға берілуі тиіс. Бұдан басқа, жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеуге және салуға жұмсалатын бюджет қаражатының тиімді пайдаланылуына бақылауды күшейту қажет, - деді Нұртай Сабильянов.

Миражан Махан
Бөлісу: