Ауыл шаруашылығы министрі: Құрғақ сүт өндірісі 25,4%-ға төмендеді

24 Маусым, 11:03 1597

Мәжілісте мал шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу мен экспорттауды дамыту мәселелері туралы Үкімет сағаты өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспары әзірленіп, Үкіметке бекітуге ұсынылған.

Бұл жоспар өңдеуді қолдауды және нарықты ашуды, Қазақстанның өндірушілерін қорғау шараларын пайдалануды көздейді. 100 млрд теңге сомасында 65 тауарлы-сүт фермасын пайдалануға беру жоспарланған, бұл жылына 372 мың тонна сүт өндіруді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Осы шаралар ауыл шаруашылығы саласында бұрын-соңды болмаған және әрі қарай жалғасады, – деді министр.

Жыл сайын шамамен 6,5 миллион тонна сүт өндіріледі, бірақ оның тек 2,1 миллион тоннасы 180 кәсіпорында өңделеді.

Енді тауарлық-сүт фермаларын, суландыруды, көкөніс қоймалары мен құс фабрикаларын қаржыландырумен қатар, тағы 8 бағыт, оның ішінде ауыл шаруашылығын қайта өңдеу бойынша кәсіпорындар да қаржыландырылатын болады, – деді ауыл шарауашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Сондай-ақ министр құрғақ сүт өндірісі 25,4%-ға (7,4-тен 5,5 мың тоннаға), ет консервілері өндірісі 3,9%-ға (6,4-тен 6,0 мың тоннаға дейін) төмендегенін айтты.

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: