Ауыл мұғалімі АҚШ-та оқу грантын жеңіп алды

Бүгiн, 16:03 157

Шетелде білім алу – көп жастың арманы. Алайда бұл жолда кездесетін қиындықтар мен кедергілер әркімнің шыдамын сынайды. Кейбірі алғашқы сәтсіздіктен кейін райынан қайтса, енді бірі мақсатына жету үшін талай жыл еңбектенуге дайын. Сондай табандылық танытып, үш мәрте «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырған ауыл мұғалімі, көпбалалы ана – Ақмарал Байтіленова бүгінде АҚШ-та білім алуға дайындық үстінде.

Оның бұл шешімге келуіне не түрткі болды? Ауыл мектебінің мүмкіндіктерін кеңейту үшін қандай өзгерістер керек? Өзінің тәжірибесі арқылы жастарға қандай кеңес береді? Төмендегі сұхбатта осы және басқа да маңызды сауалдарға жауап береміз.

El.kz: Ақмарал ханым, "Болашақ" бағдарламасына қатысуға не түрткі болды?

Ақмарал Байтіленова: «Болашақ» бағдарламасына мен үш рет құжат тапсырдым. Алғаш рет 2005 жылы 11-сыныпты аяқтап жатқанымда өтініш бердім. Ол кезде ақпарат аз, бағдарлама жайлы мардымды білмейтінбіз. Бірақ бір білгенім – грантты жеңіп алсаң, әлемнің үздік университеттерінде оқуға мүмкіндік бар. Мектепті үздік бітіргендіктен, бұл мен үшін үлкен арман болды. Алайда алғашқы талпынысым сәтсіз аяқталды.

Университетті бітірген соң, тағы да бағымды сынап көрдім. Бұл жолы барлық құжаттарды Астанаға барып тапсырдым. Бірақ тағы да өтпедім. Қолымды бір сілтеп кетпедім, қайта дайындықты жалғастырдым. Кейін Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында магистратураны үздік тәмамдап, тұрмысқа шықтым, отбасылы болдым, жұмыс істедім. Балаларымды мектепке, балабақшаға орналастырып, жұмысқа білекті сыбанып тұрып кірістім. Тек балаларым өскен соң, өзімді қайта сынағым келді. Білім саласындағы түйткілді мәселелерді көріп жүрдім. Осылайша, әлеуметтік желіден бағдарлама бойынша кеңес беретін мамандарды тауып, дайындықты бастадық.

El.kz: АҚШ-та қандай бағытта білім алуды жоспарлап отырсыз? Бұл мамандықты таңдауыңызға не әсер етті?

Ақмарал Байтіленова: Мен АҚШ-та білім беру бағыты бойынша магистратурада оқуды жоспарлап отырмын. Таңдаған мамандығым – «Counselor Education». Бұл мамандықты зерттей келе, елімізге қандай пайда әкелетінімді ойластырдым. Қазіргі таңда оқушылардың мамандық таңдауында қателесуі, жұмыссыздық, білімді жастардың шетелге кетуі секілді мәселелер өзекті. Осы проблемаларды шешу үшін кәсіби бағдар беруді күшейту керек. Менің мақсатым – осы саланы дамытуға үлес қосу.

El.kz: Ауыл мұғалімі ретінде халықаралық білім алудың қандай артықшылықтарын байқадыңыз?

Ақмарал Байтіленова: Ауылда неше түрлі талантты жандар бар. Олар да халықаралық деңгейдегі топ университеттерде оқи алады дегім келеді. Халықаралық білімнің артықшылығы көп-ақ. Білім алу аясы кеңейе түседі, өзіңнің қабілеттеріңді дамыта түсесің, ел-жер көріп келесің, білімің кез келген дамыған елдердегі білімді адамдармен теңесе түседі дегендей.  Тек соны өз еліңе кеп бөлісу керексің деп ойлаймын. Ауылда өкінішке орай көбі осындай бағдарламалардың бар екендігін және оның артықшылықтарын, қатысу ережелерін біле бермейді. Ауыл мұғалімі болып халықаралық білімді игеріп келсең, оны қайта еліңе кеп бөліссең – керемет нәрсе ғой. Ауылда жүріп-ақ осындай бағдарламаларды ұтып алуға болатынын көрсеткім келеді.

El.kz: Көпбалалы ана ретінде, ұстаз ретінде шетелде білім алу – оңай шешім емес. Мұның бәрін қалай үйлестіресіз?

Ақмарал Байтіленова: Әрине, бұл оңай емес. Үйдегі тіршілік, мектептегі жұмыстар, бала тәрбиесі – бәрін қатар алып жүру қиын. Бірақ ең бастысы – қолдау. Егер жарың, жақындарың қолдаса, бәріне үлгеруге болады. Маған жолдасым, ата-енем, бауырларым үлкен көмек көрсетті. Ал балаларым – басты мотивациям.

El.kz: Бағдарламаға түсу барысында қандай қиындықтарға кезіктің?

Ақмарал Байтіленова: Ең алдымен, құжат жинау, тест тапсыру, сұхбат кезеңдері бар. Барлық құжаттарды электрондық үкімет порталы арқылы тапсырдым. IELTS, ҚАЗТЕСТ емтихандарын алдын ала тапсыру керек. Қазақ тілінен тест маған қиын болмады, ал ағылшын тілінен 1 жылдай дайындалдым. Құжаттар қабылданған соң, кешенді тестілеуден өттім. Ал шешуші кезең – тәуелсіз сарапшылар комиссиясымен сұхбат болды. Түрлі сұрақтарға қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде жауап бердім. Бұл кезеңде сенің білімің, мақсаттарың қаншалықты айқын екені тексеріледі.

El.kz: Бағдарлама аяқталған соң, Қазақстанға оралғаннан кейін қандай жоспарларыңыз бар?

Ақмарал Байтіленова: Мен АҚШ елін таңдадым. Себебі әлемдегі ең үздік деген жоғары оқу орындардың көбісі осы елде. Демек АҚШ - білім саласы бойынша кез келген елмен бәсекелесе алатын алпауыт елдердің бірі. Қазіргі таңда таңдап отырған магистратурада оқитын мамандығым  «Counselor Education» деп аталады. Таңдап отырған мамандықты тереңнен зерттей отырып, осы сала арқылы елге қандай пайда әкелетінімді жоспарладым. Себебі таңдаған мамандығым қазіргі қызметіммен тікелей байланысты, яғни жұмыс тәжірибем бар. Алла қалауымен болашақта білім беру саласы бойынша ақсап жатқан мәселелердің азаюы бойынша қызмет ететін боламын.

El.kz: Ауыл мектебіндегі білім сапасын жақсарту үшін қандай өзгерістер қажет деп санайсыз?

Ақмарал Байтіленова: Ауыл мектебіндегі білім беру жүйесін қала мектептерінің білім беру жүйесімен теңестіреміз деп министрліктер тарапынан қаншама жобалар әзірленіп, оны ендіріп, әбігерге түсіп жатыр. Жыл сайын өзгерістер енгізеді. Ең алдымен алшақтықты жою үшін, ауыл мектептері заманауи материалдық техникалық құралдармен жабдықталуы керек. Жарықпен, интернетпен, сумен, жылумен жақсы қамтамасыз етілу керек. Қазіргі таңда «жайлы мектептер» ашылуда ғой. Сол мектептерді ауылда көптеп салу керек.  Ауыл жағдайын дұрыстау  қажет. Себебі ата-анасының әлеуметтік статусы да  баланың білім алу мүмкіндігіне  қатты әсер етеді. Қаржыға кеп тіреледі оның бәрі.Сонымен қатар білім беру ісін­дегі мамандар тапшылығы да өте қатты әсер етеді. Көп ауылдың жағдайы төмен болғандықтан, білімді жастарымыз нәпақасын табу үшін үлкен қалаға кетіп жатады. Болашақ бағдарламасын бітіріп кеп, ауылда жұмыс істеп жатқандар да аз шығар.

El.kz: Шетелде білім алуды армандайтын жастарға қандай кеңес берер едіңіз?

Ақмарал Байтіленова: Ең бастысы – армандап қана қоймай, нақты әрекет ету. Көп ізденіп, дайындалу керек. Кедергілерге мойымай, қайсарлық танытсаң, бәріне қол жеткізуге болады.

El.kz: Сізді жетістікке жетелеген үш қасиетіңіз қандай?

Ақмарал Байтіленова: Біріншіден, бастаған ісімді соңына дейін жеткіземін. Екіншіден, әр ісіме есеп беремін, өзімді дамытамын. Үшіншіден, ізденімпаздығым – менің басты қаруым. Барлығын нақтылап, дәлелмен көрсеткенді ұнатамын.

El.kz: Ақмарал ханым, қызықты сұхбатыңызға рақмет! Алдағы оқуыңызға сәттілік тілейміз!

Лаура Рысбек
Бөлісу: