Түркістан облысының мектептеріне 71 жаңа автобус берілді, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балаларға жан-жақты жағдай жасау, алаңсыз білім алуына қолдау көрсету жөнінде тапсырма берген болатын. Осыған орай, Наурыз мерекесін атап өту жөніндегі онкүндік аясында Түркістанда ауыл мектептеріне арнайы 71 автобус беріліп отыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жаңа автобустардың кілтін тапсырып, көпшілікті қуанышты сәтпен құттықтады. Балалардың қауіпсіздігі, сапалы білім алуы облыс әкімдігінің басты назарында екенін жеткізді.
Алдымен баршаңызды Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Білім саласын дамытуда Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылуда. Жуырда ғана өңірде 1 мыңыншы мектеп ашылды. Облыста білім ұялары тапшылығын жою бағытында жұмыс жалғасады. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 60-тан астам білім ұясы салынады. «Балалар жылы» аясында заман талаптарына сай автобустардың 101-і Түркістан облысының балаларына бөлінді. Бүгін сол автобустардың 71-і ел игілігіне тапсырылды. Тұрғындармен кездесулерде де осы мәселе көтерілетін. Өтініштер орындалды. Әсіресе, өңіріміздің таулы аймақтары мен шалғай елді мекендері бар аудандарында қауіпсіз тасымал мәселелері шешіледі. Ендігі кезекте оқу сапасын арттыруға басымдық беру керек. Білімді ұрпақ қана әділетті қоғамды орната алады. Бұл ретте білім саласындағы жемқорлықпен күресті күшейткен жөн. Жауапты орган басшыларына да ұсыныс берілді. Қоғамның бұл дертімен өзім бастап күресемін және жауапты басқармаға, білім бөлімі басшыларына да әділдікті сақтауды тапсырамын. Жаңа автобустар оқушыларымыздың игілігі үшін қызмет етсін! – деді Дархан Сатыбалды.
«Балаларды тасымалдауға арналған автобустарды сатып алу» инвестициялық жобасы аясында 2022 жылы Түркістан облысына қажетті 101 мектеп автобусын лизинг тәсілімен алу үшін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамымен келісімшарт жасалған.
Бұл автобустар облыстағы тасымалданып оқытылатын 56 ауыл мен бастауыш сыныптары ғана бар 124 елді мекендегі 15 мыңнан астам баланы тасымалдайды. Бұған дейін балаларды мердігерлер есебінен – 169 автокөлік және мектеп баланысындағы 19 көлік тасымалдап келген еді.
Қолданысқа берілген 101 автобустың 71-і 20 орындық болса, 30-ы – 38 орындық. Жаңа автобустар қауіпсіздік белдіктерімен, оқу сөмкесіне арналған сөрелермен, есіктері ашық кезде қозғалысты тежейтін механизммен және тағы да басқа қауіпсіздік құралдарымен жабдықталған. Ыңғайлы әрі ықшам қоғамдық көліктер аудандардағы тасымалданатын оқушылар санына сәйкес үлестірілді. Ең көп автобус Келес, Төлеби, Сайрам, Ордабасы, Сарыағаш және Түлкібас аудандарына жолданды.