Ауыл мұғалімі АҚШ-та оқуға мүмкіндік алды

9 Қыркүйек 2022, 17:31 3163

«Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері Маржан Ержанмен сұхбат.

Бүгінде шетелде оқып, білімін арттырғысы келетін жастардың қатары уақыт өткен сайын көбейіп келеді. Ал жастардың бұл талпынысына халықаралық «Болашақ» бағдарламасы жол ашып келеді.

Қазір Алматы облысы Жібек Жолы ауылындағы орта мектептің математика пәнінің мұғалімі болып жүрген Маржан Ержан да «Болашақ» бағдарламасы бойынша докторантураны АҚШ-та оқуға мүмкіндік алған жастардың бірі.


Маржан Ержан Қытайдағы Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағында дүниеге келіп, бастауыш сыныпты қытай тілінде оқыған екен. Ауылда туып, ауылда өскен Маржан анасының жолын қуып, ұстаздық қызметті таңдапты.

«Бастауыш сыныпты қытай тілінде оқып, 6-сыныпқа дейін қытай мектебінде білім алдым. Әріқарай сол тілде білімімді жалғастыра беруіме болатын еді. Бірақ сол кезде қазақ қыздарының өзге ұлттарға немесе қытайларға тұрмысқа шығу үрдісі көбейіп бара жатқасын, ата-анам қытайша оқуыма қарсы болып, орта жолдан қазақ мектебіне ауыстырды. Себебі, ата-анам ұлттық рухымды жоғалтып алудан қорықты», - дейді Маржан.

17 жасына дейін өзге елде білім алған Маржан ата-анасымен бірге атамекенге қоныс аударады. Ол кездерде құжат жасатып, виза алу өте күрделі мәселе болатын деп еске алды.
«2003-2005 жылдары ағам екеуіміз Қазақстанға келіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-математика мамандығына оқуға түстік. Осында оқып, бакалаврды жақсы тәмамдадым. Әрине, ҚазҰУ бетке ұстар ЖОО-ның бірі. Білім сапасы өте жоғарғы деңгейде. Әсіресе, физика-математика мамандығы бойынша әлемнің кез келген университтерінен кем емес. Салыстырып та көрдім. Осы саланы толығымен игеру мақсатында күндіз-түні еңбектендім», - дейді Маржан.
Математика шынымен де көп еңбекті, логиканы талап ететіні рас. Бакалаврды өте жақсы аяқтаған ол магистратураны оқи жүріп, 2012 жылдан бастап Алматы облысы Жібек Жолы ауылындағы орта мектепте алғашқы еңбек жолын бастайды. Аталған мектепте ұстаздық жолда жүргеніне 7 жыл болыпты. Қаланың гимназиялық мектептерінде де сабақ беріп, тәжірибе жинаған екен.

«Болашақ» халықаралық бағдарламасына оқуға түсу оңай емес екендігі белгілі. Ол үшін білім деңгейінен бөлек, шет тілін білу де өте маңызды. Математиканың маманы ағылшын тілін қалай игергенін сұрадық.

«Мектеп кезінде ағылшын тілін үйренбеген қазақпын. Себебі, Қытайда туып өскендіктен мектепте шет тілі ретінде тек қытай тілі кіретін. Ағылшын тілін үйренуге мүмкіндік болмады. Бакалаврды оқып жүрген кезде де ағылшын тілін білмеуім кері әсер етіп жүрді. Ғылымға, математикаға деген құштарлығым күннен-күнге артқандықтан, магистр-докторлық дәрежесіне дейін көтерілу үшін ағылшын тілін үйренемін деген мақсат қойдым», - дейді.

Қалай, неден бастарын білмеген Маржан ағылшын тілін үйренуге дұрыс жол нұсқаған адам болмағанын айтты. Ағылшын тілін үйренуге деген құштарлығы одан сайын артқан ол күніне сағат бөліп, бірнеше жылда үйренетін тілді бір жылда игеріп шығады.

«Болашақ» стипендиаты Оңтүстік Калифорния университетінде білім саласындағы басқаруды зерттейді. Неге осы мамандықты таңдағанын сұрағанымызда талаптары мен деңгейлері көңілінен шыққандығын айтты.

«Әуел баста қала мен ауыл мектептерінің айырмашылығын аса білмедім. Соңғы үш жыл көлемінде ауыл мектептерінде жұмыс жасаған кезде шынайы айырмашылық бар екенін сездім. Болашақта үлкен басшы болғың келсе, білім саласына үлес қосқың келсе, ауылды да қаланы да көру керек деген ойға келдім. Өйткені, ауылдық мектептерде шыны керек балаларға өте үлкен қолдау керек», - дейді жас маман.

«Болашақ» бағдарламасымен оқып келгеннен кейін бірінші кезекте, ауылдық жерді көркейтуге атсалысамын деген жас маман таңдап отырған мамандығының өзі оқу-ағартуды басқару болғандықтан, осы саланы таңдауына да түрткі болған екен. Ол қала мен ауыл мектептерінің деңгейі бірдей болғандығын қалайды.

«Физика, математика пәні бойынша қалада бір сыныпта 25 оқушы болса, оның 22-сі өз бетімен есеп шығара алады. Ал ауылда ары кетсе соның 3-еуі ғана үлгеріп қатысып отырады. Ал қалған 90 пайызы сабаққа үлгермей қиналады. Тіпті ата-ананың қолдауында да айырмашылықтар бар. Қалалық жерде баланы бақылауға алып, сабағына дейін сұрайды. Қолдаудың төмен болуы да кері әсерін тигізеді», - дейді.

Қала мен ауыл мектептерінің айырмашылығын тілге тиек еткен Маржан ауылдық жерде интернет желісінің нашар ұстауы сабақ беруге де кері әсерін тигізетінін айтты.

Халықтың көп бөлігі ауылдық жерде тұратындықтан, соларға қолдан келгенше көмектесіп, білім сапасын арттырғысы келеді. Ауылдың білімін көтеру, қазақты көтерумен тең деп есептейді.

Балалық шағы өзге елде өтсе де, жүрегі атамекен деп соққан Маржанның Отанға бір пайдам тиіп, бір кірпішісін қаласам деген үлкен арманы бар.

«Мемлекет қаражатымен шетелде оқу әрбір адамға бұйыра бермейтін бмүмкіндік. Қолдау көрсеткен мемлекетке ризамын. Оқуымды тәмамдап келгеннен кейін білім саласында мықты маман ретінде жұмыс жасағым келеді», - дейді «Болашақ» степендиясының иегері.

Барлық армандарға еңбекпен ғана қол жеткізуге болатынын дәлелдеп жүрген қайсар қыз шексіз мүмкіндер қол созым жерде болатынын, тек оған ұмтылу керектігін айтады.

 

Амангүл Тілейқызы
Бөлісу: