«Ауыл аманаты» жобасы қандай мүмкіндіктерге жол ашады?

12 Қазан, 10:00 754

Елімізде 2023 жылдан бастап «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Бүгінде аталған жоба елімізде сәтті жүзеге асырылып, халықтың ауылда еңбек етуіне, жұмыссыздар санының азаюына, сонымен қатар тұрғындардың табысының артуына оң әсерін тигізуде.

«Ауыл аманаты» қандай жоба?

«Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасы ауыл шаруашылығын дамытуға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды бастама. Бұл жоба ел тұрғындарын агробизнеске тарту және ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті қолдауды көздейді.

Бұл жоба президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылдың 26 қарашасындағы ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы негізінде іске қосылған. 2022 жылы «Ауыл аманаты» жобасын кеңінен насихаттау жұмыстары белсенді жүргізілді. «Amanat» партиясы жанынан құрылған мобильді топтар еліміздің әр өңірін аралап, шалғай ауылдардың тұрғындарына дейін жобаның негізгі шарттары мен мүмкіндіктерін түсіндірді. Жалпы айтқанда, 250 мыңнан астам адам бағдарламаның шарттары туралы толық ақпарат алған болатын.

Жоба ауыл тұрғындарына өз кәсібін ашуға немесе қолданыстағы бизнесті кеңейтуге көмектесуге арналған, бұл ауылды жерлердегі экономикалық белсенділікті арттырып, ауылдық аймақтардың дамуына елеулі үлес қосады.

«Ауыл Аманаты» жобасының негізгі қаржыландыру бағыттары:

1)  өңдеу саласына қатысты жобалар;

2) өсімдік шаруашылығын дамыту;

3) ауыл шаруашылығы коперативтерін жабдықтау;

4) мал шаруашылығын дамыту;

5) басқа бағыттағы бизнес жобалар.

Несиенің негізгі шарттары:

1) шағын несие мерзімі 5 жылға дейін; мал шаруашылығындағы жобалар үшін 7 жылға дейін;

2) шағын несиенің ең жоғарғы сомасы - ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларда 2,5 АЕК, яғни (8.6 миллион теңге), зәкірлік кооперация – шағын және орта шаруа (фермерлік) қожалықтары және/немесе ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін 8 мың АЕК (27.6 миллион теңге) дейін;

3) сыйақы мөлшері жылына 2,5 пайыздан аспайды.

Несие талаптары:

1) несие алушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеуде болуы тиіс;

2) басқа несиелері бойынша мерзімі өткен жарналар болмауы керек;

3) мемлекеттік кірістер органдарында берешек болмауы тиіс;

4) кепілмен қамтамасыз ету;

5) зейнет жасына жетпеген;

6) ауыл шаруашылығын жүргізу үшін қажетті жағдайдың (жер телімі, қораның) болуы қажет.

14,5 мың микрокредит берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Ауыл-аймақты дамыту үшін шағын шаруашылықтарды қолдау өте маңызды. «Ауыл аманаты» бағдарламасының елге қажет екені айқын көрінді. Оның келесі кезеңінде жеңілдетілген несие берумен шектеліп қалмау керек. Жеке қосалқы шаруашылық иелері өзара бірігуі қажет. Осыған қажетті жағдай жасалуы керек» деп айтқан болатын.

Президенттің берген тапсырмасы аясында 100 миллиард теңге қаржы бөлінді.  Жоспарға сәйкес, 17 мың микрокредиттен 14,5 мың микрокредит беріліп, 15,5 мың жұмыс орны қамтамасыз етілді.

11,9 мың микрокредит мал шаруашылығын дамытуға, 539 – өсімдік шаруашылығын дамытуға, 411 – техника мен жабдықтар сатып алуға және қызметтің басқа салаларына 1,6 мың микрокредит алуға бағытталған, – делінген Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарламасында.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сәйкес, бағдарлама шеңберінде ауыл тұрғындарының бизнесін дамытудың ажырамас бөлігі ресурстарды біріктіруде және ЖҚҚ өнімін неғұрлым тиімді шарттарда өткізуді қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады, сол арқылы ауыл тұрғындарының табыстылығын арттыратын ауыл шаруашылығы кооперативтері болып табылады.

«Ауыл аманатын» іске асыру кезінде өңірлерде 400-ден астам ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды, оның 321-і 6,7 миллиард теңге сомасына қаржыландырылды.  

Жалпы, 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 3911 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істейді, оның ішінде өсімдік шаруашылығында – 361, мал шаруашылығында – 1510, басқа да қызмет түрлерімен 2040 айналысады, – Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінде. 

2023 жылы олар 67,8 миллард теңге сомасына шамамен 1,2 миллион тонна ауыл шаруашылығы өнімін өндірді, өсімдік шаруашылығында – 22,3 миллиард теңге сомасына 1053,6 мың тонна, мал шаруашылығында – 45,5 милллард теңге сомасына 187,3 мың тонна, бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артық.

«Ауыл аманатына» ұқсайтын бағдарлама жоқ

«Amanat» партиясының хатшысы Эльдар Жұмағазиев «Ауыл аманаты» бағдарламасын халыққа өте тиімді екенін айтады.

«Ауыл аманаты» – бүгінде адамдардың табысын арттыратын жалғыз жоба, оған ұқсайтын бағдарлама жоқ. Біріншіден, 2,5 пайызбен несиені не банктер, не микроқаржылық ұйымдар бермейді. Екіншіден, банктер ауылда қаржылай несие бермейді, себебі онда кепілдікке беретін ештеңе жоқ деп есептейді. Тіпті олар несие берген күннің өзінде 0,4 коэффициентпен береді. Ал «Ауыл аманаты» бағдарламасына 0,7 коэффициентпен несие беру қарастырылған. Мәселен, несие алушының кепілдіктегі үйі бір миллион теңгеге бағаланса, 700 мың теңге беріледі. Ал банктер баспананы бір миллион теңгеге бағаласа, 400 мың теңге ұсынады. Жобаның осындай ұтымды жері бар, – дейді партия хатшысы.

Сонымен қатар Эльдар Тынышбайұлы 2025 жылы «Ауыл аманатына» байланысты халық несие алмас бұрын орталықтарда оқытылатынын да атап өтті.

Өткен жылы 366 ауылдық округке бір-бір несиеден берілген. Бір ауылда тек бір адам несие алса, ол жақтың экономикасы өспейді ғой. Сондықтан қазір партия бір ауылға 50-60 несиені беруді көздеп отыр. Сол кезде ғана экономикасы өзгеріп, ауылдан шығатын тауарлар көбейеді, – деді Эльдар Жұмағазиев.

Партия хатшысының сөзінше, аталған бағдарлама бір орында тұрақтап қалмай, уақыт өткен сайын дамып келеді. Былтырғы кемшіліктер ескеріліп, жобаның тиімділігін арттыру мақсатында жұмыстар атқарылуда.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдауында осы жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет екенін айтқан болатын.

Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек, – деді президент.

Эльдар Тынышбайұлы Қасым-Жомарт Тоқаевтың берген тапсырма аясында «тауар несиесі» келесі жылдан бастап бағдарламаға енеді деп отыр.

Біз «тауар несиесін» мемлекеттік бағдарламалардан несие ала алмайтын азаматтарға бағыттайық деп ұсыныс бердік. Несиесін 90 күннен артық жаба алмай жүргендердің саны 1 миллион 700 мыңнан 2 миллионға дейін жетеді. Олардың бәрі қара тізімде. Сол себепті де «Ауыл аманаты» жобасына ене алмайды. Енді мұндай азаматтарға «тауарлы несие» беру арқылы өз несиесінен құтылуға мүмкіндік жасағымыз келеді. «Тауарлы несие» алатындар өз несиесін де жауып, тауарлы несиені де қайтаруы керек, – деді ол.

Эльдар Жұмағазиевтің айтуынша, 2023 жылғы нәтиже бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасына деген сұраныс Оңтүстік Қазақстанда жоғары болған.

Өткен жылы Түркістан облысында 19 миллиард теңгеге дейін игерілді. Ал биыл Жамбыл облысы, Алматы облысы, Қызылорда облысы, Ақтөбе облысы, Шығыс Қазақстан облысында жобаға деген сұраныс жақсы деп ойлаймын, – деді партия хатшысы.

Эльдар Тынышбайұлы аталған бағдарламаның тиімділігін күн сайын арттыра беру керек деп есептейді. Бұл мақсатта «Amanat» партиясы белсенді жұмыс істеуде.

«Жұмысым жеңілдеп, тапсырысым да көбейді»

«Ауыл аманаты» жобасының қатысушыларының бірі – Ләйлә Беспаева. Ол Үлгілі ауылында бала кезінен армандағанындай тігін шеберханасын ашып, бүгінде кәсібін дөңгелетіп отыр.

Кішкентай кезімде нағашы әжемнің жанынан шықпайтынмын. Ол тігін машинасымен жұмыс істейтін. Әжем ештеңе үйретпесе де, қарап, қызығатын едім. 2010-2011 жылы тігінмен кәсіби айналыса бастадым. Бастапқыда үйіме төсеніш, жастық сынды заттарды  тігетінмін. Кейіннен тапсырысқа қыз жасауына қажетті көрпе-жастықтарды дайындайтын болдым, – деді кәсіпкер.

Осылайша Ләйлә Беделбекқызы өзінің қызығушылығын кәсіпке айналдыруды көздеді. Сөйтіп, ол 2021 жылы «Ауыл аманаты» жобасы туралы естей сала, несие алу туралы ойланды.

Алдымен Алматы қаласына барып тігін машиналарының бағасын көрдім. Сөйтіп, кәсіп бастай алатыныма көзім жеткен соң нақты шешім қабылдадым. 2022 жылы құжаттарымды тапсырып, 2,5 пайызбен 3 миллион 300 мың теңге несие алдым. Сол ақшаға тігін машинасын сатып алдым. Несиені 4 жылға берді. Әр 6 ай сайын 410 мың теңгеден өтеп отырамын, – деді ол.

Ләйлә Беспаева кәсібіне қажетті жіп, мата, мақта сынды заттарды өз қаржысына алған. Сөйтіп, өзінің үйінің жанынан тігін шеберханасын ашып қойды. Қазіргі таңда балабақшадан, түрлі тұтынушылардан тапсырыс алып тұрады.

Тігін машинасын алған соң жұмысым жеңілдеп, тапсырысым да көбейді. Күйеуім, ұлым мен қызым жұмыс істеуге көмектеседі. Еңбегіміздің арқасында шығынды есептемегенде айына 280-300 мың теңге көлемінде табыс тауып отырмыз. Болашақта матрас тігетін станок алсам, шеберханамды үлкейтсем екен деп армандаймын, – деді Ләйлә Беделбекқызы.

2024-2025 жылдары 17 мың жоба жүзеге асырылады

Жамбыл облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы бүгінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізуде.

Бағдарлама аясында агроөнеркәсіп кешенін дамыту, ет және сүт өндіру көлемін ұлғайту, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуді арттыру көзделген.

2019-2022 жылдар аралығында бұл бағдарламаға 18,3 миллиард теңге бөлініп, 4 мыңға жуық жоба қаржыландырылды.

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, бағдарлама нәтижесінде мал басы көбейіп, ет және сүт өндірісі артқан, сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны азайған.

2023 жылы 10 ауданның 38 округіне 24 миллиард теңге бөлініп, оның 18,9 миллиард теңгесіне 3,2 мыңнан астам жоба қаржыландырылды. 2024-2025 жылдары 91 ауылдық округте 45 миллиард теңгеге 17 мың жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр, – дейді Ербол Қарашөкеев.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: