Ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды - Ерлан Қарин

15 Тамыз 2023, 16:25 858

Ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды. Бұл туралы Президенттің мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин Telegram арнасында жазды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Ол 13 тамызда еліміздің 7 облысында 17 ауылдың әкімі сайланғанын атап өтті.

Соңғы екі жылда Президенттің саяси реформалар бағдарламасы аясында ауыл әкімдерін халықтың өзі тікелей сайлайтын болды. Осы уақытқа дейін 1 668 ауыл, ауылдық округ, аудандық маңызы бар қала әкімдері сайланды. Үміткерлердің 75 пайызын саяси партиялар ұсынса, қалған 25 пайызы өзін-өзі ұсынушылар. Сондай-ақ сайланған әкімдердің жартысынан астамы (57,4%) бұрын мұндай қызмет атқармаған. Бұл ауыл әкімдерінің корпусы айтарлықтай жаңарды деген сөз, - деп жазды Ерлан Қарин.

Бұдан бөлек жергілікті әкімдердің құрамы да біршама «жасарды». Бүгінде сайланған әкімдердің орташа жасы 45 жасты құрайды.

Алдағы жексенбіде, 20 тамыз күні 3 облыстағы 21 ауыл әкімінің сайлауы өтеді. 2023 жылдың соңына дейін барлығы 199 елді мекенде жаңадан әкімдер сайланады. Солайша, ауыл әкімдерін сайлау еліміздің саяси өмірінде қалыпты құбылысқа айналды, - дейді ол.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: