Аутизм туралы не білеміз?

1 Сәуір 2016, 03:19

Аутизм жайлы ақпарат тарату күні

2 сәуір – бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні. Қоғамда көп айтыла бермейтін дерттің бірі – аутизм. Аутизм – әлеуметтік қарым-қатынас жетімсіздігіне соқтыратын ми қызметінің бұзылуы.

АҚШ-та әрбір 88 баланың бірі осы дертке шалдыққан болса, Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың нақты саны белгісіз. Себебі, ондай дертті дәл анықтап, диагноз қоятын мамандар да аз. Аутизмге ұшыраған бала негізінен өзімен-өзі қалып, бойын немқұрайлық дендейді де, жан-жағындағы адамдармен араласуы қиындап, қоршаған ортамен қарым-қатынасы үзіледі.

Елімізде бұл ауру туралы ақпарат аз, ал кеселмен күресіп жүргендер көп. Әлем бойынша 67 миллион адам аталған дертпен арпалысса, елімізде дәл осы дертке шалдыққандардың нақты саны белгісіз.

Аутизм – адамның сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл- күйі. Бұл терминді 1912 жылы Э. Блейлер адамның ішкі эмоциялық кажеттіліктерімен реттелетін және шынайы әрекеттерге тәуелділігі шамалы аффективтік саланың айрықша түрін белгілеу үшін енгізген. Аутист балалардың есте сақтау қабілеті жоғары болады. Математика және музыкадан дарынды, бірнеше тілдерді меңгеруі де мүмкін. Бірақ бұл қасиеттер әдеттегі жастан кейінірек байқалады. Сондықтан да бұндай балалар арнайы интернаттарда емес, кәдімгі жанр ортасында тәрбиеленуі қажет.

 

Аутизм – бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Симптом ретінде аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жастан байқалып, бала дамуына кері әсерін тигізеді. Бұл жағдайды ерте балалық аутизм (БЕА) синдромы дейді.Ол болса психикалық даму зақымдалуының бір нұсқасы ретінде қарастырылады. Сонымен қатар бала бойында аутизмнің кейбір клиникалық көріністері байқалса оны аутистикалық тұлғалық қасиеттер деп атайды. Нақты симптом ретінде 2-3 жасқа қарай қалыптасуы мүмкін.

Қазіргі уақытта аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша аутизммен ауырған балалардың себебі орталық жүйке жүйесінің бұзылуы салдарынан болады. Тұқым қуалаушылық фактордың әсері мол екенін көптеген зерттеушілер мойындайды. Сонымен бірге мидың органикалық зақымдалуы да аутист балаларда жиі кездеседі.

Тұқым қуалаушылық хромосомалық өзгерістер, зат алмасу өзгерістері, анасы жүкті және туу кезінде алған жарақаттар, нейроинфекциялар т.б. барлығы да жағымсыз әсер ету мүмкіндігі бар.

 

Кейде аутист бала туған кезде ерекше болады солғын, тамақ сұрап мазаламайды, жөргек суланса және бір жері ауырса сезбейді, өскен кезде ештеңеге қызықпайды, кейбір сөздерді немесе сөйлемдерді қағып алып, түсінбей қайталай береді. Жақын адамдармен анасымен байланысты симбиотикалық, сондықтан жақын адамдарды түсіну, аяу, көну деген ұғым жоқ.

Аутист бала ерке, тәртіпсіз сияқты әсер береді, бірақ диагнозды ерте қойып, ерте емдесе баланы жазып алуға болады. Аутист бала ешкіммен араласпайды, тұйық болады.

Аутизм – ми жұмысының бұзылуынан туатын ауру. Мамандар дерттің 300-ге жуық себебін атап отыр. Бірақ нақты тұжырым, дәйекті дәлел жоқ. Елімізде орташа есеппен 50 баланың бірі аутизмге шалдығады екен.

Аутизмнің алғашқы белгілері қандай болады? Мұндайда баланың жалпы дамуы тежеледі. Мінезі тұйықтала түседі. Атын атап шақырса, елең етпеуі де мүмкін. Өзге балалармен де ойнамайды. Танып-білуге ұмтылмайды. Тіпті жаңа ойыншық та оны қызықтыра алмайды. Яғни, мұндай балада қалау, сағыну, аяныш, өкініш, қамқорлық сияқты адами сезімдердің ешқайсысы болмайды. Оған бәрібір. Өз әлемінде, өзімен өзі өмір сүреді. Тәулік бойы ұйықтамай жүре беруі мүмкін. Ештеңені қажет етпейді.

Мамандар аутизмнің 10 түрі бар екендігін айтады. Әрқайсысы науқас баланың психикалық ерекшелігіне қарай емделеді. Бұл дертке шалдыққан кейбір балалардың интеллектуалдық қабілеті аса жоғары болады. Сенсеңіз аутист ғалымдар да бар. Бұл жағдайды дәрігерлер жоғарыда айтылған психикалық ерекшеліктерге байланысты жіктейді.

Америка психиатры Лео Каннер аутизммен ауыратын балаларды төрт топқа бөледі. Бірінші және екінші топтағы сипаттар осы қыз баланың бойында кездеседі, атап айтсақ ешнәрсеге көңіл аудармау, бұйығылық, адамдардан қорқып оқшаулану, жылау, шыңғыру, өз-өзімен отыру сипаттары, адамның көзіне тіке қарамайды, атын атап шақырғанда үндемей дыбыс шығармай отыра береді, кейде агресивті мінез көрсетеді, сағаттар бойы бір бағытқа қарап отырады. Алғаш мектеп табалдырығын аттаған кезде зейіні шашыраңқы, ойлау, қабылдау, есте сақтау қабілеті төмен болды.

 

Мамандардың пікірінше, аутизммен ауыратын балалардың тәрбиесі күрделі, әрі арнайы дайындықты керек ететін мәселе. Аутизмен ауыратын балалардың ең ауыр дефектісі танымдылық қабілеттерінің дамымағандықтарында. Ми ауруына байланысты қабылдау процесінде , есте сақтау, сөйлеу, жауап беруінде , зейінде ауытқу болады.

Біз жоғарыда 2 сәуір – бүкіләлемдік аутизм жайлы ақпарат тарату күні деп атап өттік. Бұл күні жыл сайын Light It Up Blue флешмобы өткізіледі. Биыл Астана қаласы аталған шараға алғаш рет қосылып отыр. Елордадағы басты көрікті жерлер – «Бәйтерек» монументі мен «Хан Шатыр» СОО сыртқы жарықтандырылуы көк түске боялады. Сонымен қатар, аутизмге шалдыққан балалардың, қалалық спорттық және шығармашылық ұжымдардың қатысуымен акция ұйымдастырылады.

Бұл шараларды өткізу туралы бастаманы «Сенім» психологиялық-педагогикалық түзеу орталығы көтеріп отыр. Акцияға Астана қаласының әкімдігі, психологиялық түзеу орталықтары, аутизмге шалдыққан балалардың ата-аналары мен волонтерлар қолдау көрсетуде.

– Біздің басты мақсатымыз – қоғам назарын аутизм проблемасына аудару, осындай балалар мен олардың ата-аналарына құрметпен қарауды қалыптастыру. Халық аутизм туралы мүлдем хабарсыз, адамдар оның ауру еместігін, оны түзеуге болатынын білмейді. Мұндай балалар кез келген салада жетістікке жете алады, өз елінің игілігі үшін еңбек етеді, олар үшін өздерін түсінбейтін қоғамда болу аса қиын. Біз осы жандардың ерекше әлемін көрсетпекпіз, сол туралы сөз қозғаймыз, – деді ұйымдастырушылардың бірі Гүлфия Әлиева.

Айта кетейік, аутизмнің ресми түсі – көк. Сондықтан осы күні акцияны ұйымдастырушылар ниет білдірген жандарға көк түсті аквагрим жасайды, көк гүлдер, тіпті, көк түсті тәтті-дәмділер таратады. Кешке «Бәйтерек» монументі мен «Хан Шатыр» СОО көк түспен жарықтандырылатын болады. 

6 сәуірде былтыр Астанада ашылған аутизмі бар балаларға арналған «Алтын мирас» орталығының ұйымдастыруымен қайырымдылық кешкі ас беріледі. Жиналған қаржы аутист балаларға арналған шығармашылық шеберханалар жасауға жұмсалады.


Айша КЕРЕЙ

 

Бөлісу: