Аумақтық қорғаныс әскерлерінің құрылғанына 5 жыл

13 Маусым 2022, 18:05 3305

Аумақтық қорғаныс әскерлері 2017 жылғы 13 маусымда құрылған болатын. Олардың міндетіне халықты, объектілер мен коммуникацияларды қарсыластың түрлі әрекеттерінен, диверсиялық немесе террорлық актілерден қорғау кіреді. Осы кезең аралығында әскерлер 6 мыңнан астам әскери міндеттіні оқытып, дайындады деп хабарлайды, –  El.kz сайты Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әскерлердің қызметіне жалпы басшылықты полковник Ризат Қолпашев басқаратын Бас штабқа қарасты Аумақтық қорғаныс департаменті жүзеге асырады.

Барлық облыс орталықтары мен республикалық маңызы бар қалаларда бейбіт уақытта қысқартылған құрамда ұсталатын және төтенше немесе соғыс жағдайы режимдерін енгізу кезінде жергілікті халық арасынан әскери міндеттілерді шақыру арқылы өрістетілуі мүмкін аумақтық әскерлер құрамалары жұмыс істейді.

Бастапқыда бұл бөлімшелер жергілікті атқарушы органдардың коммуналдық мемлекеттік мекемелері ретінде жұмыс істеген болатын.

2018 жылғы сәуірде әкімдіктердің жанындағы аумақтық қорғаныс құрамалары Қазақстан Республикасы Қарулы күштері аумақтық әскерлерінің әскери бөлімдері болып қайта құрылды. Сол жылғы мамыр айында өткен Жауынгерлік парадта Мемлекет басшысы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдеріне құрамалардың жауынгерлік туларын табыс етті. Жылдың соңында, яғни желтоқсан айында әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері бойынша әкімнің көмекшісі лауазымы енгізілді. Оған әскери қызметте қажетті тәжірибесі бар Қарулы күштердің офицерлері тағайындалды.

Жергілікті атқарушы органдар жыл сайын аумақтық қорғаныс бөлімшелеріне тіркелген әскери міндеттілердің жиынын өткізіп тұрады. Аумақтық әскерлер мен жергілікті атқарушы органдар лауазымды адамдарының оқу-жаттығулары мен біліктілігін арттыру курстарын өткізу де бір жүйеге түскен.

Бүгінде Аумақтық қорғаныс әскерлері Қарулы күштердің ауқымы кең оқу-жаттығуларына тұрақты түрде қатысып, өздерінің міндеттерін сәтті орындап жүр.

Бөлісу: