Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 47% артты

27 Маусым 2018, 16:17 6722

Агроөнеркәсіптің ішкі нарығы қалай?

Соңғы 3 айда ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 47% артты. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев тұрғындармен есептік кездесу барысында айтты.

Соңғы жылдары еліміздің қол жеткізген бәсекеге қабілеттілік деңгейін қолдау әрі оның одан әрі кеңеюі үшін бірқатар істер атқарылуда. Мәселен, ауылшаруашылығы саласында агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеудің тәсілдері қайта қаралып, ішкі нарықтың қорғалуына, сыртқы сауда нарығын кеңейтуге, сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға және агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға баса назар аударылып отыр.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев шаһар тұрғындарымен өткізген есептік кездесуінде елімізде өндірілген ауыл шаруашылығы өнімдері 3,9%-ға, ал тамақ өнімдері 6,3%- ға артқанын мәлімдеді.

Ведомоство басшысының айтуынша, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 3 айда 47%-ға өскен. Оның ішінде өңделген өнімдер экспорты 26%-ға ұлғайыпты. Ауыл шаруашылығына салынған инвестициялар көлемі 1,4%-ға өсіп, 88 млрд. теңгені құраған.  Бұдан өзге 2018 жылы егістік жерлер көлемін 50,2%-ға (11,4 млн. га) қысқарту жоспарланғаны сөз болды.

Ауыл шаруашылығы министрі келтірген деректерге сенсек, еліміздегі мал мен құс саны орта есеппен 4,1%-ға ұлғайған. Сонымен қатар өндірілген ет көлемі 345,1 мың тоннадан 361,6 мың тоннаға көтерілсе (4,8%-ға) сүт өнімдері 2,5%-ға (1942,9 мың тоннаға 1992,5 мың тоннаға), жұмыртқа 15,7%-ға (1896,1 млн. данадан 2194,4 млн. данаға дейін) артып отыр.

Қазіргі уақытта ішкі нарықты азық-түліктің негізгі 30 түрінің 25-і қамтамасыз етілсе, бұл 80% деген сөз, ал кейбір түрлері бойынша 100% құрап отыр. Импортталатын тауарлар санатындағы құс еті, алма, ірімшік және сүзбе, шұжық, қант, балық өнімдері бұл тізімге кірмейді.

Мемлекет басшысы халыққа кезекті Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен саласындағы еңбек өнімділігін түбегейлі ұлғайту әрі қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімі экспортының өсімін 5 жыл ішінде кемінде 2,5 есеге арттыру міндетін қойған болатын. Ауыл шаруашылығы саласы мамандарының пікірінше, бұл міндетті шешіп, осы саланы дамыту үшін мүлде жаңа көзқарас керек. Десе де бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылуда.

Аталмыш тапсырмаға сай Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары позициялары анықталды. Ең алдымен, ет өнімдері, сиыр және қой етіне басымдық беріліп отыр. Бұған қоса сүт өнімдері, құс еті, жемістер мен көкөністер бойынша импорттан арылуымыз керек.

Сала мамандарының болжамынша, осы мәселелерді шешу арқылы саланы дамытуда жаңа әдістерді талап етеді. Жоғарыда аталған міндеттерді назарға ала отырып, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі агробизнес және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін жұмылдыра отырып, 2017-2021 жылдарға арналған Қазақстан Республикасы агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасына түзетулер енгізу бойынша жұмыс жүргізуде.

Мамандар 10 немесе одан да көп жылдар бойы жүзеге асатын ұзақ мерзімді салалық бағдарламалар әзірледі. Жобалық басқару стандарттарына сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің негізгі бағыттары бойынша іске асатын болады. Бұл – ет және сүтті мал шаруашылығына, құс шаруашылығына, суармалы жерлерді дамытуға қатысты бағдарламалар. Министрдің айтуынша, сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама аясында саланы цифрландыруға, техникалық реттеуге, ауылдық аумақтарды дамыту мен салық салу мәселелері қарастырылатын болады.

Мемлекеттік бағдарламада 10 міндет тайға таңба басқандай жазылған. Олар – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаржыландырудың қолжетімділігі, тиімді салық салу, жер және су ресурстарын тиімді пайдалану, нарықтарға қол жеткізу және экспортты дамыту, аграрлы ғылым, техникалық жабдықтау мен өндірісті жандандыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасы мен цифрландыру, ауылдық жерлерді дамыту. Қорыта айтқанда, мемлекеттік бағдарлама агроөнеркәсіптік кешен салаларын дамытудың негізгі шарттарын қамтамасыз етеді деп күтілуде.

Бөлісу: