Ауғанстандағы қазақтар туралы деректі фильм көрерменге жол тартты

10 Маусым, 22:18 748

Астанада «Ауғанстандағы қазақтар» деректі фильмінің жабық көрсетілімі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Деректі фильмнің авторы - «Жалғыз жолаушы» YouTube арнасының жүргізушісі Санат Ілияс.

Деректі фильмде Ауғанстандағы қазақтардың тұрмыс-тіршілігі мен өмір салты көрсетіледі.

Деректі фильмді түсіруге Ауғанстанға жалғыз аттандым. Түсірілім 6 күнге созылды. Жабық көрсетілімді ұйымдастыруымның себебі сол жақтағы қазақтардың сәлемдемесін отанына жеткізу болды. Фильмнің негізгі мақсаты - Ауғанстандағы қазақтарды елге қайтару. Түсірілімге дейін Ауғанстандағы қазақтармен сөйлестім. Солардың бірі Асадулла есімді ағай Мазари-шариф қаласында тұрады. Мені сол кісі Ауғанстанға шақырды, өзі күтіп алды. Ауғанстандағы қазақтар бұл сапарымда көп көмектесті, - деді Санат Ілияс.

Ол Ауғанстандағы сапары кезінде тап болған бірқатар қиындыққа да тоқталды.

Тәртіп сақшыларымен бірге тергеу болды. Тергеудің өзі арнайы намазханада өтеді екен. Бүкіл видео-камераларымды, паспортымды тексерді. Менің саяхатшы екенімді түсінді, жергілікті қазақтар да көмектесті, - деді деректі фильмнің авторы.

Отандастар қорының бұрынғы президенті Абзал Сапарбекұлының айтуынша, «Жалғыз жолаушы» жобасы аясында Санат Ілияс шетелдегі қандастар туралы көптеген деректі фильмдер түсіріп келе жатқанын атап өтті.

Мен бұрын «Отандастар» қорында жұмыс істеп жүрген уақытта осы Санат бауырымызбен Моңғолиядағы қазақтар туралы арнайы екі материал дайындаған болатынбыз. Бұл Санат бауырымыздың жұмысының бір бағыты ғана. Ал Ауғанстан - жалпы зерттелмеген география. Ол жердегі қазақтардың бар-жоғы туралы әлі күнге дейін көптеген пікірталастар бар, - деді Абзал Сапарбекұлы.

Сондай-ақ спикер бұл фильм ерекше екенін және көрерменнің көңілінен шығатынына сенім білдірді.

Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт Ауғанстандағы қазақтар туралы деректі фильмнің жабық көрсетіліміне келіп өз пікірін білдірді.

Мен журналистің жанкештілігіне қатты таңғалдым. Ауғанстан қандай мемлекет екенін бәріміз білеміз. Соған тәуекел етіп, жалғыз өзі сол жердегі қазақ бауырларымыздың тұрмыс-тіршілігін ғана көріп қоймай, олармен бірге жатып, бірге тұрып, сол жолды аяғымен жүріп өткен журналистің еңбегіне мойынсұндым. Бұл нағыз сапалы контент. Егер халықаралық байқауға қатысатын болса, көптеген авторларды шаң қаптырып кететіні анық. Жолы болсын, - деп Дана Нұржігіт ақжарма тілегін білдірді.

Миражан Махан
Бөлісу: