Ауған соғысы ардагерлері арасында спорттық турнир өтті

11 Ақпан, 13:51 930

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Кеңес әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығарудың 35 жылдығына арналған іс-шаралар кешенін өткізу аясында Ауған соғысы ардагерлері мен ведомство қызметкерлері арасында үстел теннисі мен шахматтан турнир ұйымдастырды, деп хабарлайды Еl.kz ақпарат агенттігі. 

Спорттық жарысқа ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов, Ауған соғысы ардагерлері, ҚР ЕХӘҚМ орталық аппаратының және ведомстволық бағынысты ұйымдарының өкілдері қатысты.

2024 жылғы 15 ақпанда Кеңес әскерінің Ауғанстан жерінен шығарылғанына 35 жыл толады. Бұл соғысқа 22 мыңнан астам қазақстандық қатысты, онда 889 адам қаза тауып, 19 адам хабар-ошарсыз кетті, 3 мыңнан астам адам мүгедек болып оралды.

Қазіргі кезде ардагерлеріміз жастарымызды отансүйгіштікке, адамгершілік пен рухани тұрғыдан тәрбиелеу жолында өз үлесін қосып келеді. Бүгінгі турнир Ауған соғысы ардагерлері мен ведомство қызметкерлері арасындағы байланысты одан әрі нығайту мақсатында ұйымдастырылды, - деп атап өтті вице-министр Ербол Оспанов.

Турнир нәтижесінде үстел теннисінен Ауған соғысы ардагері Нұралы Әубәкіров бірінші орынды иеленсе, Еңбекминінің қызметкері Азамат Алғазимов екінші орынға жайғасты, ал үшінші орынды Ауған соғысы ардагері Сергей Саруханян мен Еңбекминінің қызметкері Нұрсұлтан Нұрланов өзара бөлісті.

Шахмат турнирінің қорытындысы бойынша «ЕРДО» АҚ командасы жеңімпаз атанды. Екінші орынды – Еңбекмині командасы, Үшінші орынды – «МАК» АҚ командасы иеленді.

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медальдармен және алғыс хаттармен марапатталып, оларға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Кеңес әскерінің шектеулі контингентін Ауғанстаннан шығарудың 35 жылдығына арналған іс-шаралар шеңберінде ҚР ЕХӘҚМ мен ведомстволық бағынысты ұйымдардың командалары арасында шағын футболдан жолдастық кездесу өтеді.

Жансая Әділбек
Бөлісу: