Ауған халқы әл-Фарабиді өз ата-бабасы ретінде санайды - СІМ

31 Шілде 2023, 16:01 718

2 -4 тамыз аралығында Астана қаласында «Қазақстан-Ауғанстан бизнес-форумы» өтеді. Бұл туралы Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тұмыш айтты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол сондай-ақ бұл бизнес-форум Қазақстан Ауғанстанның дефакто Үкіметін танығанын білдірмейтінін жеткізді.

Форумды Қазақстанда өткізу туралы шешім Ауғанстанның де-факто үкіметін тану фактісі болып табылмайды. Бұл мәселеде біз бұрынғыдай Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдерін қатаң ұстанамыз,- деді Қанат Тұмыш.

Форумға екі елдің мемлекеттік органдары, квазимемлекеттік сектор мен іскер топтарының 400-ден аса өкілдері қатысады.

Оның айтуынша, бұл Ауғанстан экономикасына қолдау білдіру мақсатында жасалып отыр.

Өз тарапымнан, бірнеше маңызды аспектілерге тоқталғым келеді.Қазақстан мен Ауғанстан халықтары тарихи тамыры ортақ, ежелден бері бір аймақты мекен етіп келе жатқан, көршілес, салт-дәстүрлері мен тағамдары ұқсас елдер. Ауған халқы да біздер секілді әл-Фарабиді мақтан тұтып, өз ата-бабасы ретінде санайды, - дейді Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Ол шын мәнінде ауған халқы терең тарихы мен мәдениеті дамыған ел екенін тілге тиек етті. Ауғанстаннан ислам өркениетінің алтын ғасырларында көптеген ғұламалар шыққанын айтты.

 Жалпы ауғандықтар өте еңбекқор халық, керемет қолөнершілер, зергерлер, диқаншылар. Халықаралық қоғамдастықтың бірлескен күш-жігерімен Ауғанстан көршілерімен бейбіт өмір сүретін және өзінің халықаралық міндеттемелерін ұстанатын тәуелсіз және тұрақты мемлекет бола алады деп сенеміз. Қазақстан, халықаралық қоғамдастықтың басқа мүшелері сияқты, Ауғанстанның тұрақсыздыққа айналуына жол бермеуі тиіс. Тапсырма күрделі, бірақ орындалады,- дедіТұмыш.

Ол ауған халқының  үштен екісі гуманитарлық көмекке мұқтаж, 24 миллионнан астамы аштыққа ұшырайды деп айтты.

 ДДҰ мәліметтері бойынша елдегі эпидемиологиялық жағдай нашарлайды. Мұның бәрі экстремизм мен терроризмді күшейту үшін қолайлы жағдай жасайды, бүкіл Орталық Азия аймағына қауіпсіздікке қауіп төндіреді, - деді ведомство өкілі.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: