Әуе қорғанысы күштері мен Astana International University ынтымақтастық туралы келісті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі
Тараптар білім беру, ғылыми және практикалық салалардағы ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды. Іс-шараға Astana International University ректоры Серік Ирсалиев, Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары полковник Талғат Сыздықов, Ақмола гарнизоны әскери бөлімдерінің өкілдері қатысты.
Меморандум қызметтің түрлі салаларында бірлескен оқу-білім беру бағдарламаларын әзірлеу мен іске асыруды, ғылыми зерттеулер жүргізуді, оларды практикадан өткізуді және тәжірибе алмасуды көздейді.
Тараптар бірлескен кездесулер, форумдар мен конференциялар өткізуге ниет білдірді. Семинарлар мен онлайн-вебинарлар шеңберінде қорғаныс ведомствосының психологиялық қызмет мамандары психологияның әртүрлі салаларында өз құзыреттерін ақысыз негізде жақсарта алады. Ынтымақтастық кадрларды даярлау және бірлескен жобаларды іске асырудың жаңа көкжиегі болмақ.